Қазір жазғы демалыс, сауықтыру және бос уақытты өткізу шараларына 105 мыңнан аса оқушы қатысып, 5587 оқушы еңбекке араласты. Олардың ішінде орманшылықтарда 193 оқушы, кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарында 3472, жоғары сынып оқушыларының еңбек жасақтарында 1922 оқушы жұмыс істеуде. Сондай-ақ, еліміздегі эпидемиялық жағдайға байланысты балалардың жазғы демалысын онлайн-форматта өткізу де жалғасып жатыр. Бұл мақсатта білім басқармасы жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар, балалардың бос уақытын өткізу және үй жағдайында жұмыспен қамтылуын үйлестіруге бағытталған қашықтық жобалар кешенін әзірледі. Яғни облыстың қосымша білім беру ұйымдары «Демалыс OFF-line «Мектеп жанындағы лагері» облыстық қашықтық жобасын іске асыруда.
Май ауданы Көктөбе ауылы мектебінің директоры Саниял Зілкеновтің айтуынша, жазғы демалыс кезінде қашықтықтағы лагерь жұмысы жалғасуда. Барлық оқушылар инстаграм парақшасына қосылып, мектеп жоспары бойынша бөлінген бағыттарда жұмыстарын бөлісіп тұрады. Жаз бойы оқушылар мұғалімдердің бақылауында болады.
Қазір оқушылар арасында қашықтан «Туған жер» экологиялық байқауы өтуде. Байқауға қатысушы ауыл, қала балалары картон қағаз қорабы, пластик құты, тығын, полиэтилен пакет, қағаз, фольга, мата қиқымы сияқты толып жатқан әртүрлі жарамсыз заттардан қолдан бұйымдар жасайды. Ал облыс орталығындағы оқушылар «Қаламызды таза ұстайық» экологиялық суреттер байқауында көшелер, үйлер, саябақтар, ескерткіштер, тұрғын үйлерді қоқыстардан қалай қорғап, сақтау керек екенін суретке салып бейнеледі. Оқушылардың экологиялық тақырыпта салған суреттері ересектерге ой саларлықтай. Қаладағы М.Әуезов атындағы мектептің оқушысы Аянат Сәрсембинованың «Қаламыздың орталық өзен жағалауы. Сахна» суреті, сондай-ақ №21 мектептің оқушысы Эвелина Галипадтың «Достар, бәрі де жақсы болады!» суреті, №19 мектептің оқушысы Алмира Ілиясованың «Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіт» сынды суреттері жүлделі орындарға ие болды. Ал облыс орталығындағы «Сириус» лагерінің бірінші маусымы «Барлығымыз бірге демалып, бірге үйренеміз!» деген тақырыпта өтті. Екі апта бойы 70-тен астам бала түрлі іс-шаралар мен конкурстарға толы уақытты өткізді. Бұған дейін үйренгендерін ұмытпай, онлайн оқи алады, енді балалар мектеп онлайн-лагеріне «баруды» да еш қиындықсыз «Біз онлайн каникулда жүрміз!» деген қызықты көңілмен жалғастыруда.
Сонымен қатар әрбір аудан мен қалада балалардың демалысын онлайн-форматта өзіндік жобалар іске қосылды.
– Балаларды музыкалық аспаптарда ойнауға үйрету бойынша тегін онлайн-курстар, қызығушылықтары бойынша тақырыптық сабақтар, әңгімелесу сағаттары, шығармашылық кездесулер, топтық шеберлік сағаттар, мұражайға және қасиетті орындарға виртуалды экскурсиялар, байқаулар, викториналар, спорттық жарыстар ұйымдастырылуда, – деді білім басқармасының өкілдері.
Павлодар облысы