
Мәскеу полициясы 10 қазан күні Батыс Бирюловода түнде 25 жасар Егор Щербаковты сүйген қызының көзінше пышақтап өлтіріп кеткен күдікті жөнінде барлық керекті мәліметтерді жинап алды. Бұл туралы «Утро.Ру» хабарлады.
«Күдіктінің аты-жөні Орхан Захит Оглы Зейналов, 25 жаста», - деп мәлім етті қала ішкі істер департаментінен.
Полиция осыған байланысты күдіктімен кездескен кезде абай болуды сұрады. «Біз барлық азаматтардан оны көшеде кездестіре қалған жағдайда абай болуды сұраймыз», - делінген хабарламада.
Тергеу комитетінің дерегі бойынша, Зейналов тұрақты жұмыс істемеген. Ол көбіне көлікпен адам тасып күн көрген. «Оның өте қызба екені, тұрақты жұмыс істемейтіні, ішімдікке құмарлығы белгілі болды», - деп атап көрсетті ондағылар.
«Күдіктіні ұстап алу – бірнеше сағаттың ғана еншісіндегі шаруа. Ол енді ешқайда қашып құтыла алмайды», - деді тағы.
Айтқандай, Орхан Зейналовтың Әзербайжанда қылмысы үшін іздестіріліп жатқаны жалған болып шықты. «Мәскеуде кісі өлтірді деген күдік тағылған Орхан Зейналов, Ресей БАҚ-тарында атап көрсетілгендей, Әзербайжанда қылмыстық іздеуде жүрген жоқ. Ол қылмыстық жауапқа тартылған емес», - деп мәлімдеді Әзербайжан Ішкі істер министрлігінен.
Сонымен бірге, Зейналовтың 10 жылдан бері Мәскеуде туыстарымен бірге тұрып келгені белгілі болды. Бірақ ол кейінгі кездері пәтер жалдап тұрған. Және пәтерді жиі ауыстыратын болған.
Қазір Зейналовтың 8 адамнан құралған туыстары түгел қамауға алынған. Пәтерде тінту жүргізілген.
Мұрат Айтқожа.