Саясат • 14 Шілде, 2020

Ұлттық мүддені қорғау – ұлық міндет (Тұңғыш Президенттің Жарлығымен 1992 жылы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды)

2741 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Ұлттық қауіпсіздік жүйесі ел егемендігінің беріктігі, аумағының тұтастығы және халқының қорғалуының кепілдігін қамтамасыз етуге арналған. Мемлекеттілікті нығайту жылдары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал сыртқы және ішкі саясатының арқасында қоғамымызды ыдыраудан, ал елді күйреуден сақтап, заманауи әлемнің барлық тәуекелі мен қиындықтарын еңсердік. Ол жедел қимылдады және стереотиптерді бұзды, кво-мәртебені даулаудан қорықпады.

Ұлттық мүддені қорғау – ұлық міндет (Тұңғыш Президенттің Жарлығымен 1992 жылы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды)

 

К.МӘСІМОВ

2020 жылы Қазақстан жалпы адамзат үшін қауіп төндіретін жаңа қыр көрсетулермен, қауіп-қа­­терлермен бетпе-бет келді. Жаңа дәуір бұған дейін бізде бол­­маған өзгеше түрдегі және ауқым­ды проблеманы алға тартты. Бұл ки­бер­кеңістіктегі және био­логиялық қа­уіп­сіздіктегі қауіп-қатерлер, СОVID-19 пан­де­миясы, трансшекаралық қыл­мыс­тық қоғамдастықтың нысан­да­ры мен әдістерінің өзгеруі, этнос­аралық жанжалдар, халық­ара­лық терроризм және т.б. Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті жалпы қауіпсіздік жүйесіндегі бас­ты буын ретінде заманауи трендтер мен тәуе­келдердің теріс ықпалын мем­­ле­кет­тік органдардың ішінде алғаш­қы бо­лып сезінді.

Уақыттың жаңа ағымын ес­ке­­­ре оты­рып, Президент Қ.К.Тоқаев ҰҚК органдарының жү­­йе­­сін сапалық тұр­ғы­дан жаң­ғыр­туды қолдады, өйткені бас ар­­наулы қызметтен үлкен қыра­ғы­­лық, серпінділік, икемділік, тал­дамалылық пен стандартты емес шешімдер қабыл­дау талап еті­леді.

Сыртқы барлау қызметінің ҰҚК құрамына қайтарылуы сыртқы және іш­кі контурларда ресурстарды шоғыр­лан­дыруға және оларды жедел әрі оң­тай­лы пайдалануға мүмкіндік берді.

Мемлекеттік шекара тәуел­сіз­ді­к пен аумақтық тұтастық сияқ­ты мемлекеттің егемендік атри­­буттарымен бірге біздің даңқ­­­ты бабаларымыз қорғаған ірге­­лі құндылық болып табылады, біз оны сақтауға және бо­ла­шақ ұр­пақ­қа та­быс­тау­ға мін­дет­тіміз.

Ең жаңа техникалық құрал­дар­ды пайдалана отырып, мем­ле­кет­тік шекара күзетін жетілдіру ба­ғытында ҰҚК Шекара қыз­ме­тін толыққанды реформалау аяқ­талды. Артық буындарды қыс­қарту есебінен аумақтық депар­таменттер құрылды. Қыз­мет­тің аса үлкен құрылымы оң­тай­ландырылды. Мемле­кет­тік шекара күзетіндегі жедел жұ­мыс және барлау бағыттары айтарлықтай күшейтілді. Шекара ве­домствосын жаңғырту шекара қауіпсіздігіне төнген қауіп-қа­тер­лерге дер кезінде ден қою, елі­­міздің егемендігіне, аума­ғы­­ның тұтас­тығы мен мыз­ғы­мас­тығына қол сұғу­шылықтың ал­дын алу және жолын кесу мүм­кіндіктерін кеңейтуге бағыт­тал­ды.

Мемлекеттік құпияларды қор­­ғау жө­ніндегі уәкілетті ор­ган­ның функциясын қабыл­да­ған­нан кейін ұлттық мүд­де­лерді қозғайтын мәліметтерді құпия­ландыру бойынша әкімшілік шара­лар мен тәсілдердің ескірген жү­йе­сі қайта қарастырылды. За­ма­науи қауіп-қатерлерді ескере отырып, нақты құпия­лар тіз­бе­сі жасалды.

