17 Қазан, 2013

Құрбан айт мерекесімен құттықтады

600 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сейсенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» мешітінде болып, қазақстандықтарды, исі мұсылман қауымын қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

 

Сейсенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» мешітінде болып, қазақстандықтарды, исі мұсылман қауымын қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

Алла үйіне келген Нұрсұлтан Назарбаев осынау қасиетті күнді бүкіл мұсылман әлемі атап өтетінін жеткізе келе, ұлт пен ұлысты біріктіретін ұлық мейрамның маңызына тоқталды.

«Бүгін барлық мұсылман үшін маңызды күн – Құрбан айт мерекесі. Бұл мейрамды мұсылман әлемі, дүние жүзіндегі 1,5 миллиард мұсылман жұртшылығы үлкен құрметпен атап өтуде. Қазақстанда біз бұл күнді өзге де діни сенімдегілердің мерекесі сияқты атап өтеміз. Халықтың бірлігінің, Отанға деген сүйіспеншілігінің арқасында біздің еліміз табысты түрде дамып келеді. Тәуелсіздік кезеңінде халқымыз өзінің тарихи діні – ислам дініне қайта оралды, бұл бізді қуантады. Бүгінде күллі еліміз бойынша 3 мыңнан астам мешіт бар. Біз Қазақстандағы ең үлкен мешітті Астанада салдық. Осының барлығы елге деген қамқорлық, мұсылмандарға деген қамқорлық, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қазақстандықтардың елдегі бейбітшілік пен тыныштық, бақ-береке мен бірлік тілеген барлық дұғасының қабыл болуын тіледі.

«Бүгін құрбандық шалып, мұсылмандар таза, адал ниеттерімен еліміз бен халқымызға ізгілік пен бақыт тілейді. Елімізді береке мен бірлікке шақырады. Сол тілектің барлығы орындалсын. Мұсылманның шалған құрбандығы мен дұға-тілегі қабыл болып, Алланың құлағына шалынсын. Алла тағала бізге тыныштық және көпұлтты әрі көпконфессиялы халқымызға бірлік берсін. Қазақтарды, мұсылмандарды, халықтың барлығын Алла бірліктен ешуақытта ажыратпасын. Сонда біз еліміздің барша азаматтарының игілігі үшін Қазақстанды одан әрі өркендете беретін боламыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы Қазақстан халқын қасиетті Құрбан айт мерекесімен тағы да құттықтап, әр шаңыраққа жақсылық, береке-бірлік, бейбіт өмір және игілік тіледі.

Соңғы жаңалықтар