Экология • 20 Шілде, 2020

Экология министрлігі "Көбейтұз" көлін тексеруді бастады

1767 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіде "Көбейтұз" қызғылт көлінен тұз сату туралы хабарламалар тарала бастады. Сатушылар коронавирусты емдеуге көмектеседі деп сендіреді. Осыған байланысты Экология министрлігінде тексеріс басталды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Экология министрлігі "Көбейтұз" көлін тексеруді бастады

"Көбейтұздан тұз сатамын, келісі 5 мың теңге. Көптеген аурудан емдейді, коронавирус пен диареяға көмектеседі. Тамақты шаюға, тамаққа қосуға, тұзды ваннаны қабылдауға болады. Тек 10 шелек қана қалды", делінген хабарламалардан көз сүрінеді.

Бұған дейін  Татьяна Шишкина өзінің Instagram желісінде: "Көбейтұз қызғылт көліне барған сапарында көлге келген демалушылар бірінші тамсанады, әр шаршы сантиметрде суретке түседі, кейіннен пакеттерін аша бастайды. Осылайша, туристер суға ерекше түс беретін көл түбіндегі тұзды қазып алады", деп жазған болатын.

Татьянаның айтуынша, адамдар тұзды қаппен, шелекпен алып кетуде. Олар көл маңындағы "тұз бен балшықты алуға болмайды, бұл микрофлораны бұзады, ол тек 15 жылдан соң ғана қалыпқа келеді" деген жазуы бар плакатқа да мән бермейтін көрінеді.

Айта кетейік, Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде тексеріс басталды. "Қазір біз Көбейтұз көліне келдік. Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасовтың басшылығымен министрліктің мамандандырылған тобы қажетті жұмыстар жүргізуде. Қазірдің өзінде тиісті шараларды қолға алдық. Бұдан басқа, экологтер судың сапасын және су түбінің шөгінділерін тексеруге сынама алды. Кешке қарай жұмыстың алдын ала нәтижелері туралы хабарлаймыз", дейді Экология министрлігінің басшылығы.

Алдыңғы ақпараттарда хабарланғандай, эпидемиялық жағдай тұрақтанғанға дейін "Көбейтұз" қызғылт көліне қазақстандықтарға баруға тыйым салынды.