1

Біздің басты міндетіміз – ел тә­уел­сіз­дігін қорғау, сыртқы жә­не ішкі қауіп-қатер­лерге қар­сы іс-қимыл жасау. ҰҚК аза­маттарымыз бен еліміздің әл-ауқа­­ты­ның күзетінде тұр. Мұнда да соңғы жылдары бірқатар оң нә­ти­желерге қол жеткізілді. Бі­рақ барлығын ашып айтуға бол­­майды.

Елдің ұлттық қауіпсіздігін қам­­та­ма­сыз етудегі басты мін­дет­­тердің бірі – терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қи­мыл. Соңғы жылдары әлем­нің әр­түрлі өңірлерінде орын алған және орны толмас адам шығы­ны­на әкеп соқтырған террористік бел­­­сенділік адамзаттың осы проб­­ле­масына жаңаша қарауға мәж­бүрлейді және қазақстандық қо­ғамды террористік қауіп-қа­тер­лерге қарсы бірігуге мін­дет­тей­ді.

Радикалды діни көзқарастар дүние­та­нымдық көзқарастар мен кон­фес­сиялық құндылықтар – қақ­ты­ғы­сатын әлеуметтік жан­­жалдардың туындауына себеп­кер фактор. Деструктивті элементтер қатысып, жалған ақ­парат тарату құралдары қол­да­нылған жағдайда мұндай қай­шылықтар көбінесе түрлі этнос­тық топтар арасындағы тұр­­мыс­­тық даулардан басталып, саяси және азаматтық жан­жал­дар­ға ұласуы мүм­кін. Ұлттық қа­уіп­сіз­дік комитеті террористік және экстремистік қауіп-қатер­лерді азайту бойынша үздіксіз жұ­мыс жүргізуде.

Дін атын жамылып зорлық-зом­былық жасау көріністерін бол­­дырмау шаралары дер ке­зін­­де іске асырылуда. Өткен жы­лы елімізде, сонымен қатар шектес мемлекеттерде да­йын­дал­ған терактілердің жолын кес­кен ауқымды операция жүр­­гі­зілді. Бұл – құтқарылған жүз­де­ген адам­ның өмірі мен қо­ға­мы­мыздың ты­ныштығы. Барлық жағдайларда ради­калдардың әрекеттеріне тікелей бас­шылық жасауды, не болмаса оларға идео­логиялық түрткі болуды интернет арқылы шетелдік тер­рористер жүзеге асырды. Бұл ретте әлеуметтік топ ретін­де жастар діни идеологияны тез қа­былдайтындықтан, қазақ­стан­дық қоғамның мейлінше осал бөлігі саналады. Осыған бай­ланысты ҰҚК және басқа да мем­лекеттік органдар терроризм мен экстремизмді насихаттайтын материалдардың әлеу­мет­тік желілерге орналастырылуы­­на қарсы ден қою шараларын іске асыруда. Жыл сайын біздің тарапымыздан он мың­даған материалдар мен ақпа­рат­тық ресурс­­­тар анықталады, олар ин­тер­нет-сервистердің иелерімен жолға қойыл­ған өзара іс-қимылдың арқасында бұғат­та­лады.

Сирия мен Ирак аумағынан төнетін террористік қауіп-қа­тер­лерді жою бойынша шара­лар қабылданды. «Жусан» опе­ра­ция­сы шеңберінде 595 қазақ­с­тандық Сириядан отаны­на қайтарылды, олардың 406-сы бала. Террористік іс-әрекетке қатысы жоқ адамдармен оларды радикалды көзқарастан арылту, оңалту және бейімдеу бо­­йынша жұмыстар жүргізілуде. Қазақ­стандық содырларға қа­тыс­ты оларды оқшаулау және террористік іс-әрекетке қа­тыс­қа­ны үшін сотқа тарту шаралары қабылданды. Қазақстанның Сирияда қалған азаматтарды отанына қайтару бойынша гума­ни­тарлық операциясы БҰҰ тарапынан оң бағаланғанын атап өткен жөн.

1

Әлемдегі бірде-бір арнаулы қызмет арнайы мақсаттағы қыз­мет­тердің көме­гінсіз күрделі тер­рористік акті­лер­дің жолын кесе ал­майды. ҰҚК-де мұндай ұтқыр же­дел ден қою бөлімшесіне «А» қызметі жатады, оның жеке құрамы дайындығы жоғары офицерлерден құралған. Бұл қыз­мет­тің қолданысында зама­на­уи жауынгерлік роботтар, тех­­ни­калық барлау құралдары, авто­мат­­тандырылған басқару жүйесі бар, олар­дың кейбіреуінің ведомство маман­д­­арының бірегей әзірлемесі екендігін батыл айта аламыз. 

