10 Сәуір, 2010

БУНДЕСТАГ БАС МҮФТИДІ ҰЙЫП ТЫҢДАДЫ

553 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет Гер­мания­ның Қазақстандағы жылы аясын­да осы елдің “Германия-Қазақ­стан қоғамы” мен “Жаңа шығыс орталығының” шақыруы­мен Бер­линде болып, Германия астана­сының зиялы қауымымен кездесу өткізді. Оған Германия парла­менті­нің депутаттары, оқу орын­дарының профессорлары, дипло­матиялық корпус өкілдері мен университет оқытушылары және студенттер қатысты. Кешті “Жаңа шығыс орталығының” төрайымы, доктор Дина Вильков­ский жүргі­зіп отырды. Ол Бас мүфтиге қарбалас жұмыстарына қарамас­тан, шақыруды құп алып келгені үшін рахметін айтып, кешті ризашылық білдірумен ашты. Шейх Әбсаттар қажы Дербі­сәлі хазрет “Қазақстандағы ислам діні: өркендеуі мен дамуы” атты баяндама жасады. Бас мүфти жал­пы Қазақ елінің рухани, мәдени, ғылыми тарихына шолу жасай келе, Қазақстанның діні, ділі, кешегісі мен бүгініне тоқталды. Еліміздің салт-дәстүрі, өткені мен келешегі де асыл дініміз және оның мәдениетімен біте қайнасып жатқандығы, қазақ халқының өзіндік әдебиеті мен мәдениеті бар өркениетті ел екендігін қадап айтты. Қазақ жерінен бүкіл әлемге әйгілі Әбу Насыр әл-Фараби, Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани, Хұсам ад-Дин Сығнақи, Мұхаммад Хайдар Дулати секілді мәшһүр ғалымдар шыққандығын айта отырып, олар­дың шығармашылығына тоқ­тал­ды. Жиналған қауым сүйсі­не тың­даған баяндама бір жарым сағатқа созылды. Кездесуде көптеген сұра­қ­тарға толыққанды жауаптар берілді. Жиналған жұртшылықты елі­міз­дің тыныс-тіршілігінен, руха­ни-мәдени өмірінен молырақ сусындату мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масының тапсырысымен “Қазақ­фильм” киностудиясы түсірген “Ислам – ата баба дініміз” атты деректі фильм де көрсетілді. Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет атақты Рейхстагта Германия Бундестагы­ның (Парламентінің) депутаттары, “Германия – Орталық Азия” парламент тобының мүшелері мен топ төрайымы доктор Дагмар Энкельманнмен кездесті. Ортақ әңгімеге әлемдегі тыныштық, діндер мен ұлыстараралық түсініс­тік пен достық, сыйластық жайы өзек болды. Дінбасы еліміздегі 26 ұлттан тұратын мұсылмандар мен өзге де ұлттар өкілдерінің Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын, ынтымақ пен бірлік арқасында Қазақ­стан­ның мұсылман елдері арасынан суырылып шығып ЕҚЫҰ секілді үлкен ұйымға төраға болып отырғаны, келер 2011 жылы ИКҰ-ға да басшылық жасайтынын тілге тиек етті. Дагмар ханым Германияда христиандармен қатар солтүстік-африкалық және түркиялық мұсыл­мандар тұратынын, өздері­нің де Германия халқы арасын­дағы достық пен сыйластыққа үлкен мән беретінін еске алды. Осы мәселеге байланысты екіжақ­ты пікір алысылды. Дагмар Эн­кель­манн Қазақстанда Елбасы мен дін өкілдерінің дін мен ұлттар арасындағы ешқандай да алауыз­дыққа жол бермейтіні, мұның өте дұрыс екені, әрі қарай да солай бола беруге тілектестігін жеткізді. Кездесу сондай-ақ діни-руха­ният, мәдениет салалары бойын­ша да ауқымды үнқатысумен жалғасты. Шейх Әбсаттар қажы Дербі­сәлі хазрет рейхстагта Ұлы Отан соғысының іздерін көріп, мұндай әлем халқына үлкен қайғы-қасірет әкелген соғыстың екінші рет қайталанбауын тілеп, дұға жасады. Бас мүфти ұлттар мен ұлыс­тар­аралық қатынасқа дінді жамы­лып сызат түсіруге және дін мен саясатты араластыруға жол беруге болмайтынын қаперге алды. Кез-келген дінаралық дүрдараздыққа алып баратын іс-әрекетке қашан­да тойтарыс беріліп отырылуы керектігін ескертті. Ұшырасуда Қазақстанның Бас мүфтиі елімізде зымиян пиғыл­дарын іске асырып жүрген жат шетелдік діни секталардың Гер­манияда бар-жоғын сұрады. Даг­мар ханым олардың Герма­ния­да да өздерін дінбіз деп санап жүр­ген­діктерімен неміс елі оларды секта деп санайтынын, оларға жол беріле бермейтіндігін тілге тиек етті. Дінбасы жұма намазын Германия мұсылмандарымен бірге Берлиндегі орталық “Шаһидтер” мешітінде оқыды. Ол мешіт жанындағы “Шаһидтер” қабір­станында жерленген қазақ елінің саңлағы, ірі қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай аруағына Құран аяттарын бағыштады. Бас мүфти Германияның Сырт­қы істер министрлігіне де зиярат жасап, онда сыртқы істер ведомствосының Орталық Азия және Кавказ елдері бөлімінің бастығы Йоханн Регенбрехт мыр­замен екі жақты кездесу өткіз­ді. Онда екі елдің қарым- қатынас­тары әңгіме арқауына айналды. “Еліміздегі ұлттар мен ұлыстар дінге немесе ұлтқа бөлініп бірімен бірі жанжалдасып көрген емес. Бірлік пен ынтымақ Қазақстан­ның ең басты байлығы әрі мыз­ғымас тұғыры”, – деді дін­басы өз сөзінде. Бас мүфти Йоханн мырзаға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының соңғы он жылда атқарған жемісті қызметі, сондай ақ асыл дініміздің мұсыл­мандар арасындағы даму барысы жайлы әңгімеледі. “Діни төзім­ділік – Елбасымыздың басты сая­сатының бірі. Оған дәлел ретін­де елор­дамыз Астанада өткен Дүние­жүзі дәстүрлі дін лидерлері­нің үш съезін айтуға болады. Өзіңізге белгілі, биыл Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отыр”, – дей келе, ол үстіміздегі жылдың 29-30 маусымында Астанада өтетін “ЕҚЫҰ-дағы діни төзім­ділік” атты халықаралық кон­фе­рен­цияға Йоханн мырзаны шақырды. Ұшырасу соңында шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет Й.Регенбрехтке “Қазақстан мұсыл­­мандары діни басқармасы” атты қазақ, орыс және ағылшын тіл­дерін­де жарық көрген кітабын сыйлады. Қазақстанның Германиядағы төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Онжанов мырза Бас мүф­ти құрметіне дастарқан жайып, ел жаңалықтарына қанықты. Неміс елі астанасында өткен ұшырасуларға Германиядағы Қазақстан елшілігінің қызмет­кер­лері: кеңесші Серікжан Әлиханов пен 3-хатшы Қайрат Асқарғалиев, сондай-ақ ҚМДБ-ның халықара­лық байланыстар және хаттама бөлімінің меңгерушісі Нұржан Маханов қатысты. “Егемен-ақпарат”. Суретте: Бундестагтағы Орталық Азия бойынша тобының жетекшісі Дагмар Энкельманн ханымның Бас мүфтиге өз елінің Парламенті атынан сыйлық тапсыру кезі.