Аймақтар • 13 Шілде, 2020

Атырауға жедел жәрдем керек

1403 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атыраудағы бүгінгі эпидемиялық ахуал көңіл қуантарлықтай емес. Мұнда пандемия пен пневмония екі жақтап, атыраулықтардың тынысын тарылтып, қос өкпеден қысып тұр. Осыған орай өңірде шұғыл жиын өткізген Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың мәлім етуінше, мұнда коронавирус инфекция­сын жұқтыру дерегі республикадағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Соның дәлеліндей, кеше 12 шілдеде тағы 269 адамнан коронавирус табылып, науқастар саны 7662-ге жетті.

Атырауға жедел жәрдем керек

– Індеттің негізгі ошақтары – Атырау қаласы мен Жылыой ауданы. Осы екі жерде қауіпті індетке шалдыққандар барлық науқастың 85 пайызын құрап отыр. Ал пневмонияның 2174 жағдайы тіркелген. Соңғы екі айда жедел медициналық жәр­демді шақыру 2 есеге өскен. Мұның бәрі шұғыл шаралар қабылдауды қажет етеді, – деді Ералы Тоғжанов.

Осындай себеппен, Атырауда эпидемия­лық ахуалды тұрақтандыру үшін қолға алынатын шаралар жан-жақты талқыланды. Біріншіден, Атыраудан Алматыға, Ақтөбе мен Маңғыстауға қатынайтын жолаушы пойыздары тоқтатылды. Екіншіден, мейрамханалар мен дәмханалар, асханалар мен қоғамдық тамақтану орындары, азық-түлік емес дүкендер үйге жеткізу қағидатымен жұмыс істеуге кірісті. Үшіншіден, полиция және облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақы­лау департаменттері отбасылық шараларды өткізуге салынған тыйымның сақталуын қадағалап, оны бұзғандарды анықтап жатыр. Төртіншіден, Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірге вахталық жұмысқа келетіндерді үш күн бұрын тұрғылықты мекенжайында ПТР-тесттен өткізуі тиіс. Бұл тапсырманың орындалуына жұмыс берушілер жауапты болады.

Ал Атырау облысының әкімдігі дәріха­на­ларды бірінші қажеттіліктегі дәрілер­мен қамтамасыз етіп, 20 шілдеге дейін инфекциялық орындардағы кереует санын 350-ге дейін жеткізуі, мобильді топ­тар­дың санын 120-ға дейін көбейтуі, кисло­родтық стансалар санын ұлғайтуы қажет. Өңірдегі, соның ішінде Жылыой ауданындағы ка­рантиндік шектеу шаралары­ның сақ­та­луын бақылауға алуы керек. Коронатакси қызметін ұйымдастырып, жеке клиникаларды науқастарды емдеу ісіне тартуы қажет.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметінше, қалалық емханалар жанынан стационарлар жасақталып, науқастарды емдеу шаралары атқарылып жатыр. Саll-орталық ашылып, тәулік бойы білікті мамандар тұрғындарға кеңес беруде. Қазір облыста 694 инфекциялық, 895 провизорлық, 2328 карантиндік стационарлар жұмыс істейді. Бүгінде стационарлар 115 өкпені жасанды желдету аппаратымен, 29 рентген аппаратымен қамтылған. Сонымен бірге, 4 компьютерлік томография бар. Емханалар жанынан 61 мобильді топ жасақталған. Олар коронавирус инфекциясының симптомсыз және жеңіл түрімен ауырғандарға үй жағдайында амбулаторлық көмек көрсетуде.

Науқастар шақыруынан қалмайтын жедел жәрдем стансасының ұжымы білікті әріптесінен айрылды. Осы ұжымдағы коронавирус инфекциясымен күрес бригада­сының фельдшері 10 шілдеде екі жақты пневмониядан көз жұмды. Бұл деректі облыс­тық денсаулық сақтау басқармасының бас­шысы Нұрлыбек Қабдықапаров растап отыр.

– Өңірде қауіпті індеттен медицина қызметкерінің қайтыс болған жағдайы тіркелді. Қайтыс болған 48 жастағы фельд­шер коронавируспен күрес бригадасында жұмыс істеген. Бұл оқиға барлығымызға ауыр тиді. Әсіресе медицина қызметкерлері үшін. Осы орайда қанша қиын болса да жұмысын адал атқарып жүрген медицина қызметкерлеріне басымды иемін. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы ретінде оларға алғысымды білдіремін, – деді Н.Қабдықапаров.

Дәл қазір Атырауға үрей ұшырған қауіпті індеттің бетін қайтаратын білікті дәрігерлердің де, ауырған жанға шипасы тиер дәрі-дәрмектің де қажеттігі айқын сезіліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, жедел жәрдем керек. 

 

АТЫРАУ