Медицина • 18 Шілде, 2020

Жүректен шыққан іс жанды жадыратады

381 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отандық медицина ғылымының белді өкілдері пандемия жағдайында ұлттық тағамдар мен сусындар иммунитетті көтере алатын жөнінде ғылыми тұжырымға келіп отыр, - деп жазады Egemen.kz.

Жүректен шыққан іс жанды жадыратады

КВИ мен вирустық пандемия адамдарды қос өкпеден қысып алып ұрып жатқаны белгілі. Ал өкпенің басты қорегі май, соның ішінде мал өнімдері екенін шетелдік дәрігер-ғалымдар да жоққа шығармайды.

Осы орайда "Nur Otan" партиясы "Jas Otan" жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының еріктілері "Дәрігерлерге мың алғыс!" акциясы аясында облыстық клиникалық аурухананың қызметкерлеріне өз есебінен жеткілікті түрде ұлттық сусынның төресі – сертификатталған сапасы жоғары қымыз жеткізіп берді. Сондай-ақ бұған дейін олар мұндағы ақ халатты абзал жандарға қуаты күшті, құнары мол ыстық тағамдар әкеліп берген еді.

"Біздің қатарымызда құр жалаң энтузиазыммен емес, белгілі бір кәсіппен айналысуға да уақыт тауып, материалдық игілікті өз қолдарымен өндіріп жүргендер де бар. "Дәрігерлерге мың алғыс!" шеңберіндегі қайырымдылық шараларына жұмсалған қаражат негізінен сол волонтерлердің шынайы ниет білдіруі арқылы жинақталды. Әйтсе де олар бізге өз аты-жөндерінің аталмауы жөнінде талап-тілектерін жеткізді. Оны назарға алмауға моральдық құқымыз жоқ", деді газет тілшісіне ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалының кеңесшісі Мұрат Мұстафин.

Ешқандай қалтарысы жоқ шынайы ақ адал көңілден білдірілген ілтипат кім кімнің де ризашылық сезімін туғызбай қоймайды. Бұл ретте өткен қасиетті жұма күні Ақтөбе медицина орталығына өз қолдауларын көрсетуге келген жасотандықтарға деген алғыс сезімін осы ұжымның инфекционист-дәрігері Гүлмира Құрманбай төмендегіще жеткізді.

Мәселе сый мен құрметтің үлкен-кішісінде емес, оның таза жүрекпен жасалуында. Пандемиямен күрес басталған көктем кезден бері біз осындай көңіл толқытарлық жағдайларға бірнеше рет куә болдық. Сөйтіп қандай қиын кезде де бізге қолдау көрсетіп жанашырлық таныта алатын халқымыз бар екенін тереңдей сезіне түстік. Мұның өзі бізге моральдық және материалдық тұрғыдан үлкен дем берді. Міне, бүгін ауруханаға жетекші партиямыздың жас қырандары келіп, өз ықылас-ниеттерін білдіріп отыр. Рахмет, айналайындар, алдарыңнан ақ күн тусын.

Сондай-ақ өткен жұма күні аталған акция аясында "Nur Otan" партиясы Ақтөбе облыстық филиалының өкілдері Ақтөбе қаласындағы "Дару" медициналық сауықтыру орталығының жанынан ашылған провизорлық бөлімшеде болып, пневмания дерті бойынша емделіп жатырған науқастарға жарты миллион теңгенің азық-түлік тауарларын жеткізіп берді.

                                                                  

АҚТӨБЕ