Қазақстан өзінің геогра­фия­лық жағ­дайына, маңызды табиғи ре­сурстары мен ұлан-байтақ аума­ғының болуына байла­ныс­ты әлемдік державалардың бас­ты назарында қала бермек. Бұл жағдай шетелдік арнаулы қызметтердің Қа­зақ­станға ұмтылыстарының бағы­ты мен мазмұнын алдын ала айқын­дай­­ды.

Олардың іс-әрекеттері негі­зі­нен саяси, экономикалық және қорғаныс сипатындағы құпия мәліметтерді табуға, сондай-ақ ықпал ету агенттерінің платфор­ма­сын құруға, олар арқылы өздерінің мемлекеттеріне пайда­лы саяси шешімдерді өт­кі­зу­ге бағытталған. Бұл бізден қарсы барлау режімін тұрақты түр­де же­тілдіруді талап етеді. Осы ба­ғыт­тағы жұмыста қызмет­кер­ле­ріміздің кәсібилігі, азамат­тар­дың отаншылдығы, құпия мә­лі­меттерге рұқсаты бар қыз­мет­­шілердің құқықтық санасын қа­­лыптастыру маңызды рөлге ие. Сонымен қатар әлеуметтік желі­лер­ді, әртүрлі жалған қоғамдық қозғалыстарды пайдалана отырып, ішкі саяси жағдайды тұ­рақ­сыздандыруға әрекет ету фактілері де анықталуда. Біздің қар­сыластарымыз қазіргі билік­тің беріктігін бағалауға әрекет­те­нуде, әлеуметтік-эконо­ми­ка­­лық, ұлтаралық және діни сала­лардағы осал тұстарын іздеуде. Алайда іс-әре­кет­терінің астыртындығы мен замана­уи ақпа­раттық әзірлемелеріне қа­ра­ма­с­тан олар біздің назарымыздан тыс қалмайды.

Елдің саяси тұрақтылығына, эко­­но­ми­калық әл-ауқаты мен қор­ғаныс әлеуе­тіне нұқ­сан кел­ті­руге бағытталған бір­қа­тар барлау акцияларының жолы кесілгені туралы, бас­та­ма­шы­лықпен жасалған тың­шы­лық әрекеттер, сон­дай-ақ жекелеген шетелдік арнаулы қыз­меттердің және олармен байланысты ұйым­дар­дың құпия ақпаратқа қол жет­кі­зу мақсатында мемлекеттік ор­ган­дарға ену бойынша жос­пар­лары жөнінде ашық айтуға әлі ертерек.

Террористік, экстремистік және өзге де қылмыстық ұйым­дар­дың Қазақстанға келуінің ықтимал жолдарының бірі болып табылатын заңсыз көші-қон арнасында қарсы барлау бө­лім­шелері тарапынан белсенді жұ­мыс атқарылуда.

Цифрлы егемендік пен бір елдің екінші елге ықпал ету мүм­кіндігі үшін күрес жүріп жат­қан цифрлы кеңістік қарсы тұ­ру­дың жаңа алаңына айналуда. Бүгінде жасанды интеллектке не­гізделген ақпараттық техноло­гия­лар дәстүрлі өмір салтын бел­сен­ді түрде өзгертуде, қарым-қа­тынас жасауды виртуалдық алаңға ауыс­­­­тыра отырып, әлеу­мет­­­­тік коммуникацияны түбе­гей­­лі трансформациялауда.

Экономикалық және сала­ара­­лық салаларды ақпа­рат­тық-коммуникациялық инфра­құ­­ры­лымдар (платформалар) қа­лыптастыру арқылы цифр­лан­дыру барлық қоғамдық қаты­нас­тарды (бизнес – мемлекет – тұтынушылар) цифрлық кеңіс­тік­ке шығарып, әрбір адам, қоғам­дық өмір, активтер, эконо­мика­лық мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлер туралы ауқымды дерек­тер­ді дербес генерациялайды.

