Руханият • 15 Шілде, 2020

Жазушы үйі жетімсіреп тұр

615 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тірлігінде туралықты ту етіп, тағдырын тауқыметке байласа да туған халқының жоғын жоқтап өткен Шерхан Мұртаза есімі қазақ үшін әрдайым қастерлі. Ғұмыр бойы елінің ерен қасиетімен қоса, өзінің туған топырағы Мыңбұлақтың мың сан қырлы құпиясын шығармашылығына арқау еткен абыз тұлға. Ал сонау күрделі кезеңде ұлттың басына түскен нәубеттің шындығын жоғалтпай жеткізген жазушы сол арқылы жазықсыз жапа шеккен талай тағдырдың рухына ескерткіш орнатып кетті.

Жазушы үйі жетімсіреп тұр

«Тозбасты ұста соқпайды, өл­месті Құдай жаратпайды», дегендей, қазақтың біртуар перзенті Шерхан Мұртазаның да бұл дү­ниедегі демі таусылып, мәңгілік мекеніне көшкеніне де екі жылдың жүзі болды. Бірақ тураби секілді елестейтін тұлғаның тағылымы һәм тағдырының тәлімі бүгінде әрбір қазақтың жүрегінде.

Шерхан Мұртаза Парижде де, Мы­сырда да, қысқасы, дүниенің көптеген жерінде болғанын, бірақ түсіне олардың ешқайсысы емес, тап Мыңбұлақтың жиі кіретінін кезінде жазған болатын. Бұл оның қиын болса да балалық шағы өткен туған жеріне деген сағынышы еді. Мыңбұлақ – ежелгі тарихи жазбаларда кездесетін жер атауы. Ал әйгілі Шерхан Мұр­тазаның кіндік қаны тамған мекен бүгінгі Жуалы ауданының іргесінде орна­ласқан Талапты ауылы. Жастық шағын Мәскеуде оқуда өткізген, кейіннен талай жыл шығармашылық қызмет бабымен Алматыда тұрған жазушы екі мыңыншы жылдардың аяқ шенінде біраз уақыт Тараз қаласында да тұрды. Одан өзінің туған ауылы Талаптыда өмір сүрді. Кезінде, яғни 2001 жылы осы Талапты ауылынан жергілікті биліктің қолдауымен Шерхан Мұртазаның құр­­метіне екі қабатты, көрнекті үй са­лын­ған. Бұл жерде жазушы үш жылдай тұр­ды да. Әсіресе жаз мезгілдерінде туған топырағына келіп, аунап-қунап қай­туды да әдетке айналдырған еді. Та­лапты ауылының сыртындағы ескі жұрт­­ты да аралап, балалығының ізі қал­ған көне мекенді көзбен көріп, көңіл демдейтін. Жазушының сол үйі бұл күнде жалғызсырап тұр. Бұл ретте атал­ған үйді музейге айналдыру керек деген де пікірлер айтылып жүр. Алайда ауылды жер­ден жазушының музейі ашыла­тын болса, оған көп адамның ба­ра бермейтіні де ел арасында әжеп­тәуір әңгіме арқауына айналуда.

