Әлем • 16 Шілде, 2020

Әлемнің төрт елінде инфекцияның таралуы қарқынды

611 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемнің төрт елінде инфекцияланғандар саны қарқынмен өсіп келеді. Олар – АҚШ, Бразилия, Үндістан және Оңтүстік Африка Республикасы. Соңғысы жақында Иранды басып озып, коронавирус жұқтырудан планета бойынша бірінші ондыққа кірді, - деп хабарлайды Egemen.kz Қазақстан ұлттық арнасына сілтеме жасап. 

Әлемнің төрт елінде инфекцияның таралуы қарқынды

Мұнда жағдай соншалықты ауыр деуге келмейді: коронавирус диагнозы қойылғандар 276 мыңға жетіп, 4 мыңнан астамы қайтыс болған. Алайда, ОАР жаңа ауруға шалдыққандардың тәуліктік саны бойынша дүниежүзінде төртінші орынға шықты.

Бұл мемлекетте әлемдегі ең қатаң карантин наурыздың соңында жарияланды. Бірақ, экономиканы құтқару үшін  шектеулерді бірте-бірте жеңілдетуге тура келген. Енді сол шараларға қайта оралу қажет болып отыр.

"Қара құрлықта" Оңтүстік Африкамен бірге Мысыр да, Нигерия да, Алжир де, Марокко да Covid-19-дан көп зардап шегіп отыр.

Азияның түскейіне ойыссақ, Үндістанмен бірге Пәкістандағы эпидемиялық жағдай да қиындап барады. Бұл мемлекет жұқтырғандар статистикасы бойынша планетада 12 орында тұр: дауасы жоқ инфекция 251625 пәкістандықтан табылып, 5300-ге жуығы қайтыс болған.

Әлемде коронавирус оқиғаларының көбі екі Америкада тіркелді. Бразилияда вирус 1,9 миллионға жуық адамнан анықталып, 72 мыңнан астамы қайтыс болды.

Венесуэла астанасы Каракас пен елдің Миранда штаты да сәрсенбіден бастап карантинге қайта жабылады. Ондағы мақсат – тағы да күш алған эпидемияның бетін қайтару.  Вирус жұқтырған мыңдаған адамның ішінде социалистік партия лидері де бар.

 

Құрама Штаттар – әлі бірінші орында. Мұнда қауіпті инфекцияны жұқтырғандар 3 миллионнан асып, 140 мыңға жуығы о дүниелік болды. Дегенмен, жағымды жаңалық та бар. Америкада коронавирусқа қарсы "Модерна" вакцинасы дені сау 45 адамға сыналып, өзінің қауіпсіз әрі иммунитеттің күрес қабілетін қоздыратынын байқатқан.