Аймақтар • 14 Шілде, 2020

Қарағандылық әкімдер әлеуметтік желілердің құлағында ойнайтын болды

257 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдегі қалалар мен аудандардың әкімдеріне әлеуметтік желілерде тұрғындармен кері байланыс орнату жұмысының тиімділігін арттыру жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағандылық әкімдер әлеуметтік желілердің құлағында ойнайтын болды

Яғни, бұдан былай әкімдер әлеуметтік желілердегі белсенділіктерін арттырып, Facebook пен Instagram-да өз аккаунттарын жүргізумен қатар, "Әкім сағаты" тікелей эфирін өткізуге міндетті болды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек пандемияның әкімдіктердің жұмысына тікелей әсерін тигізіп, өзгерістер енгізіп жатқанын атап өтті. Мәселен, қазіргі таңда жеке қабылдаулар өткізілмейді, халықпен жиындар мен кездесулер ұйымдастыруға болмайды. Яғни, мұндай жағдайда азаматтардың мәселелерін шешу және өтініштеріне құлақ асу үшін қарапайым әрі тиімді механизм ұсынудың қажеттілігі туындады.

"Облыс тұрғындарының өңірдегі барлық деңгейдегі әкімдермен тікелей өзара әрекеттестік орнату мүмкіндігі болуы тиіс. "Әкім сағаты" ауыл және қала тұрғындарының нақты мәселелерін шешу бойынша тиімді алаңқайға айналады деген сенімдемін", деді аппарат кеңесінде Жеңіс Қасымбек.

Мұндай эфирлер сейсенбі күні сағат 09.00-ден 10.00-ге дейін және жұма күні сағат 15.00-ден 16.00-ге дейін аптасына екі рет өткізілетін болды. Мысалы, Нұра ауданының әкімі сейсенбі және жұма күндері сағат 11.00-ден 12.00-ге дейін халықпен интернет-кездесулер өткізсе, Ұлытау ауданың басшысы да сол күндері 12:00-ден 13:00-ге дейін онлайн-кездесу ұйымдастырады.

Қала және аудан әкімдері тұрғындар тарапынан қойылатын сұрақтарға онлайн режімінде жауап беріп, олардың өтініш-тілектерін қабылдайтын болады.