Қазақстан ЕҚЫҰ-ға жетекшілігінің алғашқы күнінен бастап өзіне алған міндеттемелеріне адалдық танытып келеді
БҰЛ ЕҢ БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ ЕЛБАСЫНЫҢ ЖЕҢІСІ ЕДІ
2007 жылдың 30 қарашасында Испанияның астанасы – Мадрид қаласында өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде Қазақстан Республикасы аталған беделді халықаралық Ұйымға 2010 жылы төрағалыққа сайланды. Жас тәуелсіз мемлекеттің кандидатурасын қолдап ЕҚЫҰ-ға мүше барлық 56 ел бірауыздан дауыс берді.
Сөйтіп, ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет Азия құрлығында орналасқан мемлекет, тұңғыш рет бұрынғы Кеңес Одағы құрамынан бөлініп шыққан ел, тұңғыш рет тұрғындарының басым бөлігі мұсылман дінін ұстанатын республика, тұңғыш рет түркі тілдес мемлекет әлемдік аренада осындай биік тұғырға көтерілді. Бұл барша қазақстандықтардың, еліміздің дипломатиясының, ең бірінші кезекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі еді.
Самат МҰСА.
Қазақ елінің ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлануы, тұтастай алғанда, бүгінгі жас егемен елдердің еуропалық үлгіге сай келетін демократия құра алатынын, осы бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгендігін тұңғыш рет ресми түрде танытты. Осылайша Қазақстан Республикасы жаңа белесті бағындырды, яғни туған Отанымыз ендігі жерде әлемдік саясаттың бұрынғыдай сырттай бақылаушысы қатарынан сол саясатты айқындаушы мемлекеттер сапына қосылды.
Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлануын сондай-ақ, дүние жүзіндегі демократиялық мақсат-мұраттарды, адам құқықтарын сақтауды мақсат ететін ең беделді Ұйымның, жоғарыда да атап көрсеткеніміздей, бірінші кезекте Қазақстанның тұңғыш Президентінің бейбітшіліксүйгіш, адам құндылықтарын жоғары қоятын азаматтық қоғам құруға бағытталған саясатын мойындағаны деп те білу керек.
Бүгінде әлем елдері Қазақстанның әлемдегі төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқанын, сенімді, ашық саясат жүргізіп отырғанын оң бағалайды. Оның үстіне, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мүшелікке қабылданған сәтінен бастап өзіне алған барлық міндеттемелерін мүлтіксіз орындап келеді. Ауғанстанды тұрақтандыруда белсенді позиция ұстануда. Халықаралық деңгейде әлемдегі бейбітшілікті сақтау ісінде ұтымды бастамаларымен танылып отыр. Әрине, осындай беделді халықаралық Ұйымға төрағалық ету елімізге зор жауапкершілік жүктейтіні де айқын еді. Сондықтан да Отанымыз төрағалықтың алғашқы күнінен бастап жауапты қызметіне бел шеше кірісіп кетті.
Қазақстан Ұйымға төрағалығы қарсаңында өзін саяси жағынан жаңғырту үшін алдына айтарлықтай күрделі міндеттер қойды. Соның ішінде ЕҚЫҰ мен оның институттарының ұсыныстары үнемі ескеріліп отырды. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға, Сайлау туралы заңға тиісті өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Ұйымның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының ұсынысына сәйкес саяси партиялар қызметіне даңғыл жол ашылды. Жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері де ұлғая түсті.
Ең бастысы – елімізде этносаралық, конфессияаралық үнқатысулар бойынша үлкен тәжірибе жинақталды. Қазақстан халқы Ассамблеясы ел тұрғындарының татулығына үлкен үлес қосып келе жатқан әлемде баламасы жоқ қоғамдық институт болып табылады. Және мұндай институтты дүние жүзінде алғаш рет Қазақстан құрды деп зор мақтанышпен айта аламыз.
Қазақстан – өз аумағында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының қатарынан үш мәрте съезін өткізіп, дінаралық келісімге халықаралық деңгейде атсалысып отырған бірден-бір ел. Осыны бағалағандықтан да болар, дүние жүзінің көп еліне мойын бұра бермейтін Рим Папасының Астанаға арнайы келіп аялдағаны ұмытыла қойған жоқ.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында елімізді және, тұтастай алғанда, Орталық Азия өңірін кешенді жаңғыртуға ұмтылыс танытуда. Сонымен қатар, Ұйымды оған мүше мемлекеттер иігілігі үшін реформалауға бастама көтеріп отыр.
