Қазақстан • 14 Шілде, 2020

Министр 42 500 теңгенің қашан төленетінін айтты

5000 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңгенің қашан төленетінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Egemen.kz

Министр 42 500 теңгенің қашан төленетінін айтты

"Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру аясында коронавирустық инфекцияға байланысты жағдайды тұрақтандыру үшін қатаң шектеу шараларын енгізу салдарынан табыстарын жоғалтқан мұқтаж азаматтарға ағымдағы жылдың шілде айында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінде біржолғы төлем жүзеге асырылады", – деді ол.

Министр біржолғы төлемді тағайындауға өтінімді:

–жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген жалдамалы қызметкерлері үшін жұмыс берушілер;

– карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты қызметі шектелген жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бере алатынын айтып өтті.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі біржолғы төлемді жүзеге асыру қағидаларын әзірлеуде.

"Біз жұма күні азаматтардың өтініш беруге мүмкіндігі пайда болады деп үміттенеміз, ал дүйсенбіден бастап төлемдерді тағайындауға кірісуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ біз жекелеген санаттағы азаматтар үшін проактивті форматта төлем тағайындау мүмкіндігін қарастырамыз", – деді Біржан Нұрымбетов.

Еңбекминінің басшысы сонымен қатар бейресми түрде өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға біржолғы төлемге өтініш беру үшін БЖТ-ны қайта төлеу міндетті емес екенін атап өтті.