Аймақтар • 14 Шілде, 2020

Елорда әкімдігі дәрі-дәрмектердің тұтынушыға дейін жеткізілуін қадағалайды

212 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қалалық басқарма басшыларымен, дәріханаларға дәрі-дәрмек жеткізетін дистрибьюторлармен бейнеконференция өткізді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Елорда әкімдігі дәрі-дәрмектердің тұтынушыға дейін жеткізілуін қадағалайды

"Кеше қалаға жеткізілген дәрі-дәрмектер дәріханаларға таратылды. Бүгін тағы бір борт келді, біз бұл дәрі-дәрмектердің қалай қадағаланып, сатылатынын нақты анықтауымыз керек. Барлық дәрі-дәрмектер мұқтаждарға жететіндей етіп нақты алгоритм, механизм жасау қажет", деді Б.Мәкен.

Өткен жексенбіде Нұр-Сұлтанға COVID-19, пневмония және басқа да ауруларды емдеуге қажет дәрі-дәрмектері бар жүк ұшағы келді. Қалаға 600 мыңнан астам дәрі-дәрмек қаптамасы жеткізілді. Келген тауарлар тізімінде дәрі-дәрмектің 350-ге жуық түрі бар.

Бейнеконференция барысында дистрибьюторлар апта сайын керек дәрі-дәрмектер қажетті мөлшерде жеткізілiп жатқанын айтты. Сонымен қатар сұраныс өте жоғары болғандықтан, олар азаматтар арасында бірнеше сағат ішінде сатылып кетіп жатыр.

Осыған қарамастан, дистрибьюторларға дәрі-дәрмектер қай дәріханаларға жеткізілгені туралы есеп беру ұсынылды. Мониторинг тобы дәріханалар арасында дәрі-дәрмектерді бөлудің толық ашықтығын қадағалап, тұтынушыларға қолжетімді екеніне көз жеткізуі керек.

Сондықтан, мониторинг тобына денсаулық сақтау, ішкі саясат, жастар басқармаларымен бірге дәріханаларға рейд жүргізу және дәрі-дәрмектердің қол жетімді екендігін көрсету тапсырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ел үкіметі мен елорда әкімдігі тұрақты негізде дәріханаларды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуде.