17 Қазан, 2013

Әріптес

590 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекеттік биліктің заң шыға­рушы, атқарушы, сот тармақ­­­тары болып, тепе-теңдікті қалып­­­тастыруы мемлекетіміздің тәуелсіздігі тұсында өмірге келді. Бұл Конституциямызда бекітілген. Ел ішіндегі тұрмыс-тіршіліктен бастап, халықтың әл-ауқатын жақсартып, азаматтардың құқығының сақталуын, әділетті қоғамдық қарым-қатынасты құқық­­­тық кеңістікте қалыптастырып, мем­лекеттің дүниежүзілік қауым­­­дастығындағы әлеуетін арттыруға осы билік тармақтары тікелей жауап­ты. Сондықтан да халық осы билік тармақтарынан талап етеді. Осы себепті оларға сын да көп. Саясат пен мемлекеттер тарихында «халық билікті билікке сенгендігінен сынайды» дейтін де қағида мен ұғым бар.

Мемлекеттік биліктің заң шыға­рушы, атқарушы, сот тармақ­­­тары болып, тепе-теңдікті қалып­­­тастыруы мемлекетіміздің тәуелсіздігі тұсында өмірге келді. Бұл Конституциямызда бекітілген. Ел ішіндегі тұрмыс-тіршіліктен бастап, халықтың әл-ауқатын жақсартып, азаматтардың құқығының сақталуын, әділетті қоғамдық қарым-қатынасты құқық­­­тық кеңістікте қалыптастырып, мем­лекеттің дүниежүзілік қауым­­­дастығындағы әлеуетін арттыруға осы билік тармақтары тікелей жауап­ты. Сондықтан да халық осы билік тармақтарынан талап етеді. Осы себепті оларға сын да көп. Саясат пен мемлекеттер тарихында «халық билікті билікке сенгендігінен сынайды» дейтін де қағида мен ұғым бар.

Биліктің беделін көтеретін де немесе керісінше, түсіретін де ең алдымен лауазымды тұлғалар. Белгілі бір лауазымды қызметке келген адамның білігі мен біліміне, адалдығы мен әділдігіне, іскерлігі мен тазалығына, сол жауапты қызметкердің адамдармен сөйлесе білуіне байланысты оның бейнесі туралы көпшілік, қоғам пікірі қалыптасады. Осы тұрғыдан билікке сәтті тұлға келгенде көптеген проблемалар шешімін тауып, ол жұртшылықтың ризашылығына бөленеді. Өкінішке қарай, кейде сәтсіз тұлға келгенде түкке тұрмай­тын тірліктер проблемаға айналып, халықтың көңіл-күйіне кірбің түсіреді. Әрине, ондайда кемшіліктері билік адамының бетіне айтылмағанымен, сыртынан теріс пікір қалыптасады.

Әріптесіміз Орынбай Рахман­­бердіұлы туралы ой қозғап, сөз айт­қан­да, оның биліктегі қызметіне көз жүгірт­сек, сәтті тұлға бола алғанын көре­міз. Ол Сенат депутаты болғанға дейін абыройлы еңбек жолымен өсіп, көптеген лауазымды қызметтер атқа­рып, ел сенімін ақтап, үлкен өмір мектебінен өтіп келді. Жоғары оқу орнын бітірісімен оқуда алған инже­­нерлік мамандығына сәйкес өнді­рістің ең төменгі қызметінен өсіп, та­быс­ты, табанды еңбек етіп, сол кездегі басқарушы партияның зор сеніміне ие болды, ұжым басқаруды, одан ауданға, қалаға басшылық жасады.

Ел басқару кімге болса да үлкен сын. Билікте болған адамның барлық қызметі, іс-әрекеті, сөйлеген сөзі тек қана табыс пен қошеметтен тұрды деуіміз әбестік болар еді. Орекеңнің де ел басқару еңбегінде күнгейі де, теріскейі де болғаны хақ. Бірақ, ең бастысы – сенімнің сақталғаны.

О.Рахманбердиевтің қайраткерлік мүмкіндігі мен халықпен нәтижелі жұмыс істей алатын қабілеті Түркістан қалалық, Шардара аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы лауазымдарында еңбек еткен жылдары мейлінше ашылды. Өзі басқарған өңірлерде халықтың әлеуметтік тұрмысын, экономикалық өркендеуін, қоғамның бірлігі мен ынтымақтастығын білгірлікпен, сабырлылықпен, төзімділікпен, шынайы жанашырлықпен ұйымдастырып, өте нәтижелі еңбек етіп, мол абырой иеленеді. Өз әңгімелерінде айтатындай, «қала, аудан халқының күнделікті өмірінде қиындығы мен қызығы да мол болды. Сол жылдары әлеуметтік нысандар – мектеп, аурухана, тұрғын үй мәселелері төмен жағдайда, жеткіліксіз, қаржы жұтаң. Сондықтан елдің әлеуметтік тұрмысы күн тәртібінен түскен емес».