Бүгінде әлемде шешуін күткен мәселелер баршылық. Мысалы, экологияға, климаттың жылынуына, заңсыз миграцияға қатысты осыны айтуға болады. Таулы Қарабақ жанжалы тым ұзаққа созылып барады. Ауғанстандағы жағдай да жаһан жұртшылығына белгілі. Грузия мен Оңтүстік Осетия түпкілікті түсіністікке қол жеткізе алған жоқ. Днестр жағалауы проблемасы да көкейкестілігімен ерекшеленеді...
Енді, міне, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 11 жылға жуық уақыт бойы өткізілмей келген ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитін ұйымдастыру бастамасын көтеріп отыр. Саммит өтпеген кезең аралығында әлемде көптеген оқиғалар орын алып, жалпы дүние жүзіндегі ахуал үлкен өзгерістерге ұшырады. Жаһан келбеті өзгерді десек те жарасатындай. Осы себептерге байланысты ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі саммитін өткізудің уақыты келгені өз алдына, мұның бүгінгі таңдағы аса көкейкесті мәселелердің бірі болып табылатынын мойындаған жөн.
Қазақстан Ұйымға төрағалық қызметіне кіріскеніне 100 күн толып отыр. Осы аз ғана уақыт аралығында еліміз өзінің төрағалық кестесіне сәйкес бар мүмкіндігін пайдаланып жұмыс жүргізіп келеді. Батпандап кірген, мысқалдап шығады дегендей, Қазақстан қолға алған шаруалардың барлығы бір күнде шешіле салатын дүниелер де емес. Тіпті, еліміздің қызметі соларды шешудің маңызды бастамасы мен алғышарты болуы ғана мүмкін. Бірақ, ең бастысы, тоң болып қатқан проблемалардың көбесін сөгуге негіз қаланатынына еш күмән жоқ.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлануы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлғалар тобынан екенін жалпақ жаһанға жария етті. Айналасы жиырма жылға толар-толмас уақытта болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт, ми батпаққа белшесінен батқан елді жаңаша тұрпаттағы мемлекет ретінде қалыптастырып қана қоймай, оны бүкіл дүние жүзіне таныту, сөйтіп, мойындайтын, есептесетін, құрметтейтін елге айналдыру, шын мәнінде, үлкен де жаңашыл реформатордың, халқының қалаулы перзентінің ғана қолынан келеді десек, қателеспейтініміз анық. Қазақстан төрағалығы да осы сөзіміздің айқын бір айғағы.
Қазақ елінің ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлануы бүгінгі жас егемен елдердің еуропалық үлгіге сай келетін демократия құра алатынын, осы бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгендігін ресми түрде танытты.
Қазақстан бұрынғы Кеңестер Одағы құрамындағы елдер ішінен тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мемлекет болғанымен, Ұйымға мүше мемлекеттер біздің елдің кикілжіңдерді шешуге деген ықыласына, ұмтылысына оң баға беруде.
Грекия өзінің төрағалық еткен уақытында Ұйымның шешімдерді орындата алатын күшінің жоқтығына көңіл аудармады. Ал әлемде Қазақстанның саяси және экономикалық салмағы басқаша бағаланады.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТІ
Жақсыбай САМРАТ.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметіне кіріскеніне де 100 күн толып отыр. Бұл үміт пен сенімге толы күндер болды. Қазақстанның еуропалық Ұйым төріне шығуын сұңғыла саясаткерлер сан-саққа жүгірткен сараптамаларымен, ұшқыр болжамдарымен бояуын қанықтыра жазып жатты. Жұрттың көбін, алдымен Қазақстанның Ресей мен Батыс арасын жақындатуға, сырт көзге қоңыржай болып көрінгенімен, екі жақтың тереңге кеткен қағидатты келіспеушіліктерін еңсеруге қаншалықты ықпал ете алатындығы қызықтырып, осы төңіректе көп әңгімелер болды. Сондай-ақ Ұйымның жауапкершілік аумағындағы кейбір ұзаққа созылып кеткен кикілжіңдердің реттелуіне қаншалықты үлес қоса алар екен деп және бұл тарапта Қазақстанның рөлін асыра бағалап, көпе-көрнеу көпшік қоюшылар да табылды. Сөйтіп, Қазақстанның төрағалығын өзінен де гөрі көп қобалжулармен, көп толқулармен күткен жақтар мол еді.
