«Қ.Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен қазақтың ақын-сазгерлерінің шығармашылығында айшықталған келелі ойлар мен рухани құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіруге бағытталған «Дала дауылпаздары» атты дәстүрлі ән кеші өтті.
«Қ.Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен қазақтың ақын-сазгерлерінің шығармашылығында айшықталған келелі ойлар мен рухани құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіруге бағытталған «Дала дауылпаздары» атты дәстүрлі ән кеші өтті.
Бұл кеште Абайдың, Әсеттің, Балуан Шолақтың, Естайдың әндері шырқалды. Халық жүрегінен орын алған «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем Қаламқас», «Інжу-маржан», «Ғалия», «Қорлан», «Құсни-Қорлан» әндеріндегі іңкәр сезім иірімдері қандай жағдай болмасын адами құндылықтарды сақтап қалуға жетелейтіні сөзсіз.
Саят Нұрғазин, Еркін Шүкіманов, Ардақ Исатаева, Нұржан Жанпейісов, Талғат Әбуғазы, Жанкелді Маясаров, Дулат Азатұлы, Ерназ Халықов, Ерқанат Көшенов, Ғазым Қабденов, Нұргүл Әлқожа, Жанқоза Аяпов, Тілеулес Құрманғалиев, Еркебұлан Карипов, Сайлау Нұрберген сынды көптеген республикалық, халықаралық сайыстардың лауреаттары концерттің әсерлі өтуіне ұйытқы болды.
Кеш көрермендері: жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, мектеп оқушылары, зейнеткерлер мен еңбек және соғыс ардагерлері ара-арасында әншілерге қосылып, кештің қызықты өтуіне атсалысты. Осының бәріне қуанасың. Алайда, бұл ретте ойланарлық жағдайлар да жоқ емес. Осыдан біраз бұрын жастар арасында «Қазақ ақындары мен сазгерлерін қаншалықты білесің?» деген сауалдама жүргізген болатынбыз. Өкінішке орай, сауалдаманың нәтижесі көңіл көншітпейді. Көптеген жас буын өкілдері, нақты айтсақ, сауалдамаға қатысқандардың 80 пайызы халық әндері жөнінде ештеңе білмейтін болып шықты. Міне, сондықтан да ұлттық өнеріміз осы іспеттес мазмұнды кештерде ғана емес, әр отбасында, білім беру ошақтарында, қоғамда үнемі насихатталып отыруы тиіс. «Қ.Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қоры жас ұрпақты жігері, рухы мықты Алаш ұланы ретінде тәрбиелеуді бағыт-бағдарында ұстап келеді.
Дина МҰХАМЕДХАН,
«Қ.Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорының директоры.
Алматы.