Мобильдік қосымшалар на­рығы компанияларға ең құн­ды ақпаратты жинау бо­йынша шек­сіз мүмкіндіктер ашады. Плат­формалардың иеле­ріне гео­деректер, нақты кіріс, қы­зы­ғушылық саласы, әлеу­мет­тік байланыстар және басқа да көп­теген нәрселер белгілі. Бұл де­ректер ақылды экономика құру мақсатында, сондай-ақ бас­қа мемлекеттер тарапынан нұқ­сан келтіру және барлау іс-әре­кет­тері үшін де пайдаланылуы мүм­кін. Цифрлы коммуникация құрал­дарының біздің өмірімізді айтар­лықтай жеңілдететіні сөз­сіз, алайда кибералаяқтар заманауи интернет технология­лар­ды пайдакүнемдік мақ­сат­тарына белсенді пайдалана­ды. Әлемде тек жекелеген өнер­кә­сіп­тің ғана емес, тұтас мем­ле­кеттік басқару жүйесінің қыз­метін тұ­рақ­сыздандыруға қабі­лет­ті көп­теген хакерлік ұйымдар жұ­мыс істейді.

1

Интернет желісінде салыс­тыр­малы түрде жақында жаңа ақпараттық құбылыс – DeepFake, яғни түрлі мазмұндағы бейне­ма­териалдарға белгілі адам­дар­дың дауыстарын немесе бет-әл­пет­терін салатын (бейнелейтін) жа­санды контент пайда болды. DeepFake технологиясы жасанды интеллектке негізделген. DeepFake құралдары  таяудан бері қарапайым адамдар үшін қолжетімді болып отыр. Бірнеше жыл бұрын бұл қызық үшін ғана қолданылса, қазірде мұндай технологиялар айтарлықтай қауіп туғызуда және ақпараттық манипуляция мен жалған ақпарат та­рату құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Отандық ақпараттық ресурс­тар­ды және елдің цифрлы тәуел­сіздігін тиімді қорғауды қам­та­масыз ету мақсатында «Қа­зақ­стан киберқалқаны» бірегей жүйесін құру бойынша жоба іске асырылуда. Ол елдің электронды ақпараттық ресурстарын, ақпараттық жүйелері мен ақпа­раттық-коммуникациялық құры­лымдарын сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден қорғауға арналған.

Қазіргі дағдарыстық жағ­дай­ларда елдің экономикалық қауіп­сіздігін қамтамасыз ету аса ма­ңызды мәнге ие және еліміздің стратегиялық даму векторларын әзірлеу үшін негіз болып табыла­ды. Деглобализация, сауда соғы­сы, мемлекеттік ұлтшылдық, төр­­тін­ші өнер­кәсіптік революция сияқты трендт­ердің аясында тұрақтылық пен әлеуметтік-эко­номикалық прогреске қол жет­кі­зу мүмкіндігінің шарты ретінде елдің экономикалық егемендігін қамтамасыз ету мәселесі өткір болып тұр.

Экономикалық өзара қа­рым-қаты­настардың дәстүрлі прин­цип­терінің бұ­зылуы өнеркәсіптің басты салала­рын тез арада қайта индустрияландыруды, бизнесті дамыту үшін жағдай жасауды, жа­санды интеллектке негіз­дел­ген заманауи цифрлы технологияларды енгізуді талап етеді. Біз берік экономикалық іргетас құрғанда ғана Қазақстанның дамуына серпін бере аламыз. Бірақ тиімді экономикалық трансформациялау тек экономикалық қауіпсіздікті сенімді қамта­ма­сыз еткенде және елдің эконо­ми­­калық әлеуетіне нұқсан кел­ті­руге жол берілмегенде ғана мүм­кін болады. ҰҚК бұл бағытта үлкен жұмыс атқаруда. Өткен жылы Еуропаға мұнайды заңсыз өткізумен айналысқан топ бейтараптандырылды. Мемлекет кірісіне 2 млрд теңгенің мүлкі қайтарылды, Қазақстанның ха­лық­­аралық имиджіне нұқсан келуіне жол берілмеді. Құра­мын­да алтын бар кенді Қы­тай­ға контрабандалық жолмен шығарумен айналысқан транс­ұлт­тық ұйымдасқан топтың құ­қық­­қа қайшы әрекеттеріне тос­қа­уыл қойылды.

Егжей-тегжейлі жүргізілген тергеп-тексеруден кейін заң­на­малық және нормативтік құ­қық­тық актілердегі әртүрлі заңсыз схе­малар құруға негіз болған көп­те­ген кемшіліктер анықталды. Мұндай олқылықтарды жою 2 млн тонна көлеміндегі мұ­най­дың заң­ды айналымға қай­та­ры­луы­на мүм­кіндік берді.