Негізінен бұл үйдің жал­ғыз­сырап тұр­ғанына он жылдай уақыт болып қалды. Әрине үй иесіз емес. Шер­ағаң­ның өзі аманаттап кеткен бауыр­лары­ның қарауында тұр. Ал үйдің ішінде құнды заттардан тек кітаптар ғана бар. Әлем әдебиетінің жауһарларын жазушы Мәскеуде студент болып жүрген кезінде алып келген екен. Бұл да болса қаламгер рухын танытатын көріністің бірі. Талай жылдан бері иесін жоқтап, жалғызсырап тұрғандай күй кешіп ке­ле жатқан жазушының осы үйін музейге айналдырған жөн секілді. Аудан әкімдігінің теңгеріміне алы­­­нып, мекеме ретінде штат қа­рас­­тырылып, жұмысын атқарса, бұл да жазушының есімін ұлық­тау жолындағы жүйелі жұмыс бо­ла­тын еді. Оның үстіне Жуалы ауданы облыс орталығы Тараз қа­­ла­сынан аса қашық емес. Об­лыс­­­­тың иен түкпіріндегі емес, ха­­­лықаралық «Батыс Еуро­па – Батыс Қытай» көлік дәлі­зі­­­­­­нің бойында орналасқан аудан. Ал Талапты ауылы да Жуа­­­лы ауданының орта­лығы Б.Мо­­­мыш­ұлы ауылының тура ірге­­сінде. Сон­дықтан да жазушы музейі елеусіз, ескерусіз қалып қояды деуге еш негіз жоқ сияқты. Мәселен, Лев Толстойдың Ясная Полянасы да жырақтағы мекен. Ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың музей-үйі де Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында орналасқан. Сол сияқты, Шерхан Мұртазаның музей-үйі де Талапты ауылынан ашылса, қалам­герді құрметтеген әрбір адам­ның осында келіп тұратыны даусыз. Талапты ауы­лына арна­йы барғанымызда да, бұл баста­маны ауыл тұрғындарының қол­дайтынын байқадық. Ауыл тұр­ғыны Саракүл Зиятханова да жа­зушының тұрған үйі музейге айналса, бұл да бір жақсылықтың нышаны болатынын жеткізді. «Осы ауылға келін болып түс­ке­німе елу жылға жуықтады. Қы­рық жылға жуық ауылдық кітапха­наның мең­герушісі болып жұмыс істедім. Жолы да, жасы да үлкен болғанына қара­мастан Шерхан ағай ылғи мені келін деп сыйлайтын. Кітапханаға келіп, ылғи кітаптар беріп кететін. Оның ішін­де өзінің кітаптарымен қатар, оқыр­манға қажетті сан салалы кітаптар болушы еді. Ауылға газ тартып, мешіт, мектеп салуда да ол кісінің ықпалы көп болды. Мұны халық ешқашан ұмытпайды. Ол кісі екі мыңыншы жылдардың соңына қарай ауылға келіп тұрды. Ағай тұрған үй салынып жатқанда да жұмысшыларға тамақ істеп, қолғабыс жасадық. Енді осындай тарихи кісілердің есімін есте қалдыру мақсатында туған топырағынан музейдің ашылғаны да дұрыс», дейді ол. Осы Талапты ауылындағы Б.Момышұлы атын­дағы №22 орта мектептің екі қа­батты жаңа ғимаратқа көшуіне ықпал еткен де Шерхан Мұртаза болыпты. Аталған білім ошағына барғанымызда, мектеп директоры Руслан Сайлаубаев мұнда арнайы жасақталған Шерхан Мұр­таза бұ­рышын көрсетті. Сонымен қа­тар жазушыға арналған жиындар, еске алу кештері, өнеге сағаты өтіп тұ­рады екен.

Жалпы, жақсының есімін ұлық­­­­­тау парыз. Бұл ретте Жуалы ауда­нының әкімдігі де қаламгер есімін есте қалдыруда қан­дай ша­руалар атқа­рылып жатыр деген сауал туады. Аудан әкімі Нар­бай Ергебековке хабар­ласқа­нымызда, ол Шерхан Мұр­тазаға деген құрметінің ерек­ше екенін, сондықтан да бұл жерден аула клубын жасағалы отыр­ғанын жет­кізді. «Жақындары бізге үйдің құжатын рәсім­деп беру керек. Ке­­лі­сім бойынша жуық арада реттеп беруі тиіс. Бұл жұмыстарды ал­дағы қыркүйек айы­на дейін бір жақты етіп, үйдің бір бөл­месін музейге айналдырсақ па дей­міз. Одан кейін, бұл жерді күтіп-бап­тау жұмыстарын да аудан әкімдігі өзі ұйымдастырмақ ниет­те», дей­ді Нар­бай Ергебеков. Егер аудан әкімі айтып отырған бұл жос­пар­лар іске асса өңір­дің қазақ әде­биетіне, ұлттың руханиятына жа­саған бір қамқорлығы болар еді.

Жазушының көзі тірісінде-ақ Тараз инновациялық-гума­ни­тарлық универ­ситетінен «Шерхан­тану» орталығы ашылған болатын. Аталған орталыққа қаламгердің қолжазбалары, суреттері мен пай­­даланған заттарының біразы топ­тастырылған. Ал өткен жы­лы Жам­был облысының 80 жыл­дығына орай «Көне Тараз» тари­хи-этномәдени кеше­нінің ішінен Шерхан Мұртаза атындағы «Ру­ханият және тарихтану» орталығы пайдалануға берілді. Бұл да жазушы рухына көрсетілген құрмет. Ендігі жерде туған топырағынан өзі тұрған үйден де Шерхан Мұр­таза атындағы музей ашылып, еңселі ескерткіші қойылса, жалпы, жазушының мұралары бір жерге топтастырылса, бұл да орындалған міндеттің бірі болатын еді...

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы