10 Сәуір, 2010

БАЛАЛАР ДИАБЕТІМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСЕМІЗ?

809 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бүгінгі таңда қант диабеті мен семіздік сияқты аурулар ересектерді былай қойғанның өзінде, жас­өспірім балалар ара­сын­да кеңінен тарап кетті. Бұл қалай болған деген сұраққа сәрсенбі күні “Нұр Отан” ХДП Орталық ап­паратында “Мектептегі қант диабетімен ауыратын балалар” атты тақырыпта өткен дөңгелек үстелге жиналған денсаулық сақтау саласының мамандары жауап іздеді. Халықты әлеуметтік қорғау жү­йесін одан әрі жетілдіру мен ме­дициналық қызмет көрсетуді жақсарту – “Нұр Отан” ХДП-ның негізгі нысанасында жүрген мәселелердің бірі. Өткен жылдың мамыр айында Тұңғыш Президент қорының қолдауымен Қазақстан Диабет қауымдастығының “Орта білім беретін мекемелерде білім алушы қант диабетімен ауыратын балалар мен жасөспірімдер про­блемаларын шешу, құқықтарын қорғау және мүдделерін таныстыру үшін республикалық ата-аналар комитетін құру” жобасы өз жұмысын бастаған болатын. Осыған байланысты бүгінгі таңда еліміздің көптеген аймақтарында қант диабетінің таралу себептері жан-жақты зерттелу үстінде. Қазақстан балаларының ара­сында қант диабетінің кең тара­луы­ның алдын алу, бұл аурудың етек жайып кетуіне тосқауыл қою үшін балалар арасындағы саламатты өмір сал­тын қалыптастыру үшін “Нұр Отан” ХДП, Денсаулық сақтау министрлігі, Білім және ғылым минис­трлігінің Балалар құқық­тарын қорғау комитеті мен Диабет қауымдастығы күш біріктіргенді жөн көріпті. Аталған төрт құрылым арасында ынтымақтастық туралы төрт жақты меморандумға қол қойылды. Дөңгелек үстел барысында ба­лалар арасындағы қант диа­бетінің кең таралуына, олардың дұрыс тамақтанбауы, сонымен қатар, ата-ана, білім беру мекемелері тара­пынан нақты қадағаланбауы себеп екендігі атап көрсетілді. Созыл­малы аурулар қатарына жататын бұл дерттің жарасы жеңіл деп көптеген балалар мен олардың ата-аналары бұл ауруға онша мән беріп қарамайды. Қан құрамындағы қанттың жоғарылауы уақыт өте келе басқа да күрделі әрі қиын ауруларға шалдықты­ра­тын­дық­тарын қаперге алмайды. Сондықтан да қант диабетімен ауыратын балаларды белгілі уақыт мерзімінде тексеріп, оларды қатаң диеталық бақылауда ұстап, мінез-құлық­тарын­дағы ерекшеліктерді бақы­лау­ға әрбір білім беру мекемелерінде арнайы дәрігерлердің болуы қатаң ескертіл­мек. Қорыта айтқанда, қант диабеті – шығын көп жұмсалатын, ас­қынса мүгедектікке душар ететін созылмалы ауру, сондай-ақ мұндай аурумен ауыратын балаларды жазғы лагерьде қабылдамайды. Осы себепті әрбір ата-ана өз бала­ларының дұрыс тамақтануын қатаң бақылауға алуы шарт. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.