Салауатты бәсекелестік – на­рықтық эко­но­миканың бас­ты негіздерінің бірі. Егер біреу­лер заңсыз басымдық ала­тын болса, онда заңды мойындайтын кәсіпкерлер зиян шегеді, ал бұл бүкіл экономикаға қа­уіп төндіреді. Бұл, әсіресе қа­ра­­жатты қолма-қол ақшаға айнал­ды­руға және капиталды заңсыз шы­ғаруға қатысты, ол бүкіл қар­жы­лық жүйе үшін тәуекел болып табылады.

Комитет қызметкерлері биз­нестің криминалмен сыбай­ла­суының күрделі схемасын анық­тап, капиталды сыртқа шы­ғару схемасын ашты. Қолма-қол ақшаға айналдырумен айна­лыс­қан, салық төлеуден жалтару үшін схема құрған және сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға ықпал еткен бірқатар ұйымдасқан қылмыстық топтар жойылды. Тергеу нәтижесінде олардың мемлекетке келтірген залалдарының 300 млрд теңгеден жо­ғарыға бағаланатыны дәлел­ден­ді.

Трансұлттық қылмыстық қо­­ғам­дас­тықтар кез келген мем­­­лекеттің ұлттық қауіп­сіз­ді­гі­не шы­найы қауіп төн­ді­ре­­ді. Қо­сым­ша табыс табуға ұмты­ла отырып, қылмыстық құры­лымдар өз ық­па­лын ұлт­тық шекараның шегінен тыс жүр­гі­зе­ді. Ұрының өмір салтын наси­хат­тай отырып, ұйымдасқан қыл­мыстық топтар  (ҰҚТ) өз қата­ры­на жастарды да тартатынын ұмытпау керек.

Трансұлттық қылмыстық қоғам­­д­ас­тыққа қарсы іс-қимыл шең­­бе­рін­де 2019 жылы ҰҚК қару-жарақ контра­бандасының 2 халықаралық және 12 ішкі арна­ларына тосқауыл қойды. Оқпен атылатын қару-жарақты қолдан өндірумен айналысатын 4 объекті жо­йылды. 2020 жы­лы жүргізілген арнайы операциялардың нәтижесінде қылмыстық топтардың 35-тен астам мү­ше­сі ұсталды, заңсыз айна­лымнан 32 бір­лік қару-жа­рақ, 1500-ден астам оқ-дәрі алын­ды.

Күннен-күнге артып келе жатқан есірткі құралдарының заң­сыз айналымына қарсы ымы­расыз күрес – мем­лекеттің ең маңызды міндеті. Қазақ­стандықтар бет­пе-бет келіп отыр­ған есірткі ағыны тек жекелеген аза­мат­­тың мүд­де­сін ғана емес, біздің қоға­мы­мыздың адамгершілік, мәдени негі­зі­не қауіп төндіреді. Есірткі – тұтас бір ұрпақты жоятын зиянды зат және көбіне мемлекетке қарсы жасырын қару. Трансұлттық есірткі құрылымына қарсы іс-қимыл бағыты бойынша өткен жылы есірткі тасымалының 27 халықаралық және 29 өңірлік арнасы жойылды. Синтетикалық есірткі құралдарын дайындайтын 6 астыртын есірткі зертханасы жойылды.

Әртүрлі пошта қызметтері мен ло­­гис­тикалық компания­лар ар­қылы ке­ліп түсетін син­те­ти­калық есір­­ткілердің таралуы да өзекті проблемаға ай­налды. Аталған қауіп-қатердің ауқым­­дылығына ҰҚК органдарының тек бірінші жартыжылдықта 80 кг-нан артық синтетикалық есірт­кіні қолға түсі­ргені нақты дә­лел, бұл өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 20 есеге артық.

Шымкент қаласынан әлемнің бар­лық еліне есірткі құралдарын сат­қан интернет-сайттардың ұйым­дас­тыру­шысының іс-әре­ке­тін тоқтату бо­йын­ша іске асы­рылған операцияның нәти­жесі ҰҚК жұмысының жарқын мысалдарының бірі десек болады. Тінту жүргізу барысында астыртын зертханадан түрлі синтетикалық есірткілер (ұнтақ тәріздес және сұйық химиялық заттар), 200 кг-дан астам прекурсорлар, зертханалық жабдық, компьютерлер, ұсталған адам­ның қылмыстық әрекетін растайтын құжаттамалық материалдар мен пошталық конверттер алынды.

