Президент • 13 Шілде, 2020

Жағдайды тұрақтандыруға – екі апта (Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында нақты тапсырмалар берді)

320 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс режімінде өткен Үкі­меттің кеңейтілген оты­­ры­сына Премьер-Ми­нис­тр Асқар Мамин, Пре­зидент Әкімшілігінің Бас­шысы Ер­лан Қошанов, Үкімет мүше­лері, облыс­тар мен Нұр-Сұл­тан, Ал­маты, Шымкент қала­­ла­рының әкімдері, орта­лық мемлекеттік орган­дар­дың және ұлттық ком­па­ния­­лардың жетекшілері қа­тысты.

Жағдайды тұрақтандыруға – екі апта (Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында нақты тапсырмалар берді)

 

Үкіметтің тағдырын алдағы екі апта шешеді

Президент алдында Үкі­мет басшысы еліміздің 2020 жылдың бірінші жар­ты­жылдығындағы әлеу­мет­тік-экономикалық даму қоры­тындысы және экономиканы одан әрі дамыту бойынша қабыл­данып жатқан шаралар туралы есеп берді. Мемлекет басшысы Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаевтың, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың, Ұлт­тық экономика министрі Рус­лан Дәленовтің, Білім және ғылым министрі Ас­хат Айма­ғамбе­товтің, Эко­логия, геология және та­биғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мырзағалиевтің, бір­қатар облыс әкімдерінің сөзін тыңдап, оларға сұ­рақтар қойды. Кейбірінің жұмыстарындағы кем­шілік­терді ескертті. Прези­дент тіпті Үкіметтің құра­мы ту­ра­лы мә­селенің қозғалуы да мүм­­кін екенін жасырмады. Бұл реттегі шешім ал­дағы екі апта­­­дағы ахуалға бай­ланысты қабыл­данбақ.

Мемлекет басшысына беріл­ген есеп бойынша жаһандық теріс ықпалдардың аясында биыл бірінші жартыжылдықта Қа­зақстанда ІЖӨ-нің төмен­деуі орын алды. Бұл ретте эко­но­­миканың нақты секторында тұрақты өсім байқалған. Та­уарлар өндірісі 4,1%-ға өскен. Негізгі драйверлер құрылыс (+11,2%) және өңдеу өнеркәсібі (+4,8%) болды, олар­дың өсімі автомобиль жасау (46%), фармацевтика (24%), дайын металл өнімдерін өндіру (20%), же­ңіл өнеркәсіп (8%), резина және пластмасса бұйымдарының (8%) және қағаз өндірісі (15%) есебінен қам­тамасыз етілді. Со­ны­мен қатар тау-кен өндірісі өнер­кә­сібінде (2,2%) оң динами­ка бай­қалды. Еліміз бойынша тұр­ғын үйлерді пайдалануға беру 7,3%-ға өсті. Дегенмен, төтенше жағ­дай режімі мен карантиндік шек­теу шараларын енгізу аясында биылғы 6 айда қызмет көрсету сек­торында 5,6%-ға төмендеу бай­қалған. Жылдық инфляция 7% құрады.

Елімізде әлеуметтік-эко­­номи­калық дамудың бар­лық негізгі көрсеткіштері бойынша орташадан жоғары деңгейдегі өсім Қарағанды, Сол­түстік Қазақстан облыс­тарында қамтамасыз етілді. Қос­танай, Алматы, Жамбыл, Ақ­мола, Шығыс Қазақстан об­лыс­тарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қа­лаларында бар­лық негізгі көр­сеткіштердің оң екені, Батыс Қазақ­стан, Түркістан және Ақтөбе облыс­тарында, сондай-ақ Шым­­кент қаласында жекелеген көр­сеткіштердің те­ріс екені бай­қал­ды. Қызыл­орда, Атырау, Пав­лодар жә­не Маңғыстау облыс­тары көп­теген көрсеткішпен орташа рес­­публикалық деңгейден артта қалған.

