Әлем • 14 Шілде, 2020

Қазақстан Нью-Йорктегі қаржыгерді сотқа берді

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы нью-йорктік қаржыгер Даниел Чэпменді және онымен байланысты қаржы компанияларын кең ауқымды алаяқтықты жүзеге асыру мақсатында сөз байласты деп айыптап, оларға қарсы құқықтық қудалау бастады. Қазіргі таңда, Қазақстанның Нью-Йорк штатының Жоғарғы сотына берілген шағымы қарастырылуда. Бұл туралы Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Қазақстан Нью-Йорктегі қаржыгерді сотқа берді

Екі молдавандық олигарх Анатол Статидің және оның ұлы Габриэль Статидің ("Стати") Қазақстандағы компанияларында Даниел Чэпмен және оның инвестициялық компаниялары басты инвесторлар болды.

Шағымға сәйкес, Стати қазақстандық компаниялардың шығындарын үлкейту арқылы оларды жүйелі түрде активтерден айырып, өзінің халықаралық инвесторларынан қаражат жымқырды. Стати алаяқтықты іске асыру үшін жалған қаржылық есептілікті жасады. Содан кейін бұл есептіліктің шынайылығын мәлімдейтін аудиторлық есептерді алу үшін өзінің аудиторлары KPMG-ге өтірік айтты.

Сонымен қатар, Статидің компанияларына инвестиция құйған инвесторлардың арасында Deutsche Bank, Goldman Sachs және Standard Chartered Bank сияқты ұйымдар болды. Инвестициялар бойынша сенімді басқарушы Wells Fargo Bank болды.

Қазақстан Даниел Чэпмен шамамен 2012 жылы Стати алаяқтығы туралы білді, бірақ тиісті шаралар қолданудың орнына, ол ұрланған ақшаны Қазақстанға қарсы төрелік және сот процестері арқылы қайтару үшін молдавандық бизнесмендермен заңсыз келісімге келді деп мәлімдейді.

Шағымда "Чэпмен және оның компаниялары қаржы пирамидасын жүзеге асыруға қосылған жәбірленушілер сияқты әрекет етті. Жәбірленушілер Статидің қылмыстық схемасын бұзудың орнына, олар өзінің ұрланған ақшасын жаңа жәбірленушіден [Қазақстаннан] алу үшін алаяқтық схеманы қолдауға шешіп, ұрланған ақшасын қылмыскерлерден заңды түрде қайтаруға тырысқан жоқ", деп айтылған.

Өткен жылы KPMG бұрмаланған қаржылық есептіліктері бойынша Статиге берілген өзінің барлық аудиторлық есептерін қайтарып алуын Статиге елеулі соққы ретінде қарастыруға болады. KPMG бұл есептерге "сенім артуға болмайды" деп мәлімдеді, себебі Стати KPMG-дегі өзінің аудиторларына бірнеше рет өтірік айтқанын дәлелдейтін жаңа дәлелдерге көз жеткізді.

Нью-Йорктегі сотта Қазақстан келтірілген шығындардың орнын толтыру туралы талаптар қойып, осы іс алқабилер сотының қатысуымен қаралуы туралы өтініш берді.

Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бекетаев:

"Жәбірленушілер жоғалған инвестицияларды қайтарудың басқа тәсілдерін табудың орнына оларды алдаған қылмыскерлерге қаржылай қолдау көрсетуі таңғаларлық жайт болып табылады. Алайда, Даниел Чэпмен және оның компаниялары Статимен Қазақстанға қарсы бірігіп, стратегиялық қатеге жол берді. Чэпмен Қазақстанға қарсы Статидің төрелік талқылауы және сот процестері алаяқтыққа негізделгенін біле тұра, процестерді қолдауды жөн көрді. Біз Нью-Йорктегі сотқа және алқабилерге барлық дәлелдерді ұсынуға дайынбыз. Біз әділеттілік ақыры жеңетініне сенімдіміз".