Аймақтар • 16 Шілде, 2020

Полиция мүмкіндігі шектеулі қызға арба тарту етті

213 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай ауданында тұратын мүмкіндігі шектеулі Мәрия Бектұрованың көптен бергі арманы орындалды.  3-топ санатындағы зағип жан өздігінен жүріп-тұра алмай қалған. Ал аяқ пен таяқ орнына мүгедек арбасын сатып алайын десе, бағасы удай. Оны қалтасы көтермейді. Мәрия басына қанша ауыртпалық түссе де әкесіне жан қиналысын сездіргісі келмейді. Бірақ бір орында тапжылмай жатып қалған қызын ойлағанда әке жүрегі сыздап қоя беретін.

Полиция мүмкіндігі шектеулі қызға арба тарту етті

Соңғы кездері зейнеткер Сапар Бектұровқа "қызымның жағдайын қайтсем жеңілдетемін" деген ой маза бермей қойды.  Көп түндері ұйқысыз өтті. Ақыры өзі 30 жылға жуық қызмет еткен құқық қорғау саласындағы әріптестеріне өтініш білдіріп, көмек сұрап көрмекке бекініп, Қостанай ауданы полиция бөлімінің бастығы Мұхтар Жайлаубековке хат жолдап, қызына арба алып беруді өтінген.

Көп кешікпей аудандық полиция бөлімінің ұжымы Қостанай облысының ардагерлер кеңесімен бірлесіп, Мәрияға мүгедектер арбасын тарту етті. Осыдан кейін мүмкіндігі шектеулі қызға аулаға шығуға, таза ауада  серуендеуге мүмкіндік туды.

- Тәртіп сақшыларына алғысым шексіз. Өтінішімді жерге қалдырмады. Полиция қатарында осындай қайырымды, асыл азаматтардың бар екені қуантады, - деді ішкі істер органдарының құрметті ардагері Сапар Бектұров.