Қоғам • 13 Шілде, 2020

Бейіт басындағы бизнес немесе Алматыдағы қаралы кәсіптің бүгінгі бағасы

3115 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алматыдай үлкен қалада бақилық болғанда қос құлаш қабірдің бағасы бұрын да арзан емес еді. Елге індет келіп, алғашқы құрбанын алып кеткенде, енді бұл марқұмдардың қабірі қайда болады деген мәселенің туғаны анық.

Бейіт басындағы бизнес немесе Алматыдағы қаралы кәсіптің бүгінгі бағасы

Жайшылықта адамның басына қандай қасірет түссе де ет жақындары осы тауқыметті бө­лісіп, ағайын-туыс болып жер­­лейтін, қайғыны қамқор көңіл­дерімен азайтатын. Өкінішке қа­рай, бүгінде мегаполисте бір үйде, бір подъезде көп жыл бірге көрші тұрып, бір пәтерден екі бірдей өлік шыққанын естімей, білмей қалып жатқандар да бар. Өйткені бұл – індет!

Алайда жерлеу бюролары «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дей­­тін тәмсілді аттап өтіп, қа­ра­лы жандарға болысудың орнына, түбінде өзі де барып тұрақ­тайтын қабірдің де рәсімінің құнын көтергенін ел көріп отыр. Адамдар аяулыларынан мезгілсіз, қапияда айрылғанда ащы даусы шығады. Қиянат көргенде Құдайын да қарғап жібереді. Бірақ осының бәріне селт етпей, көрін қазып, ақысын алып, өліктің түбінде отырып та өлім туралы ойлана ал­майтын істің иелері бар...

Сонымен бұрын да жерлеу рә­сімдерімен айналысып күн кө­ретін ұйымдар қала аумағында зираттарға бөлінетін жердің тар­лығын алға тартып келді. Дәл қа­зіргі күндері Алматыдағы жерлеу, ритуалдық индустрияның жылдық айналымы 2,5 млрд теңге көлемінде деген дерек бар. Бірақ дәл санын ешкім айта алмайды. Өйткені бұл – көлеңкелі сектор. Ресми тіркелген жерлеу бюроларынан бөлек, қаралы бизнеспен жасырын айналысатындар саны қанша екенін дөп басып ешкім айта алмайды. Бұл – үлкен ақша айналып жатқан, жең ұшынан жалғасқан орта. Марқұмдарға көп жағдайда мәңгілік мекеннен дұрыс орын табу үшін де таныс­тар мен ықпалды адамдар керек. Мұндай кезде ешкім саудаласып, ақшасын астына басып отырмайды. Сондықтан бұл сауданың да өз монополистері бар...

Алматыда 69 зират болса, оның тек 14-інің ғана аумағын кеңейте алатын мүмкіндігі бар. 10-ы түгел толып, жабылған. Со­нымен Алматыда алғашқы ін­деттен адам қайтыс болғанда, де­несі Қараойдағы зиратқа бүкіл са­нитарлық нормаларды сақтай оты­рып жерленгені белгілі. Қа­зір «пневмониядан» кеткендер барлық зираттарда жерленіп жатыр деуге болады.

Алматыда мұсылмандарды жер­лейтін Кеңсай 1,2 және Борал­дайдағы зираттар бар. Кеңсай-1 қорымында жер қалмағаны қа­шан?! Осыдан 2-3 жыл бұрын Кең­сай-2 қорымында 1 кісілік жердің құны – 86 мың теңге болыпты. Бірақ елдің аузында Кеңсайдағы «орын» 3 мың доллардан кем емес деген сөз бұрыннан бар. Қысқасы, қабір қазу, жуындыру, кебіндеу, мәйітті мүрдесіне апару, топырақ салатын адамы табылмаса – көму, жаназа шығарған молдаға беретіні, басын бірден көтеруге жағдай болмағанда, тым болмағанда ағаш тақтайға мар­құмның аты-жөнін жазып қою – бәрі-бәрі ақша тұрады. Ай­на­лып келгенде, Алматыда мар­құмға ескерткіш орнату, «жетісі», «қырқын тарату», «100 күндік еске алу», 1 жылдан соң берілетін астың шығыны бұрын да басқа өңірлерге қарағанда екі-үш есе қымбат болатын. Қазір бұл да қалып барады десек те, адам қан­дай жағдайда қайтыс болса да, туысқандары арулап көміп, соң­ғы мұсылмандық парызын орын­дауға ұмтылады. Мұнсыз жа­қындарының жаны тыншымайды.

Сол сияқты мәйітханалардан туыстарының денесін ала алмай, дүрбелең болып жүрген тұр­ғындардың мәселесі бар. Мәйітха­на қызметкерлері марқұмды туыс­тарының қолына тездетіп беру үшін ақша алады деген сыбыс бұрын да болған.

Өкінішке қарай, көзге көрін­бейтін майданнан мәйіттер шы­ғып жатқанда, жерлеу қызметін қым­баттатып, қорқаудың күйін кешкен міскіндер табылып тұр. Алай­да бұл жағдайды ақтайтын жайт – жұқпалы кеселден қайтыс болғандарды жерлеуге жұрттың бәрінің жүрегі дауалай бермейді-міс.

Солай десек те, қазадан, қасі­реттен пайда табу үшін кім болып туу керек?! Қазір әлеуметтік желілерде көтерілген осы келең­сіздікке орай, зерттеу, тергеу амал­дары жүріп жатыр.