Қазақстанның ірі қала­ла­рын­да есірткі құралдары мен пси­хо­троптық заттарды өткізу­мен шұ­ғылданатын сайт анық­тал­ды. Тұтынушылар есірткі тауарларына сайт арқылы тапсырыс беріп, одан әрі төлемдерді «Киви-әмиянға» жіберіп отырған және әкім­шіден «кладмэн» деп аталатын есірткі заттары салынған құпия орынның мекенжайын алған. Жедел қызметкерлер Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақ­тө­бе қалаларында есірткі және психотроптық заттарды тара­ту­шы қылмыстық топтың ізіне түсті.

Шекара қызметі қырағылық таныта отырып, шекараны сенімді қорғауда. Браконьерлердің іс-әрекетіне қарсы іс-қимыл жасау шеңберінде мемлекетке сомасы 1 млрд теңгеден асатын экологиялық шығын келтіруге жол берілмеді. Коронавирус пан­демиясына орай енгізілген төтенше жағдай кезінде ШҚ бірнеше рет жеке қорғанудың медициналық құралдарын және экспресс-тесттерді елден сыртқа заңсыз экспорттау әрекеттерінің жолын кесті.

Бүгінде қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерге жалғыз қар­сы тұру мүмкін емес, сон­дық­тан ақпарат алмасу бел­сен­ді жүр­гізілуде. Біздің серік­тес­тер­імізбен тиімді екіжақты ынты­мақтастығымыз және ҚОБК, ТМД ҚБОК, ТЮРКОН, ШЫҰ шеңберінде көпжақты фор­матта өзара іс-қимыл жасау өзекті ақпарат алуға және «сағаттарымызды салыстыруға», бірлескен операциялар жүргізуге, кадрлар даярлауға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Ше­тел­­дерде табысты қызмет ете­тін ресми өкілдер институты және Қазақстандағы шетел арнаулы қызметтерінің аккредиттелген өкілдері – ұлттық мүддеміз бен біздің азаматтарымыздың қауіп­сіздігін қорғау тұрғысында шұғыл әрі жабық ақпарат алудың және жеткізудің арнасы болып табылады.

Заманауи қауіп-қатерлерді ескере отырып, ҰҚК-ге шет тіл­де­рі мен IT-технологияларды меңгерген «жаңа форматтағы» қызметкерлер қажет. Сол себеп­ті кадрларды міндетті әрі үздіксіз кәсіби дамыту, қазір­гі заманғы әдістемелер мен технологиялардың негізінде ведомс­тволық білім беру жүйе­сі­нің мүмкіндіктерін ұдайы же­тіл­діру – біздің басты басым­дық­­тарымыздың бірі. Білім беру про­цесінің ғылыммен және практикамен ұштасуы жоғары оқу орындарымыздың әлеуетін және оқытудың қолданбалы бағытын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Қазір біз ведомстволық жоғары оқу орындарындағы тыңдаушылардың қатарын пат­риот­тық тұрғыда тәлім-тәрбие алған жастардың толық­ты­руына, алдағы уақытта өз өмірлерін Отанымыздың қауіп­сі­здігін қам­тамасыз ету ісіне арнайтын аза­­мат­тарға жоғары деңгейде мүдде­ліміз.

Біз кәсібиліктің негізгі құнды­лық­тары мен принциптерінен хабары бар талантты адамдарға мүдделіміз, қызметтің барлық кезеңінде икемділік пен ұтқыр­лық­ты қамтамасыз ету мақ­са­тын­да өз қызметкерлерімізге ұзақ­мерзімді стратегиялық инвестиция жасауға дайынбыз. Бізге шет тілдерін, ғылымды, технологияларды, инженерлік іс пен математиканы меңгерген мамандар қажет.

Қоғам мен ел басшылығының се­німі қауіпсіздік органдарына жоғары жауапкершілік жүктейді. Қыз­мет­кер­лер­дің қазіргі буыны алдыңғы буын жинақтаған жедел қызметтегі барлық оң тәжірибені сауатты қолданады, оларды дамытады және өз жаңалықтарын енгізеді.

