Аймақтар • 15 Шілде, 2020

Жезқазғанда дәрігер жетіспейді

334 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Арқа төсінің ең байлығынан мол үлес алған "Қазақмыс" компаниясы елдегі алаңдатарлық жағдайға бетін енді бұра бастағандай. Бұлай дейтін себебіміз, алпауыт кәсіпорын соңғы кездері коронавируспен күрес майданында бәрекелді дегізерлік игі істерімен көзге түсіп жүр, – деп жазады Egemen.kz.

Жезқазғанда дәрігер жетіспейді

Таяуда аталған компания Жезқазған өңірі үшін өкпені жасанды жеделдету аппаратының 14 данасын сатып алды. Алдағы уақытта тағы 13-ін жеткізу жоспарда бар екен. Бұдан бөлек, кәсіпорын 150 оттегі концентратын, 70 пульсоксиметрлерді және 2 рентген-аппаратты сатып алып, оларды Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы ауруханаларға таратып беріпті.

Мұның бәрін Жезқазған қаласында облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен болған кеңес отырысы барысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлімдеді.

Жасыратыны жоқ, Жезқазған өңірінде індет өршіп, өлім-жітім көбейіп, жалпы эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Мәселен, қазіргі уақытта коронавирусқа қарсы күресте дәрігерлердің жетіспеушілігі анық сезіледі. Сол себепті аталған жиында Жезқазған өңірі үшін облыс ораталығынан дәрігерлер бригадасын жіберу мәселесі әңгімеге өзек болды.  Оларды уақытша болса да үй-жаймен қамтамасыз ету жайы да күн тәртібіне қойылды.

1

Жиында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек осы түйткілді мәселелер түйінін тарқатудың амалдары мен жолдары турасындағы өзінің ой-пікірін білдірді.

– Мен бүгін мұнда эпидемиологиялық жағдаймен жеке танысу үшін келдім. Кейбір күрделі проблемалардың бар екенін жақсы білемін. Олардың бірі – медициналық кадрлардың тапшылығы. Мәселе менің жеке бақылауымда. Дәрігерлерді іздейміз. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігіне байланысты тұрғындар тарапынан шағымдар да бар. Жалпы, облыс бойынша медициналық препараттарды жеткізу басталды. Менің міндетім – ірі партияларды қамтамасыз ету, ал одан әрі әкімдер дәрі-дәрмекті дәріханаларға жедел жеткізу үшін қажет болған жағдайда тасымалдаумен айналысуы тиіс, –  деді ол.

Бүгінгі күнде Жезқазған қаласына дене ыстығын басатын және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің алғашқы партиясы жеткізіліпті. Бірақ, тұрғындар оны пышақ үсті бөлісіп алғанға ұқсайды. Қосымша партиялар жеткізілмесе, дәрі-дәрмек тапшылығының сол күрделі күйінде қала беретін түрі бар. Дегенмен, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Юрий Залыгин алдағы күндері бұл олқылықтың орны толатынына сендіріп отыр.

Өңірде жағдай осындай болып қалыптасқанда, алыпсатарлар да айылын жимай, лас істерімен айналысып келген. Мәселен, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының бес дәріханасында дәрі-дәрмек бағасының артуы және препараттарды рецепсіз сату фактілері анықталған. Жиын барасында белгілі болғандай, қазіргі уақытта бұлардың ісін және аталған саладағы басқа да былықтарды экономикалық тергеу департаменті қатаң түрде қадағалауға алыпты.

Кеңес отырысының соңына таман облыс әкімі коронавирусқа қарсы күрес майданында ерен еңбегімен көзге түскен медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен азаматтардың денсаулығын сақтау ісіндегі жанқиярлық еңбегі үшін Сәтбаев қаласы бойынша  тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гаухар Жалмурзина "Құрмет" орденімен, Жезқазған қаласының "Медициналық орталығы" ЖШС директоры Владимир Моторыкин "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды.

Еске салар болсақ, бүгінгі күнде Жезқазған қаласында 440 орындық төрт жұқпалы аурулар стационары жұмыс істеп тұр. Ондағы жүктелім шамамен 62% құрайды. 350 төсектік бір пульмопровизорлық госпиталь, сондай-ақ 90 орынға арналған екі карантиндік госпиталь және 15 реанимациялық төсек және бар. Сондай-ақ, қазіргі уақытта жұқпалы аурулар ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Стационар  осы жылдың күзіне ашылады деп жоспарланған.