«Қазіргі кезде Үкіметтің не­гізгі міндеті – коронавирус ін­детінің және жаһандық дағда­рыстың теріс салдарын жою, елі­мізде жұмыспен қамтуды қол­дау. Осы мақсатта ауқымды ша­ралар қа­былданып жатыр», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы төтенше жағ­дай кезеңінде экономика­ны тұрақтандыру және тұрғын­дарды қолдау бойынша жедел және шұғыл шаралардың 2 топ­­тамасы (биылғы 23 және 30 нау­рызда) қабылданғанын атап айтты. 2020 жылдың со­ңына дейін Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жос­пар аясында тұрғындардың іс­керлік белсенділігін ын­талан­дыруға, жұмыспен қамтуды және табысын қолдауға бағытталған нақты салалық шаралар іске асырылуда. Жаңа редакциясында 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды әзірлеу жұмысы жүр­гізілуде, ол еліміздің орта­ша мер­зімді перспективаға ар­нал­ған жаңа экономикалық ба­ғы­тының негізгі бағдарларын айқындайды.

Қазақстанның жаһандық дата-хаб ретінде дамуы аясында 110 млрд теңгеден астам тар­тылған инвестициялармен 32 дәстүрлі және 17 ірі тау-кен деректерді өңдеу орталығы салынды. 2024 жылға дейін 633 млрд теңгеге қосымша инвес­тиция тарту және 2 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Премьер-Министр Үкімет бизнеске салықтық жүктемені жеңілдетумен және бюджет шығыстарын экономикалық белсен­ділікті қолдауға бағыт­тай отырып, контрциклді ма­кро­­экономикалық саясатты іске асыруды жалғас­ты­ратынын атап өтті. Адами капиталды дамыту, инс­ти­туционалдық реформаларды іске асыру жөніндегі жұмыстар жалғастырылады, тікелей шет­елдік инвестицияларды жаппай тарту және цифрлы инфрақұрылымды дамыту үшін жағдай жасалады.

«Үкімет экономиканы тұ­рақ­тандыру, жұмыс­пен қамту деңгейінің тұрақ­ты­лығын қам­тамасыз ету және ха­лық­­тың табысын қолдау жө­ніндегі міндет­терді шешуге ба­ғытталған бар­лық қажетті ша­раларды қабыл­дайды», деді А.Мамин.

 

Өрескел қателіктер жіберілді

Қасым-Жомарт Тоқаев жиында сөй­леген сөзінде жыл басынан бері ұлт­тық эконо­миканың күрделі жағ­дайда дамып келе жатқанын атап өтіп, ел эко­но­­ми­касының жалпы 1,8%-ға төмен­деге­нін айтты. Еліміздегі эпидемиялық ахуал әлі де күрделі. Прези­дент­тің тапсырмасы бойынша коронавируспен күрес барысында шұғыл мәселелерді шешу үшін қосымша 150 млрд теңге бөлінеді. Басты мақсат – коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату және науқас­тарды ем­деу ісінде нақты нә­тижелерге қол жет­кізу. Ін­детке қарсы күрес карантин шаралары нақты сақталған кезде ғана нәтижелі болады. Мұны шетелдердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Полиция жә­не санитарлық дәрігерлер карантин режімінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ толыққанды меди­циналық көмек көрсету және қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету де ма­ңызды міндет.

– Денсаулық сақтау минис­трлігі бас­қару ісінде бірқатар өрескел қателіктер жіберді. Әкімдердің көпшілігі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Үкімет те бақыламады. Жі­бе­­рілген қателіктер мен ол­қы­лықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет. Бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тек­серіс жүргізіп, маған ұсы­ныс беруі керек. Тергеу жүргізу қажет болатын болса, «СҚ Фар­­­мация» басшылығын жұ­мыс­­тан босату керек. Соңғы кездері Мінд­етті медициналық сақтандыру қоры төңірегінде әңгіме көп. Аталған қорға бай­ланысты түрлі қауесеттер мен өсек әңгімелер болмауы үшін оның бас­шылығына өзін сөзбен емес, іспен көрсе­тетін адамды қою керек. Үкімет өз тарапынан қордың жұмысына талдау жа­сауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл аген­т­­тігінің төрағасы Алик Шпек­­­баевқа «СҚ Фармация» ұйы­­мының жұмысында сыбайлас жемқорлық көріністерінің бар-жоғын тексеруді тапсырды.