Түркістан қалалық партия коми­тетінде бірінші хатшы болған жылдары тек экономика саласы емес, сол ежелгі тарихи қаланың ерекшелігін, руханияттағы орнын ескере отырып, оның мәдениетінің, тарихи ескерткіштік құндылықтарының, шежіре, жәдігерлерінің терең зерт­теліп жинақталуына қамқорлық жасап, зиялы қоғам қалыптасуына өзіндік үлесін қосты. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кешенін күрделі жөндеуден өткізуге, сақталған мұра­жайлық, ұлтымыздың тарихи, рухани құндылықтарын қалпына келтіріп, олардың маңыздылығын қоғамға, әсіресе, жас ұрпаққа насихаттау қажеттілігіне екпін берді.

Ол Түркістан қаласынан кейін Шардара ауданын басқарған жыл­дары, сондай-ақ одан соңғы шаруа­шылық ұйымдастыру қызмет­тері­нің қай-қайсысында болса да үлкен жауапкершілікпен, тыңғылық­ты­л­ықпен елге қызмет ету жолынан тайған емес. Қайта қайратына тәжірибе, біліміне таным, санасына ой қосылып, азаматтық тұлғасы толыса түсті. Сәтті істерімен елге та­нылғаны ел сеніміне сенім қосты. Ел басқара жүріп, өз құзырындағы көп адамға, әсіресе, жастарға өнеге болды. Өзі де көп нәрсені үйренді, өсті. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап елдегі реформалардың нәтижелі жүргізілуіне үлес қосты. Еңбегі еленіп, облыстық мәслихаттың төрағасы болып сайланды.

2002 жылы Орынбай Рахман­бердіұлына жергілікті мәслихат депутаттары үлкен сенім көрсетіп, Парламент Сенатына Оңтүстік Қазақстан облысынан депутат етіп сайлады. Бұл сайлау Орекеңнің өміріндегі жаңа белес болды. Ол Парламентке келген кезде салмақ­тылық, салиқалылық, байып­ты­лық бірге келгендей әсер алдық. О.Рах­манбердиев Сенатқа көкіректеп, өкі­ректеп, өктем сөйлеп, менмұндалап кірген жоқ. Мемлекеттің биік құзырлы шаңырағын қастерлеп, қадірлеп, үлкен мәдениетпен кірді. Оны алды-артына қарап, басқа әріптестерінің бағыт-бағдарын байқап, Сенаттың дәстүрін сыйлап, оның ауанына айрықша ден қойып, мазмұнын, ертеңгі күнгі мемлекет дәрежесін көтеретіндей қандай қызмет жасауға болатындығын бажайлап келген салмақты тұлға деп есептеймін.

Ол – Оңтүстік Қазақстанның сан бағыттағы тұрмыс-тіршілігіне байланысты, жалпы әлеуметтің әлеуетін көтеруге орай Үкіметтің алдында әр уақытта орынды сауал қойып, мәселелердің шешілу жолдарын қарастырып, өте тиянақты, маңызды қызмет етіп келе жатқан, орнымен сөйлеп, өтімді пікір айтып жүрген сенаторлардың бірі. Оған тән қасиеттер – ешқашан «мен сөйттім, мен бүйттім» деп кеуде соқпайды. Бірақ, жалпы өңірдің мүддесі үшін айтылуға тиісті сөзді, көтерілуге тиісті мәселелерді алдымен өзі жан-жақты зерттеп, көзін жеткізіп, дер кезінде құзырлы орындар алдында біліктілікпен қоя біледі. Көкірегі ояу, пейілі қашанда кең, қанағатшыл. Лауазымын, ақсақалдығын алға тартпайды. Облыс жұртшылығы Орекеңді жай, біржақты мансапты қызметкер деп танымайды, оның адами, азаматтық тұлғасына басымдық беріп, сол қасиетіне құрмет көрсетеді. Ол кісінің адамгершілігін мойындайды, мінезінің тұрақтылығын, асып-тасып кетпейтін ұстамдылығын бағалайтын қоғамдық пікір қалыптасқан. Сондықтан да болар, бірінші депутаттық мерзімі аяқталғаннан кейін облыстық мәслихат депутаттары оның кандидатурасын қолдап, екінші рет Сенат депутаты етіп сайлады.

Сенаттың құрамында О.Рах­ман­бердиевтің екі шақы­рылымда депутат болып, он жылдан астам қызмет етуінің өзі тек оның ғана емес, Сенаттың құрамының да сапа­лылығын көрсетті. Жасына, тәжі­рибесіне қарамастан, Орекең өзінен кіші адамдардан білмеген, түсінбеген жағдайларды сұраудан арланбайды. Ұшқары, асығыс пікір айтудан бойын аулақ ұстайды.

Орынбай Рахманбердіұлы әлеу­меттік, мемлекеттік қауіпсіздік, қор­ғаныс проблемалары бойынша өткізілетін көптеген халықаралық, республикалық конференциялар мен дөңгелек үстелдердің белсенді қатынасушысы. Сондай-ақ, ел ішін­дегілер де оның келіп, өз сөзін, пікірін, ойын ортаға салып, жұрттың көңіліндегі сөзді тыңдап кетуін қалап отырады. Ел ортасында өсіп, елмен бірге есейіп, ел қамын ойлап жүрген абзал азамат үшін мұндай мүмкіндікті өте жоғары баға, құрмет әрі зор сенім деп қабылдаған жөн болар.

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты.

Соңғы жаңалықтар