Экономика • 14 Шілде, 2020

Ерболат Досаев: Ұлттық банк биылғы инфляция деңгейін 8-8,5% шегінде ұстап тұруды көздеп отыр

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2020 жылы инфляцияны 8-8,5% дәліз шегінде ұстап тұруға бағытталған ақша-кредит саясаты жүргізілетінін мәлім етті, деп жазады Egemen.kz

Ерболат Досаев: Ұлттық банк биылғы инфляция деңгейін 8-8,5% шегінде ұстап тұруды көздеп отыр

"Ол үшін Ұлттық банк қолда бар құралдарды пайдаланады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының монетарлық емес инфляцияны төмендету тапсырмасын орындау мақсаты көзделеді. Ол үшін нарықтарды тауарлармен толтыру, жеткізу тізбегін оңтайландыру және алыпсатарлыққа жол бермеу жолымен Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан импортқа тәуелділікті азайту бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл ақша-кредит саясатын іске асырудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді", - деді Ерболат Досаев Үкімет отырысында.

Ерболат Досаев сондай-ақ Ұлттық банк бұдан бұрын қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар мен жаңа бастамалардың негізінде экономиканы қалпына келтіруге қатысатынын жеткізді.

"Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесіп осы жылдың шілдесінің соңына дейін әлеуметтік-экономикалық ахуал нашарлаған жағдайда салаларды қолдаудың қосымша шаралар топтамасын дайындайды," - дейді ол.

Еске сала кетсек Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке жағдай ушығатын болса, халық пен салаларды қолдаудың қосымша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырған болатын.