Сонымен қатар Президент барлық өңірді тез арада дәрі-дәрмекпен қамта­масыз ету керектігін, індет кезінде дәрі сату арқылы пайда тапқысы келгендерді қатаң жауапқа тарту қажеттігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев мұның ұлт­тық қа­уіпсіздік мәселе екенін ескере оты­рып, мемлекеттік ор­ган­дарға аса қа­жет­ті дәрі-дәр­мектердің және медици­на­лық б­ұйымдардың жеткілікті қорын қалып­­тастыруды мін­деттеді.

– Қазақстанда дәрі мен ме­­ди­циналық бұйымдардың көп­теген түрін өндіруді жолға қоятын кез келді. Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда? – деді Президент.

Мемлекет басшысы пан­де­мияға қа­тысты барлық ше­шімдерді жедел қа­былдауды тапсырды. Сондай-ақ Ден­сау­лық сақтау министрінің нұс­қаулары мен талаптарын Үкі­меттің өзге мүшелері мен әкімдер бірінші кезекте орындауы тиіс деді. Жиын барысында Президент Үкіметтің жалпы құрамына да ескерту жасады.

– Пандемия кезінде Ден­саулық сақ­тау министрін ерекше мәртебеге және құзыретке ие деп есептеңіздер. Минис­тр­лікке пандемиямен күрес жө­ніндегі күнделікті есептің және ақпараттың берілуін қамтамасыз етуді Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын. Қа­лыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміт­тенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туын­дайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

1

 

Қаржыға қатаң қадағалау қажет

Мемлекет басшысы панде­миямен күреске және эконо­микалық дағдарысты қайта қал­пына келтіруге бөлінген қар­жыға қатаң бақылау жасау­ды Есеп комитеті мен Пре­зидент Әкімшілігіне тапсырды. Үкімет мүшелері бірінші кезекте дағ­дарыс­қа қарсы қабылданған шешімдердің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке аталған салаларды және ахуал қиындаған жағдайда халықты қолдау үшін қосымша шаралар әзірлеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін іске қосылған «Қара­пайым зат­тар экономикасы» бағдар­ла­масының жүзеге асырылу барысын сынға алды. Оның қар­жыландырылуы 1 трлн тең­геге дейін жеткен.

– Аталған бағдарлама им­порт­ты алмастыру және жұ­мыспен қамту үшін маңызды бастама ретінде қолға алынған. Бірақ 1,5 жыл ішінде бұл бағдарламаның шарттары 6 рет қаралды. Ал жалпы бө­лінген 200 млрд теңгеден сәл асатын қаржының бестен бірі ғана игерілген. Өңдеу өнер­кәсібіндегі субъектілердің са­ны және халық тұтынатын та­уарлар импортының үлесі бұ­рынғы деңгейде қалып отыр. Яғни нақты мақсаттар мен мін­деттемелерді айқындап ал­май, ақша бөлеміз. Басқаша айтқанда, атаулары жақсы бас­қа бағдарламалар сияқты «Қа­­рапайым заттар эко­но­ми­­касының» да сәт­сіз­дікке ұшы­рау қаупі туындады. Осы­дан қорытынды шешім шығару керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент 1 трлн теңге қар­жы бөлінген Жұмыспен қамту жол картасының жүзеге асырылу барысында да көптеген мәселе бар екенін айтты.

– Жоспарда көрсетілгендей 255 мың емес, 150 мыңға жу­ық адам ғана жұмысқа орналасты. Жобалардың дені, не­гізінен, жөндеу жұмыстарына бағытталған. Бұл бастамалар азаматтарды биылғы қазан айына дейін уақытша жұмыспен қамтамасыз етеді. Әрі қарай не істейміз? – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкімет пен әкім­дер­дің шұғыл түрде тұрақты жұмыс орын­дарын кө­бейтуге кірісуі керек екенін айтты. Сондай-ақ жекелеген са­лық­тардың мөлшерлемесін арттыру мәселесі бойынша өзінің пікірін білдірді.