Қысқаша қорытқанда, ҰҚК-ні реформалау саласында нақты шешімдер қабылдадық. Сыртқы барлау қызметін ҰҚК-ге қайтару туралы Президент шешімінің дұрыстығы уақыт шын­ды­ғымен расталып отыр. Шекара қызметін жаңғырту процесі аумақтық ұлттық қауіпсіздік ор­гандарының барлау және қарсы барлау бөлімшелері мен шекара ведомствосының күш-жігерін бірыңғай механизмге біріктіруге мүмкіндік берді.

Еліміздің өмірлік маңызды мүд­­де­­лерін қорғай отырып, ҰҚК қауіпсіздіктің жалпымемлекеттік жүйе­сінің ажы­рамас бөлігіне айналды және егемен Қазақстанның тұрақ­ты даму ісіне елеулі үлес қосып келеді. Әлемдегі қолай­­сыз макроэкономикалық факторлар кешені ел эконо­ми­ка­сы­ның әртүрлі саласындағы кәсіп­орын­дарды қалпына келтірудің созылмалы кезеңіне әкеліп соғуы ықтимал. Әлемде мұнай, негізгі металдар бағасының құл­дырауы, авиа ұшулардың тоқ­тауы мен локдаун кезеңінде шағын және орта бизнес субъ­ектілері жұмысының тоқта­тыл­уы Қазақ­с­танның ішкі жалпы өнімінің айтарлықтай төмен­де­уі­не әкелуі мүмкін.

Пандемия ғаламшардағы жүздеген миллион азаматтың үйреншікті өмір сүру тәртібін өзгертіп қана қоймай, әлемдік тәр­тіптің де трансформация­лан­­уына әкелді. Барлық дерлік мемлекеттер өз шекараларын жапты, на­рық­тар құлдырады, сау­да азайды, тұтас салалар тоқ­тады. COVID-19 – жаңа эко­номикалық-технологиялық құ­ры­­­лыс­қа өтуге белгі болды. Ол үшін, жүйелі экономикалық дамудың келесі цикл­дерін инвестициялау мақсатында адами және қаржылық ресурстарды жұмылдыруымыз қажет. Мұны іске асыра алған елдер бұл цикл­­де бірінші болады және өз шарттарын қоя алады. Іске асыра алмаған елдер әлдеқайда қиын жағдайда қалады.       

Сондықтан еліміздің бас арнаулы қызметінің алдында, әлемдегі біздің әріптестеріміз сияқты, оқиғаларға кәсіби баға беру және алдын алу болжамдарын жасау, әлемнің шынайы бейнесін көру, ашу, айқындау міндеті тұр. Өйткені бағытталған ақпараттар мен фейктер өте көп.

Маңыздылығы тұрғысынан бұдан кем емес басқа міндет – дұрыс шешім қабылдау үшін оқиғалар барысын алдын ала айту. Сәтсіздіктер мен эко­но­ми­ка­лық шығындарды бол­дырмау. Мұнда біз жұмыс іс­те­уі­міз қажет көпте­ген нәрсе бар. Содан кейін, жо­ға­­­ры дең­гей­дегі пилотаж фигу­ра­ла­ры­на, яғни болашақты қа­лып­тастыруға кі­рісу керек. 

1

Отандық тарихтағы ең күр­де­лі сынақтардан өтуге кө­мек­тес­кен хал­қымыз­дың дәс­түр­лі құндылықтары – ынтымақ, тө­зім­ділік, тілектестік екен­дігін Мем­ле­кет басшысы бірнеше мәрте айтқан болатын.

ҰҚК өз тарапынан қоғам мен мемлекеттің тыныс-тір­ші­лігінің бар­лық саласында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша өзіне жүк­тел­ген міндеттерді орындауға толық дайын. Өткен қалыптасу және даму жылдарында ҰҚК жеке құрамы халықпен бірге еліміздің мемлекеттілігін құруға лайықты үлес қосты, тәуелсіз елдің қа­уіп­­­сіздігін сенімді қорғады. Ко­ми­тет қыз­меткерлері және олар­дың отбасылары алғы шепте пандемияның барлық ауырт­па­лықтарын көтеріп, қызметін абыроймен атқарып келеді.

Ұлттық қауіпсіздік коми­те­ті­нің 28 жылдығы күні ұлттық қа­уіп­сіздік орган­дарының барлық жеке құрамы мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құт­тықтаймын, мықты денсаулық, отбасыларына береке және жаңа табыстар тілеймін!