- Дәрі-дәрмектер "Фармаком", "Забота" және тағы басқа да дәріхана желілеріне таратылады. Сондай-ақ, таяу күндері облыстың барлық аудандарындағы дәріханаларға жетеді. Әр ауданға жіберілетін дәрі-дәрмек көлемі сол өңірдегі тұрғындардың санына қарай анықталады, - деді "Стофарм" серіктестігінің коммерциялық директоры Сергей Аткин.
Сонымен қатар, облыс орталығындағы "Іңкәр" серіктестігіне де 20 тонна дәрі-дәрмек әкелінді. Қазір серіктестік қоймасында аса зәру дәрінің 23 түрі бар. Мәселен, мұнда бір ғана парацетамолдың 35 мың қаптамасы тұр. Цефтриаксон, азитромицин, левофлоксацин, новокаин, антигриппин, анальгин, зитмак, кардиомагнил, ксарелто сияқты дәрілер кешеден бері дәріханаларға таратылып жатыр.
Таяу күндері аймаққа дәрі-дәрмектің тағы бір легі келіп жетуі тиіс. Ертең Ресей мен Үндістаннан дәрі тиеген жүк ұшақтары Қостанай әуежайына қонады деп күтілуде.