Бірақ жұрт қалай десе олай десін, Қазақстан “ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап”, өзінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ежелден ұстанған сарабдал саясатынан айнымаған күйі төрағалықты бастап кетті. Әрине, ішкі дайындық та мол болды. Соның ішінде 2007 жылғы қараша айында Мадридте болған Ұйымға мүше елдер СІМ кеңесінде айтылған мәселелер бойынша көп жұмыстар істелді.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші елдің басшысы ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 14 қаңтарда қазақстандық төрағалықтың Үндеуін жариялады. Онда Елбасы: “Халықаралық ұйымдар қызметтерінің тиімділігін жаһандық жаңа қатерлерге сәйкестендіріп, арттыру мәселесі бірінші кезекке шыға бастады. Нақ осындай міндет үнқатысудың бірегей алаңы саналатын, ғаламшарымыздың үш құрлығындағы 56 мемлекетті біріктіретін ЕҚЫҰ-ның алдында тұр”, дей келіп: “Қазақстандық төрағалықтың ұраны төрт “Т” – “траст” (сенім), “традишн” (дәстүр), “транспаренси” (ашықтық) және “толеранс” (төзімділік) болады деп оларды қалыптағыдан ерекшелеу, жұртты елең еткізерлік әдіспен жеткізіп берді де, олардың әрқайсысына жеке тоқталды.
Осы Үндеуінде Президент Н.Назарбаев ЕҚЫҰ-ға мүше елдер көшбасшыларын 2010 жылы саммит өткізу туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырды. Ал ЕҚЫҰ-ның өз басы туралы айтқанда, “Бүгінде ештеңемен алмастырылмайтын Ұйым, оның тоқырауы немесе жойылып кетуі еуроатлантикалық кеңістікте өте қауіпті вакуумның пайда болуына әкеліп соғады”, деп жоғары бағалайтынын білдірді. Сонымен қатар, Елбасы төрағалықтың басымдықтарына қатысты “Қазақстан ЕҚЫҰ-ның барлық үш “себеті” арасында оңтайлы тепе-теңдікті сақтауға көңіл бөлуге тырысатынын атап өткім келеді”, деді.
Қ.Саудабаев өзінің осы мәжілісте сөйлеген сөзінде қауіпсіздік саласындағы проблемаларға, созылмалы кикілжіңдерді реттеуге баса көңіл бөлінетінін айтты.
Сонымен қатар, Іс басындағы төраға ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың Қазақстан үшін маңызына тоқталғанда: “Менің терең сенімім бойынша, ЕҚЫҰ-дағы төрағалық біздің халқымыздың шын мәніндегі жұлдызды сағаты, Қазақстан тарихындағы орны өзгеше оқиға болып табылады, ол ең сәтті деген жағдайда тек 55 жылдан кейін ғана қайталануы мүмкін”, деген еді. Мұның да дәл әрі тауып айтылған сөз болғанын мойындау керек.
Мемлекеттік хатшы — Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретіндегі алғашқы сапары Еуроодақтың астанасы Брюссельден басталды. Мұнда ол Еуропалық Комиссияның президенті Ж.М.Баррозумен, Еуроодақ Кеңесінің президенті Х. ван Ромпеймен, Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі К.Эштонмен және Еуроодақтың қазіргі төрағасы, Испанияның сыртқы істер министрі М.А.Моратиноспен, т.б. кездесті. Бұлардың бәрі де Еуроодақтағы ең жоғарғы лауазымды тұлғалар. Барлық кездесулерде де ЕҚЫҰ төрағасы қызметінің алғашқы қадамдары, ұстанатын басымдықтар, екі ұйым арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары әңгіме арқауына айналды. Кездескен тараптардың бәрі де Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жариялаған басымдықтарын қолдайтынын, соның ішінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитін осы жазда өткізу мәселесіне де қайнауы жеткен шара деп қарайтынын білдірді.
Іс басындағы төрағаның сапары одан әрі Лондонда жалғасып, ол мұнда Ауғанстан мәселелеріне арналған әлемдік конференцияға қатысып, сөз сөйледі. Қазақстан басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен Ауғанстан мәселесін шешуге қосылып отырған үлес және алдағы уақытта оның қалай жалғасатыны туралы айта келіп, Ұйымның зор әлеуеті де оны шешуге бағытталатынын, өйткені, Ұйымның 56 мүшесінің 43-і онсыз да сол проблемаларға тартылып отырғанын атап көрсетті.