– Үкіметте бюджеттің кіріс бөлігін арттыру мәселелесі тал­қыланып жатыр. Сондай-ақ жекелеген салық түрлерінің, оның ішінде корпоративтік табыс салығы мен қосымша құн салығының мөлшерлемелерін арттыру мәселелері қарас­ты­­рылуда. Бюджетке түсе­тін қар­жыны көбейтудің ең қа­ра­пайым тәсілі осы болған­дықтан Үкіметті түсінуге болады. Бірақ экономиканы жандандыру керек деп салықты ойланбай, біржақты арттыру онсыз да күрделі әлеуметтік-эко­номикалық жағдайды қи­ын­датып жіберуі мүмкін. Сон­дықтан аталған мәсе­лені барынша ақылға салып шешу қажет, – деді Президент.

Бюджет тұрақтылығын қам­тамасыз ету үшін тиімсіз шы­ғындарды қысқарт­қан жөн. Экономика үшін тиімділігі аз салықтық жеңілдіктердің есе­бінен қо­сымша резервтерді қарастыру ұсы­нылуда. Прези­дент мемлекет-жекемен­шік серіктестіктер жо­баларының жүзеге асырылу барысында мем­лекеттің міндет­темелеріне, сондай-ақ мемлекеттік ин­фра­құрылымдық бағдарламалар аясында отандық өнімдердің үлесін сақтауға қатысты мәселе барын айтты.

– Аталған мемлекеттік бағ­дарлама­лардың жыл сайынғы қаржыландырылуы 2,8 трлн теңгеге жуық. Яғни біздің эко­номикамызға 2,5 трлн тең­ге құйылуы тиіс. Мұның жұ­мыс­пен қамтуға және са­лыққа оң ықпалы болар еді. Ал іс жү­зінде мемлекеттік органдар мен бас мердігерлерде жос­­парлаудың бірыңғай жү­йесі, есептілік пен есепке алу, қатаң жауапкершілік жоқ. Отандық өнім жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысы көбінесе «көзбояушылықпен» жүргізіледі. Бизнес жоспар­ланған жұмыстың ауқы­мын, қажетті тауарлардың тізімін біл­мейді. Отандық өнімді есепке ала отырып бекітілген жобалық-сметалық құжаттар бірнеше рет өзгеруі мүмкін. Соңында бәрібір шетелден сатып алынады, – деді Мемлекет басшысы.

 

Азық-түлік қауіпсіздігі – стратегиялық мәселе

Пандемия елді азық-түлік­пен қамта­масыз етудің әлсіз тұс­тарын көрсетіп берді. Ха­лық­тың табысы азайды, бірақ әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарлары қымбат­тай түсті.

– Азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттау индексі елдегі инфляция индексінен 1,6 есеге асты. Астық сақтайтын заманауи инфрақұрылымның болмауы да – түйткілді мәселе. Сондықтан диқандар өнімдерін егістік алқабында сатуға мәжбүр. Кейде, тіпті, ысырап болатын жағдайлар да кездеседі. Солтүстік Қазақстан (18%), Түркістан (21%) және Алматы (25%) облыстары көкөніс қоймаларымен нашар қамтамасыз етілген. Әрине бұл, ең алдымен, фермерлердің жеке мәселесі екені белгілі. Бірақ мемлекеттік органдар  ынталандыру шараларын ұйымдастыруы керек. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиялық мәселе екенін тағы да ескертемін. Сондықтан Үкімет пен әкімдер бұған тиісті деңгейде көңіл бөлуге тиіс. Ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті нашар дамыған.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңделген өнімді экс­портқа шығару жоспары 85 пайызға орындалған. Осы ретте қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2025 жыл­ға қарай 2,5 есеге ұлғайтуды  Мем­лекеттік бағдарламаның басты мақсаты етіп белгіледік.

