Аймақтар • 14 Шілде, 2020

Атырауда найзағайдың жарқылынан 11 530 гектар алқаптың шөбі өртенді

801 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылқоға ауданында өткен екі мәулікте 11 530 гектар аумақтың құрғақ шөбі  өртеніп кетті. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда найзағайдың жарқылынан 11 530 гектар алқаптың шөбі өртенді

Баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 12 шілдеде сағат 12:25-те Сағыз ауылдық округінен 70 шақырым қашықтағы Тасқұдық елді мекенінің аумағында құрғақ шөп өртке шарпылды. Дала өрті сағат түнгі 23:25-те ауыздықталып, 13 шілдеде сағат   00:30-да толықтай сөндіріліпті.   Оған Мұқыр ауылдық округінің 15 тұрғыны мен 1 техника, Кенбай кен орнынан  5 адам мен 1 техника тартылды. Өрттің тұтануына найзағайдың жарқылы себеп болған.Өртенген жердің аумағы – 880 гектар.  
1

"Сол күні, 12 шілдеде сағат 12:30-да аталған аудан аумағындағы Тасшағыл ауылдық округінен 36 шақырымдағы Апантай, Жапалақ-1, Жапалақ-2, Қособа, Әжібай, Қарағай, Ұшақ ұшы, Айғыршағыл, Жуалы, Қосбиек, Шәріп, Әмір, Байқоңыр учаскелерінде 10 000 гектар аумақта далалық құрғақ шөп өртенді. Бұл учаскелердегі өрт 13 шілдеде 03:30-да ауыздықталып, таңғы сағат 04:20-да толығымен сөндірілді. Мұнда да дала өрті найзағайдың жарқылынан тұтанған. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 7 қызметкері мен 1 техникасы,   Тасшағыл, Көздіқара, Миялы ауылдарынан  26 адам мен 9 техника жұмылдырылды" -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Сонымен бірге, 13 шілдеде Тасшағыл ауылдық округінен 15 шақырым жерде дала өрті тіркеліп, Қарағай, Қарақұдық, Байбек, Әжібай учаскелерінде 650 гектар аумақтың құрғақ шөбі жанып кетті. Бұл учаскелердегі жалынды ауыздықтауға 10 техникамен жұмылған ерікті өрт сөндіру жасақтарының 80 адам өртті сағат 23:20-да толықтай сөндірді.