Ал шаһардағы мәйітхана ма­ңындағы «ажиотажға» байланыс­ты Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты «Қалалық патологоанатомиялық бюро» КМК директоры Бақытжан Әлібеков: «Мұндай дүрлігу кейде мәйітті әкетуге келетіндердің жанында 2-ден 10 адамға дейін туыстарының еріп жүруіне байланысты туындайды. Шынында да, жақынын жоғалтып, ауыр күйде жүргендіктен, бюро қақпасында дүрбелең, үрей, абыржу, у-шу орын алуда».

Бақытжан Әлібековтің айтуын­­­ша, қайтыс болған­дар­дың денесі Қалалық патоло­гоана­то­мия­лық бюроға түскеннен кейін 12 сағат ішінде қайтарылады. Ме­ди­циналық мекеме қайтыс болу себептерін анықтау және қайтыс болған адам жайлы сенімді деректер беру үшін мәйіт­ті аталған ұйымға тапсырады. Бұл қосымша уақытты қажет етеді.

Өз кезегінде «Қалалық пато­­ло­гоанатомиялық бюро» мәйіт­терді беру жөнінде мобильді топ ұйымдастырды. Бұл топ қыз­мет­керлері карантин режімін сақ­­тау мақсатында көшеде (қақ­па­ның жанында) қайтыс болған адам­дардың мәліметтерін салыс­тырып, тіркеуді жүзеге асырып жатыр.

Ал зираттардың басында не болып жатыр деген сауалға келсек, Алатау ауданындағы зиратта айналасына қарауға мұршасы келмей, көр қазып жатқан Елдар есімді жігіт: «Қазір өзіміз күніне жоқ дегенде екі адам жерлейміз. 3-4 адамды жерлеген кездеріміз де болды. Соңғы кезде өлім көп. Жер қазып үлгермей жатырмыз. Екі жылдан бері қабір қазумен айналысамыз. Ақымдап қазуға уақыт та, адам да жоқ. Сондықтан енін 1, ұзындығын 2 метрден асырып қазып жатырмыз, қазір жер де қатты. Үлгермегенде сырттан жігіттерді жалдап әкелеміз. Жер беру мен қазу, мәйітті бір­ге көмісу, қабірдің бетіне қоя­тын бетондарын әкелу біздің жұмы­сымыз. Осы қызметтеріміз үшін 85-95 мың теңге аламыз», дейді.

«Өлік көп, ел қатты зарлап, налалы болып жатқанын кө­ріп, естіп отырмыз. Сұмдық бо­лып кетті мына заман. Мешітте төрт имам бармыз. Күнде өлік шығарамыз. Қабірдің басына көтеру жұмысымен де айналысамыз. Материалымен қоса есептегенде марқұмның зиратын тұрғызуға 350-450 мың теңге аламыз. Егер тек темірден ғана қоршатса 120 мың теңгеге жасап береміз. Ал материалдарын марқұмның туыстары өздері әкеліп, іргетасын құйып, кірпішін қалауға 100 мың теңге сұраймыз», деп асыға жауап берді өзін Ахмет Әбдірахов деп таныстырған адам.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана қабірді өрнегіне қарай жай темірден қоршап берсе, әрі кет­кенде 35-70 мың теңге аралы­ғында болатын...

Мұндағы мазарлар да халық­тың әлеуметтік жағдайының әр­түрлі екендігін аңғартады. Кейбір қабірлер кім екені белгісіз қара топырақ болып үйіліп жатса, енді бірін туысқандары бақилық болғанда да әлпештеп, әлдері келген мазарын көтеріп жатыр.

Осы зиратқа он күннің ішінде екі бірдей арыстай туысын жерлеген Қайрат Қашабайұлы деген мұғалім кейбір жандардың туыстарының денесін дер кезінде жер қойнына бере алмай, мәйітті 2-3 күн қатарынан қондыруға мәжбүр болып қалғандар бар екендігін, бұрын бейіт басына қоятын 70 мыңның белгі тасы 200-300 мыңға дейін, тіпті 400 мыңға дейін көтерілгенін алға тартты.

– Ал ауруханадан орын таба алмай, үйінде жантәсілім еткен анасының, ағасының, әкесінің, әжесінің мүрдесін қара жер қой­науына тапсыра алмай жүрген жандарға не дейміз? Олардың наласы мен қайғысы еңсені баспай­ ма, көңіл көтеріп, күле алатын жағдайдамыз ба біз? Неден осындай халге түстік, мүмкін кінә өзімізден де болар? Тіріні қа­лай құрметтесек, аруақты да солай сыйлаған ел едік, не болды енді бізге? Өмірден жақынымыз қайтса екі-үш метр бөзімізді ала жүгіретінбіз. Мына індет одан да қалдырды, қайғымызды те­ле­фон жеткізетін болды, бірі­міз­ден бірімізді алыстатты. Ойла­найықшы, нендей қателік кетті бізден, Аллаға қай ісіміз өт­педі? Ал мәйітхананы торуыл­даған бауырларымыздың азасы ше? Не үйі, не күйі жоқ, жағ­дайы төмен, жалғыз басты, көп ба­лалы аналардың мешіттерді жа­ғалап, елге қолдарын жайғаны аз­дай, індет кезеңінде қаражатсыз қалғандар, жұмысынан айырыл­ғандар жақынын жерлей алмай жүр. Себебі бұрынғыдай жаназасына ел жиналмайды, батаны ешкім жасамайды, ел болып көму жоқ, сосын қазатын жері де, жататын көрі де, топырақпен көмуі де ақша! Ал оны ол қайдан алады? Індет жалмағандар ең болмаса өмірден қайтқанда тегін жатсын­шы, осыны ел болып ретке келтіре аламыз ба? Расында бұл іске ұйытқы болып, иелік ететін мешіттер емес, имамдар емес, – дейді дінтанушы, имам Нұрлан қажы Байжігітұлы.

 

АЛМАТЫ