Отандық кәсіпкерлер өз бизнесін халалдандыра ала ма? Осы мәселеде ойланатын жәйттер бар. Елімізге енгізілгелі отырған Ислам банкінен бәріміз көп үміт күтіп отырмыз. Алайда біздің өндірісшілер халал бизнесті өркендетуге дайын емес. Себебі Ислам банкі қоятын талаптардың төрттен біріне де біздің кәсіпкерлер сай келмей қалуы ықтимал. Біріншіден, аталмыш банк қолыңдағы бизнес-жоспардың тиімділігін, ол арқылы табыс таба алатындығын дәлелдемесе ақшаның маңына да жолатпайды. Ал, бизнес-жоспар құрастырып оны жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлер көп пе ?
Ислам банкі казино ашуға немесе шарап шығаруға, яғни харам заттарды өндіруге тыйым салады. Ал біздің экономикамыздың елеулі бөлігін осы тәріздес заттар мен қызметтер құрап отырғандығын жасыра алмаспыз. Тек шарап өндірудің өзінен 32,7 пайыз пайда түседі. Сонымен қатар, бұл өнімнің 11,8 пайызы импортқа шығарылады.
Мұндай жағдайда біз үлкен дайындықпен келіп, тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізе отырып қол жеткізген қаржы көзін өз қолымызбен кері итергендей болмаймыз ба? Жалпы, ислам қаржыландыруы бизнес-қауымдастықтың нарық ауанын ғана емес, бет-келбетін де түбегейлі өзгертетін компоненттерді алып келмек. Ал еліміздің іскерлері өз кезегінде тек бағыты, ұстанымы бойынша емес, этикалық-моральдық жағынан да өзгеруге дайын ба?
Сонымен ислам ақшасын алуға қойылатын талап жоғары екенін білеміз. Бұл банк жүйесі пайызсыз несие таратады деп алақайлағанмен нәтиже шығуы екіталай. Ислам банктерінде қаржысын инвестициялаған саласына қарай несие инспекциясымен қатар, инженер, құрылысшы, металлург сынды білікті мамандар жалдамалы түрде жұмыс істейді. Сондықтан оларға ұсынылған кез келген салалық жоба банктің кәсіби білікті сарапшыларының тезінен өтеді. Міне, осындай жағдайда қазақстандық кәсіпкерлер ұсынған жобалардың басым бөлігі одан өтпей қалуы ықтимал.
Жалпы, кәсіпкерлер ислам банкингімен жұмыс істеуге мүдделі ме?
Үкімет отандық кәсіпкерлер үшін түрлі мүмкіндіктер қарастырып жатыр. Соның бірі Кедендік одақ болса, екіншісі, біз сөз етіп отырған ислам банкингі. Енді соны тиімді пайдаланатын өндірушілер табылар ме екен? Біздің мемлекет бұл банктің құрылуы жолында көп еңбек етті. Барлық дерлік шарттарға сай заңнамаларды өзгертті. Осы мәселеге байланысты Al Hіlal Bank жүйесінің Қазақстандағы бөлімшесінің төрағасы Прасад Абрахам былай дейді:
– Егер қазақстандық заңдар мен Араб Әмірліктерінің заңдарын салыстырып көрсек Қазақстанға әлі де көп дүниелерді қысқа мерзімде өзгерту қажет. Нақтырақ айтсақ, салық мәселесіне қатысты белгілі бір қиындықтар туып отыр. Мысалы, ипотекалық несиені алайық. Бұл жақтың заңдары бойынша банк пен тұтынушыға жылжымайтын мүлікке екі рет тіркелу керек. Бірінші банк атына, содан кейін тұтынушының атына, ал бұл үрдіс Ұлыбританияда бір ғана транзакцияға қысқартылған. Алайда бұның бәрі жақын арада бір жүйеге түсетіндігіне күмәніміз жоқ. Қазақстан біз үшін Орталық Азияға көпір болып отыр. Айта кететін жәйт, басында біз қаржылай көмекті тек ірі жобаларға ғана береміз. Банктің құрылудағы басты мақсаты да сол болатын.
Сонымен, ислам банкингінің көмегін пайдалану мүмкіндігіміз қандай?..
Назым ӘШІМХАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 4-курс студенті.