Сауда және интеграция ми­нистрлігі тарапынан экс­порт­қа тиімді көмек беріліп жатқаны байқалмайды. Қайта өңдеу секторын дамытпаса, агроөнеркәсіп кешенінің өсімі бұрынғы деңгейде қала береді. Мемлекеттік қолдау шаралары осы салаға бағытталуға тиіс. Азық-түлік өнеркәсібін дамыту құзыреті жақында Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілді.

Министрлік шикізат және өңдеу секторларын дамытудың біртұтас тәсілін енгізуі керек, – деді Президент.

 

Жерді тиімді пайдалануды фермелермен бірлесіп талқылау керек

2021 жылы Жер кодексінің кейбір нормаларына қойылған мораторий аяқ­талады. Мем­лекет басшысы бұл мә­селе бо­йынша түпкілікті шешім қа­былдау қа­жеттігі туралы айтты.

– Негізгі мәселені айқындап алдық. Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл мәсе­ле­ге ен­ді оралмаймыз. Бірақ агро­­­өнер­кәсіп кешенін дамы­ту үшін инвестиция мен технол­огияны тартуға тиіспіз. Осы­ған орай жерді тиімді пайда­лану мәселесін фермерлер қоғамдастығымен бірге кеңі­нен талқылау керек. Бар­лық ұсыныс жария түрде ашық тал­қылануға тиіс. Осы жұ­мыс­тың қорытындысы бойын­ша Үкіметке Жер кодексіне тү­зе­тулер енгізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Жиын барысында жер қа­тынастары саласының цифр­ландыруға көшпей тұрғаны да сөз болды. Әлі күнге дейін жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысан­дарының Ұлт­тық бірыңғай базасының құрыл­мағаны да айтылды. Осы­ған орай Үкіметке биылғы 15 қыркүйекке дейін жер қатынас­тарын цифрландыратын заң жобасын Парламентке ұсыну тапсы­рылды.

 

Экология пәнін енгізу қажет

Бізге қазіргі кезде қоғамдық көзқарас тұрғысынан барған сайын өзекті болып келе жатқан экология мәселелерімен айналысу керек. Жыл сайын 5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар жиналуда. Оларды ел бойынша өңдеу үлесі 15 пайыз ғана. Бұл жеткілксіз. Мысалы, Еуропалық одақ елдерінде орташа деңгей – 30 пайыз.

Мемлекет басшысының айтуынша, қалдықтарды өңдеудің ең төмен үлесі Ақмола (3%), Шығыс Қазақстан (3,3%), Батыс Қазақстан (8,6%) облыстарына тиесілі болып отыр. Сондай-ақ елді мекендер төңірегінде бей-берекет қоқыс тастау мәселесі әлі шешілмей келеді. Бір жолғы тексерулер, айыппұл салу, эко­логиялық айлықтар өткізу болмашы әсер беруде. Сондықтан Экология министрлігі тарапынан жүйелі жұмыс керек.

– Бізге мектептерде ба­ла­ларға экологиялық білім бе­ру пәнін енгізу қажет. Қа­ра­ңыздар, адамдар арттарын­да тонналап болмаса да, жүз­деген килограмм тұрмыстық қал­дықтар қалдырады.  Бұл ортақ мәдениеттің жоқтығы. Жұрт­қа табиғатты ластауға мүл­де болмайтыны жылдар бойы түсіндірілген жоқ, – деді Пре­зидент Білім және ғылым министірі А.Аймағамбетовке қайырылып.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, пандемия цифрлы экономиканың дамуына тың серпін беріп қана қоймай, он­дағы елеулі кемшіліктер мен ол­қылықтарды көрсетті. Пре­зидент Үкіметке «Цифрлы Қа­зақ­стан» бағдарламасындағы барлық кемшіліктерді түзетіп, жыл соңына дейін 250-ден ас­там тұрғыны бар елді ме­кен­­дерді сапалы интернетпен қам­тамасыз етуді тапсырды.

