Қоғам • 15 Шілде, 2020

Кәсіпкерлер көмекке келді

192 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елде дәрі-дәрмектің жетіспей жатқаны туралы ақпарат тараған соң өңірлердегі белсенділер әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, артылған дәрілер туралы ақпарат беріп, тұрғындар арасында үлестіруге кірісті. Сондай-ақ komek2020.kz сайты жасақталып, онда үлкен база әзір­ленді. Ем-домнан дәрі артылып, не артығымен бөлісе алатын азаматтар аталған платформаларда хабарлама беріп, мұқтаждарға көмектесе алады. Ел арасында шетелден дәрі-дәрмек пен қажет құралдар алдыртуға септігін тигізіп жат­қан меценаттар қатары да көбейіп келеді.

Кәсіпкерлер көмекке келді

Бизнес өкілдері мен кәсіпкерлер де бұл сынақты еңсеруге үлес қо­суда. Маңғыстаулық кәсіпкерлер об­лыстағы денсаулық сақтау нысандарына 45 оттегі концентраторын сыйға тартты. Құрылғылар Ресей Федерациясынан әкелінген. Кеше таңда Ресейден Маңғыстау облысына тағы 45 оттегі концентраты келді. Облыстық Қоғамдық коммуникация орталығының ақпаратына сай, бұл жолы қажет құрылғыларды Марат Орманов пен Сергей Ворожейкин алдыртқан. Демеушілікпен алынған аппараттар дәрігерлерге табысталып, олардың 30-ы облыстық ауруханадағы провизорлық стационарға, бесеуі Жаңа­өзен қаласына, қалғаны аудан­дарға үлестірілген.

Бұған дейін де аймаққа 54 оттегі концентраторының әкелінгені хабарланған болатын. Маңғыстаулық медицина қызметкерері өкпелері қабынған науқастардың көбіне жасанды тыныс алу құрылғылары қажет екенін, науқас саны көбейген сайын аталған оттегі концентраторына деген сұраныс та артып жатқанын айтуда. Шетелден алынған қымбат құрылғылар облыстық ауруханада ашылған провизорлық орталыққа жеткізілген. Бүгінгі таңда қажеттілігі артып отырған құралдардың отызын «Қаражанбасмұнай» АҚ сатып алып берген. Одан бөлек  С.Мұсабаев, А.Жол­дыбаев, Б.Оңдасынов, Ж.Әділ­беков, И.Бимырзаев, Н.Күн­шығаров, С.Мұ­ңал­баев, А.Керел­баев сынды кәсіпкерлер 20 данасын, Forte банкінің Маңғыстау облыстық бөлімшесінің директоры Аббат Өрісбаев 4 данасын сатып алуға демеушілік көрсеткен. 

«Дәл осындай қиын-қыстау ке­зеңде бірлесіп, сынақты жеңуге жұ­мыл­масақ, көмектеспесек, қашан кө­мектесеміз деп ойладық. Сондықтан Мәскеуден келе жатқан ұшақты пайдаланып шамамызға қарай оттегі концентраторын алдырдық. Аппаратты алуда мәскеулік әріптестеріміз қол ұшын созды. Қажеттілік туындағанын көре тұра қалыс қала алмадық. Бұл біздің парызымыз деп білеміз», деді кәсіпкер Маржан Жаңаберген.

«Оттегі концентратынан басқа өкпені жасанды желдету аппараты бар, бүгінде реанимацияда 50 науқас аталған аппараттың көмегімен тыныс алып жатыр. Одан бөлек ауруханада 6 бөлім бар. Әр бөлімде 30-дан бастап 80 науқасқа дейін емделуде. Олардың әрқайсысына осыған дейін келген аппараттарды бөліп бердік. Науқастардың барлығының емі аталған аппараттарға тәуелді емес. Өздігінен дем ала алатын азаматтарға аталған құрылғылардың қажеті жоқ. Ал қорқыныш билеп, дем жетпей, тыныс алуы қиынға соқ­са аппаратқа жалғаймыз. Оттегі концентраттарының көмегі сол»,  дейді облыстық аурухана басшысының орынбасары Сағат Аманқосов.

Аймақтағы облыстық көпбейінді аурухана соңғы бір аптадан бері толықтай провизорлық стационар ретінде жұмыс істеп жатыр. Мұнда 650 орын қарастырылған, қазір 380 науқас ем қабылдауда.

Ал ел ағалары алдырған құрыл­ғыларды ауруханаларға жеткізуге өңірдегі спортшылар жәрдем беруде. Олар оттегі концентраттарын тиісті мекемелерге апарып, кезекшіліктегі медицина қызметкерлеріне түскі ас­тарын жеткізуді қолға алған. Ақтау қала­лық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Болат Досовтың айтуынша, жастар бүгінге дейін ауруханаларға 140 оттегі концентратын жеткізген. Қажет жағдайда құрыл­ғыларды оттегімен қайта толтыру да жастардың міндетінде. Алдағы кез­де тағы 70 баллон алып келу жос­пар­да бар.

Түркістан облысы Жетісай ауда­ны­ның кәсіпкерлері де өңірдегі жа­ғдайды реттеуге атсалысып жатыр. Олар ауру­­ханаларға жасанды ты­ныс алу аппа­ратын алып берді. Меценаттар Асық­ата ауруханасына 5 кислородтық кон­центрат алып берген. Сонымен қа­тар аудандағы «Іскер аналар» қайырымдылық қоры ауруханаға 40 литрлік оттегі баллонын алуға қаржылай көмек көрсетті. Бұған дейін де Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Жұмағали Төреқұл ауданның орталық ауруханасына құны 700 мың теңге болатын жасанды тыныс алу аппаратын сыйға тартқаны хабарланған еді.