Тәулігіне 1 500 тест жасайтын бұл нысан "Олимп" КДЗ мен "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның бірлесіп қаржыландыруының арқасында іске қосылды. Теміртаудағы жұқпалы аурулар ауруханасының ғимаратында орналасқан аталған зертхана Ресей, Германия, АҚШ және Қытайда жасалған барлық қажетті заманауи құралдармен жабдықталған.
Мұнда қаланың стационарлары мен емханаларында алынған тестілер жіберілетін болады. Теміртау қаласының әкімдігі мен Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы жобаға қолдау көрсетіп, оған ғимарат тауып берді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев бүгінгі күрделі кезеңде ПТР-зертханаларының ашылуын өте маңызды шаруа деп атап өтті.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз азаматтарымыздың барынша көп санын тестілеумен қамтуға тырысамыз. Қыркүйек айында біздің облыста барлық ірі елді мекендерді қамтитын зертханалар желісі құрылатын болады", – деді ол.
Бұл нысан биылғы жылдың наурыз айынан бері Қарағанды облысында ашылған төртінші ПТР-зертхана. Келесі зертхана осы жылдың қыркүйек айында Балқаш қаласында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.