Міне, осындай тығырыққа тірелген сәтте Қарағандыдағы «Мерей» медициналық фирмасы» ЖШС бетперде және басқа да медициналық жеке қорғаныс құралдарын өндіруді жолға қоя білді. Аталған фирманың директоры Қанат Наурызбаев сол кезде медициналық маскалар шығаратын машина сатып алғандарын мәлімдеген еді.
– Бұл аппарат бір минутта 100-120 дана бетперде шығаруға қауқарлы. Біздің маскалар үш қабатты. Біз облыс тұрғындарының инфекциядан қорғаныс қажеттілігін толығымен жаба аламыз, – деген болатын ол.
Расында да, көп ұзамай Қарағанды мен облыстың басқа өңірлеріндегі дәріханаларға отандық маскалардың көп мөлшердегі партиясы жеткізіліп, қолжетімді бағамен сатыла бастады. Сөйтіп, облыс бойынша маска жетіспеушілігін аз да болса бақылауға алуға мүмкіндік туған.
Жалпы, аталған фирма медициналық нысандағы бір реттік өнімдерді шығаруды 2011 жылдың маусым айынан бастап қолға алған екен. Өнімдердің қатарында бетке арналған үш қабатты маскалар, полиэтиленнен жасалған бахила мен халаттар болды.
– Бұл жұмыстарды бастағанымызда көптеген шешілмеген мәселелер алдымызда тұрды. Ол кезде шикізатты Қытайдан әкелетінбіз. Қазіргі таңда біз медициналық жеке қорғаныс құралдарын өндіруді қайта жандандыра бастадық. Ресейдің Қазан және Новосібір қалаларынан шикізат жеткізу мәселесі шешімін тапты. Біздегі цехтың өндірістік қуаты тәулігіне 20 мың маска шығаруға жетеді, – дейді Қанат Наурызбаев.
«Мерей» фирмасының өндірістік цехында полиэтиленді бахилдарды шығару үшін төменгі қысымды полиэтилен, «Спанбонд» материалдары және эластикалық резеңке бау пайдаланылады. Үш қабатты қорғаныс бетперделерін дайындау үшін «Спанбонд», «Мельблаун» «Спанлейс» материалдары, мұрын фиксаторы – полипропиленді өткізгіш, эластикалық, синтетикалық жіптерден жасалған резеңкелер іске жаратылады.
Бұдан бөлек, медициналық мекемеде нефро-урологиялық орталық жұмыс істейді. Бұл жерде гемодиализді емделуді қажет ететін науқастарға қызмет көрсетіледі, олардың сапалы гемодиализ алуларына барлық жағдайлар жасалған. Германиялық «Fresenius Medical Care» зауытымен келісімшарт жасалып, гемодиализге қажетті қазіргі заманғы аппараттар алынған. Бұдан басқа, зауыт жұмысқа және сервистік қызмет көрсетуге қажетті барлық шығын материалдарын жеткізіп береді. Фирма диализді қажет ететін науқастарды тамақтандыру шығындарын түгелдей өз мойнына алған. Сонымен қатар гемодиализді емдеуді қажет ететін науқастардың тасымалын да қамтамасыз етеді.
Облыс тұрғындарына медициналық, білікті, консультативтік-диагностикалық көмек беруді мақсат ететін «Мерей» фирмасының негізі 2008 жылы қаланған. Бүгінде мекеме медициналық қызметтердің сапасын жетілдіру бойынша үнемі ізденіс үстінде жүріп, ауқымды жұмыс атқарады. Осы мақсатта еуропалық жетекші кәсіпорындармен тікелей байланыс орнатқан. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып медициналық бір реттік жиынтықтарды – медициналық маска, бахил, киім шығаруды өндірістік жолға қойған. Расын айтқанда, еліміздің қазіргі нарығында мұндай отандық өнімдер аса көп емес.
Тұрғындарды бүгінгі аса қажетті тауарлармен және медициналық мінсіз қызметпен қамтамасыз етуді қолға алған кәсіпорын келешекке сеніммен қарайды.
Қарағанды облысы