Аймақтар • 15 Шілде, 2020

Бар мен жоқтың арасы...

158 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы күндері Алматыда онлайн-брифингтердің барлығы дерлік қаланы қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты болды. Қала әкімінің журналистермен қашықтан өткізген жиыны да дәл осы мәселеге арналды.

Бар мен жоқтың арасы...

Осыған дейін хабарланғандай, Қазақстанға дәрілік препараттарымен 3 борт келген еді. Алматы қосымша тағы 3 млн-нан астам дәрі күтіп отыр, оның ішінде дене қызуын түсіретін препараттар, антикоагулянттар және антибиотиктер бар.

Сонымен, дүйсенбі күні кезекті рет Алматы билігі шаһарда қажетті препараттар жеткілікті екенін ресми түрде мәлімдеді. Алайда әлеуметтік желіде көптеген дәрі-дәрмектің әлі де қат екендігі туралы ақпараттар кезіп жүр. Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, көпшілік індеттің өр­шуі­нен қорқып отыр. Сондықтан бұл дүрбелең туғызып, жұрт дәрілерді жап­пай сатып алып жатыр. Оның айтуынша, қазір қалада 185 мың дана параце­та­мол бар. 16 шілдеден бастап айдың соңына дейін 2,2 млн дана тағы келуі тиіс. Бұған қосымша арнайы қор тағы 3 млн қаптамамен қамтамасыз етіл­мек.

– Бұл үшін елді дүрліктірудің қа­жеті жоқ. Өкінішке қарай әлі де әлеу­меттік желілерде хайп жасап отыр­ған адамдар бар. Қаладағы әлеу­мет­тік маңызы бар 10 дәріхананы дәрі-дәр­мек­пен қамтамасыз етуді шектеп отыр­ған жоқпыз. Бәріне беріп жатыр­мыз. Біз бұл істі ұйымдастыруға кез келг­ен уақытта ықпал ете аламыз, – дейді С.Тұяқбаев.

Әкім орынбасары басқа да дәрі­ха­наларға өздерін қажетті препараттармен толықтырып отыру үшін әкімдікке хабарласу қажеттігін айтады. Қысқасы, қала билігі дәрі-дәр­мек тапшылығын жоюдың барлық тетік­те­рін қарастыратынын алға тартып отыр.

– Егер кімде-кім жай ғана хайп жа­­са­ғысы келсе – өз шаруасы. Біз бүкіл инфра­құ­рылымды дайындап отырмыз. Әлі күнге дейін «дәрі-дәрмек жетіспей жатыр, көрсетіліп жатқан сандар дұрыс емес» деп байбалам салу – бұл енді шектен асқандық. Барлық ақпаратты біз мәлімдеуге де, дәлелдеуге де да­йын­быз, – дейді С.Тұяқбаев.

Оның айтуынша, 2 апта бұрын пандемияға байланысты жекелеген дәрілерге сұраныс едәуір өсіп кет­кен. «Парацетамолды қаланың жал­пы тұтынуы мамыр айында 50 мың болса, соңғы екі аптада күніне 100 мың сатылды. Бұрын жыл бойы тер­мо­метрдің 100 мыңы саудаланса, 2-3 күнде 50 мың термометр сатылып кеткен. Сондықтан сұраныстың өсуіне байланысты да тапшылық туындап отыр. Қазір мәселені тұрақтандыру үшін күніне 2 рет мониторинг жасап отырмыз. Бастапқыда дәріханалардың инфрақұрылымы сұранысқа да­йын емес болатын. Мәселе шешілді. Соңғы бір аптада үлкен дүрлігу жоқ», деп сендірді ол.

Әкімнің орынбасары қазір дәріха­на­ларда 6 мың термометр бар екенін айтады. 1 шілдеден бастап Алматы дәрі­ханаларына 900 мыңға жуық дәрі жет­кізілген.

«Одан бөлек күнделікті бүкіл компанияларда, дәріханалар қоймасында да дәрінің біздегі қорына мониторинг жасап отырмыз. 846 мың дана дәрі бар. 1 ай көлемінде керекті препараттардың 3 млн 685 қаптамасы келуі тиіс. Пара­це­тамолдың 185 мың данасы бар. 16 шіл­деден бастап ай соңына дейін 2,2 млн қаптамасы келеді. Сондықтан кейбір азаматтардың дәрі жоқ деп дабыл қаққаны шындыққа сәйкеспейді», деді С.Тұяқбаев.

Сонымен қатар Алматыда фар­ма­цевтикалық өндіріс пен жеке қор­ға­ныс құралдары өндірісі бойынша бірнеше жоба қолға алынбақ.

«Өндіріске келер болсақ, фарма­цев­тикалық өндіріс пен жеке қор­ға­ныс құралдары өндірісі бойынша бірнеше жобаны қарастырып жатырмыз. Фармацевтикалық өнді­ріс бірден құрыла қоймайтыны бел­гі­лі. Бірақ бұл мәселені жүйелі түрде шешуге болатынын түсіндік. «Ала­тау» арнайы экономикалық айма­­ғын­да медициналық бұйымдар шы­ға­ратын кластер жасау туралы ше­шім қабылданды. 2044 жылға дейін же­ңіл­дік қарастырылмақ. Инфра­құрылым дайын. Қазір 4 жоба қарастырылып жатыр. 2 жоба бастал­ға­лы тұр. Атап айтқанда, матаға жат­пайтын мате­­р­и­ал өндірісі. Бұл бар­лық жеке қор­ға­ныс құралдары – маска, обаға қарсы костюмдер өнді­рі­сі. Егер біз осы өнді­рі­сті жолға қой­сақ, импортқа тәуел­ді болмаймыз. Жобаны жыл соңы­на дейін аяқтау жоспарланған», деді С.Тұяқбаев.

Ал Фармацевтикалық қызметті қол­­дау және дамыту қауым­дас­ты­ғы­ның президенті Марина Дурманова Ден­сау­лық сақтау министрлігінің №104 бұй­ры­ғына сәйкес, дәрінің шек­ті бағасы бел­гіленгенін айтады.

«Бізде дәрі бағасын мемлекет рет­тейді. Сондықтан әрбір өзін құр­мет­тей­тін бизнесмен осы шекті бағадан асып кетпейді. Өйткені бірінші мәрте оған үлкен көлемде айыппұл салы­на­ды. Екінші рет кәсіпорынның жұ­мы­­сы 6 айға тоқтатылуы мүмкін. Биз­нес жабылды деп санауға да бола­ды», дейді М.Дурманова. Оның айтуынша, дәріханалар тарапынан заң­бұзу­шы­лық тіркелмеген.

«Бізде шекті баға бар. Мысалы, парацетамол бұрын 70-80 теңге болған. Шекті бағасы – 128 теңге. Одан қымбат болуы мүмкін емес. Дәріханалардың біреуі де бұл бағаны көтерген емес. Бағаны көтеру туралы әңгіме болды. Бірақ баға қымбаттамады», деді ол.

Ал қала әкімінің орынбасары қала дәрі­ханаларындағы бағаны арнайы ко­мис­сия бақылауда ұстап отырғанын айтты. «Баға көтеру бойынша бір де бір дерек кездеспеді. Біз қатаң бақы­лауға алмас бұрын біреулер 3 пара­цетамол орнына 100 қаптама сатып алып отырған. Сосын оны интернет арқылы сатып отырған. Бұл дерек­тер­ді біз полицияға бердік. 11 дерек анық­тал­ды», деді С.Тұяқбаев.

 

АЛМАТЫ