Тағайындау • 14 Шілде, 2020

Атырау облысында бас санитарлық дәрігер тағы да ауысты

1064 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірде коронавирус инфекциясының өршуі әлі басылар емес. Кеше, 13 шілдеде тағы да 190 тұрғыннан қауіпті індет табылып, науқастардың саны 8118 адамға жетті. Қауіпті індетпен күреске тартылған  төрт медицина қызметкері қайтыс болған еді.

Атырау облысында бас санитарлық дәрігер тағы да ауысты

Осындай деректер себеп болды ма, кеше облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері тағы да ауысты. Тағы да дейтін себебіміз, Атырауда коронавирус инфекциясы тіркелген 27 наурыздан бері  бұл қызметті Мейіржан Есімбаев, Темірбек Мұсағалиев  және Амантай Жұмағалиев атқарған еді. Енді міне, аталған лауазымды төртінші болып атқаруға Садуақас Байғабылов тағайындалды.

Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген оның бұл салада 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Әр жылдары Қарағанды облысының тұтынушылар құқығын қорғау департаментінде, ҚР Премьер-Министрінің канцеляриясында жұмыс істеді. Кейін  Павлодар облыстық және Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттерін басқарды. Сондай-ақ, осы кезге дейін  ҚР Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігері болды.