– Қашықтан оқыту әдісіне көшу ісі инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелердің бар екенін көрсетті. Мұғалімдердің 20 па­йыздан астамы үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қа­шық­тан тиімді оқыта алмады. Мек­тептердің балансындағы 400 мыңнан ас­­там компьютердің тек 40 пайызы ғана іске жарады. Бұл – әкімдіктер мен ми­­нистрліктің жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқ­­таж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауы тиіс.

1 қыр­күйекте жаңа оқу жылы бас­талады. Министрліктің бұған толық дайын екеніне күмәнім бар, – деді Президент.

 

«Маған ұпай керек емес»

Мемлекет басшысы қазіргі таңда әрбір басшыдан шұғыл мәселелер мен тап­сырмаларды барынша тиімді ше­шуді талап етті. Сондай-ақ Үкімет пен әкім­дерді жауапкершіліктен қаш­пауға, бюрократияға жол бермеу­ге шақырды.

– Ашығын айтайын. Осы отырысқа дайындық барысында маған кейбір өңірлер мен мекемелердің бірінші басшыларын қызметтен босатуды, тіпті Үкі­метті тарату туралы кеңес бергендер де болды. Қо­ғам мұн­­дай қадамды жақ­сы қабыл­дайды, ұпай жинайсыз деді. Ма­­ған ұпай керек емес. Мен жауапты адам­дарды тыңдауға дайынмын, бірақ жұртшылыққа жағу үшін ондай «ойынға» бармаймын. Кейбір әкімдерге сөгіс пен ескерту жасалған. Не­гізі, осындай жазаны басқа да басшыларға беруге болады. Біз әлеуметтік-экономикалық дамудың аса күрделі кезеңінде тұрмыз. Үкімет пен әкімдерге дағдарыстан шығудың тиімді де батыл іс-әрекеттері керек, себебі әлемдік экономика болжамы бойын­ша дағдарыс одан әрі ушыға түсуі мүмкін. Ал Қазақстан – әлемдік экономи­каның бір бөлігі. Бірақ бұл резервтегі күштер пайдаланылмайды деген сөз емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде ұлттық эконо­миканың тиімділігі мен бәсекеге қабілет­тілігін арттыру мақсатында құрылымдық реформалардың уақыты кел­генін айтты. Яғни Үкімет пен мем­лекеттік органдар эконо­ми­­каның беталысын халыққа қарай бұруы тиіс. Барлық бел­гілері айқындалған жаңа бағдар қажет.

– Дағдарыс біздің қоғамдағы әлеумет­тік теңсіздіктерді, аза­мат­­тардың жер­гілікті және орта­лық билікке деген күмәні мен сенімсіздігін анық көрсетті. Біздің мемлекеттік аппарат және жалпы мем­лекеттік бас­қару жүйесі уақыт талабына ілесе алмай отыр. Идеоло­гия­лық аппаратқа білім, тәжірибе, ой ұшқырлығы, батылдық же­тіспейді. Мем­лекеттік бас­қа­руды қайта құру қа­жет. Бұл жергілікті өзін өзі бас­қаруды едәуір күшейтуді қа­растыратын саяси реформаның бөлшегі болмақ. Мұндай реформасыз біз еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық дамуына тың сер­пін бере алмайтынымызға сенім­дімін, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан хал­қына арнайтын алдағы Жол­дауын­да толығырақ тоқ­талмақ. Қазір жаңа міндеттерді сапалы орындау үшін кадрларды іріктеудің маңызы зор.

– Біздің жаңа бағыт өз мін­деттерін адал атқаратын білімді, батыл, бастамашыл, іскер орындаушыларды қажет етеді. Бізде осындай азаматтар жет­кілікті ме? Ал енді ой­ла­нып көріңіз­дер: осында отыр­ған тұтас команда аталған талаптарға толық сай келе ме? Үкімет мүшелері мен әкімдер өздерінің мүмкіндіктерін шынайы бағалайды деп ойлаймын. Бізде өзіне сыни көз­бен қарау қашанда қиын­дық тудырған, дегенмен, мемлекеттің пайдасына қарай шешім қабылдайды деп се­немін, – деп сөзін қоры­тын­дылады Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.