“Барлық жолдар Римге бастайды” демекші, барлық әлемдік мәселелердің негізгі түйіні де АҚШ-та тарқайтыны жасырын емес. Қанат Саудабаевтың сапарының да Вашингтонда жалғасқандығы осының көрінісі еді. Жоғарыда айтқанымыздай, осы елдегі Қазақстан елшілігі қазақстандық төрағалықтың басымдықтары туралы Хельсинки комиссиясына құлағдар еткен. Іс басындағы төрағаның сапары да Парламенттегі осы комиссияның мүшелерімен кездесуден басталған.
Отырыс барысында бәрі де Қазақстанның бастамаларына жоғары баға беріп, оның төрағалығына табыстар тіледі. Соның ішінде конгрессмен Э.Фалеомаваеганың Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлануы Президент Н.Назарбаевтың елді отаршылық пен коммунизмнің құрсауынан табысты жолмен алып шыққанына берілген зор баға деген сөздері есте қалды.
Осының ертесіне Қанат Саудабаев өзінің америкалық әріптесі Хиллари Клинтонмен кездесті. Іс басындағы төраға оған “Корфу процесі” секілді ЕҚЫҰ СІМ бейресми саммитін Алматыда өткізу туралы шешім қабылданатынын айтып, оған Х.Клинтонды ресми түрде шақыратынын жеткізді. Шақыру ықыласпен қабыл алынды. Тараптар одан әрі Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көтеріліп отырған ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер лидерлерінің саммитін 2010 жылы шақыру туралы идеяны мүдделілікпен талқылап, бұл мәселе жөніндегі белсенді жұмыстарды жалғастыра беруге келісті. Осының ертесіне Іс басындағы төраға БҰҰ-ның штаб-пәтері орналасқан Нью-Йорк шаһарына сапар шегіп, мұнда Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің өкілдері алдында қазақстандық төрағалық туралы баяндама жасады, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен де кездесіп, келіссөздер жүргізді.
Осыдан кейін Іс басындағы төраға ұзаққа созылып кеткен кикілжіңдерді басынан кешіп отырған Кавказ елдеріне жасайтын сапарын бастап кетті. Қазақстанның осындағы кикілжіңдерді реттеуге деген, олардың арасында тиімді араағайын болуға деген ұмтылысын қазір Ұйымдағы барлық әріптестер де жоғары бағалап отыр. Бұл бастаманы алғаш рет, Тәуелсіздіктің елең-алаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген еді. Қазақстан басшысының Ресейдің сол кездегі президенті Б.Ельцинмен араағайындық қызметін мұндағы халық әлі күнге құрметпен еске алады.
Іс басындағы төраға Әзірбайжан және Армения басшыларымен, қоғам өкілдерімен, Таулы Қарабақ тұрғындарымен кездесіп, олардың позицияларын білді. Ол жанжалды тек қана келіссөз үстелінде шешу қажеттігін және оны әлемдік қоғамдастықтың үлкен бөлігі қарайтын ЕҚЫҰ секілді Ұйымның қолдайтынын жеткізді. Өздерінің мәселелеріне әлем жұртшылығы алаңдаушылық білдіріп, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы келіп отырғанына екі жақ та ризашылықтарын білдірді. Осыдан әрі Іс басындағы төраға Грузияда болып, осы ел Сыртқы істер министрі Г.Вашадземен және саяси партия басшыларымен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Грузин-осетин жанжалының да шешілуіне ықпал ету мәселелері талқыланды.
Бұдан кейін Іс басындағы төраға әлем елдері да танымай отырған Приднестровье Республикасында да болып, кикілжіңдерді шешудің перспективасы тек келіссөз үстелінде екенін ұғынған Ұйым позициясын оларға да жеткізді және араағайындық жоралғылар жасады.
Қ.Саудабаев Швейцария конфедерациясына сапары барысында да ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Ұйымның алдында тұрған міндеттері мен қазақстандық төрағалықтың мақсаттары туралы әңгіме қозғап, ұсыныстарды талқыға салып отырды.
Міне, 100 күннің ішінде атқарылған жұмыстардың бір парасы осындай. Бұл – басы ғана.