Қоғам • 21 Шілде, 2020

Оралдықтар сусап отыр

414 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Оралдықтар биыл жаз бастал­ғалы кәдімгі қара суға зар болып қалды. Үш өзеннің ортасында тұр­ған шаһарда тұрғындарды сумен қамту шектеліп, уақытпен беріле бастады. Мәселеге жауапты мамандардың айтуынша, жағ­дайдың осылай ушығуына бір­неше себеп бар.

Оралдықтар сусап отыр

 

Қалада су кестемен берілуде

«Құрметті оралдықтар! Коро­на­ви­русқа қатысты күрделі эпидемиялық жағдай тұрғындарымызға оңай болып тұрған жоқ. Расында да, жағдай қиын. Оның үстіне қаланы сапалы ауыз сумен қамту өзекті мәсе­леге айналып отыр. Осы орайда қала әкімі ретінде қазіргі туындаған уақыт­ша қолайсыздықтарға байланысты бар­шаңызды сабырға шақырып, кешірім сұраймын». Бұл кеше ғана әлеуметтік желі эфиріне шығып, халыққа мәлімдеме жасаған Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің сөзінен үзінді.

Шынында да, Орал қаласын сумен қамтитын «Батыс су арнасы» мекемесі маусым айынан бастап «жазғы мерзімге өзгертілген су беру кестесі» деген тәртіп жариялады. Бұл бойынша Орал қаласында таңғы сағат 07:00-09:00, түскі 12:00-14:00 және кешкі 19:00-22.00 аралығында ғана су толық көлемде беріліп, қалған уақытта желідегі суды 50-70%-ға қысқартты. Сол-ақ екен қалада сусыраған жұрттың жанайқайы басталды. Әсіресе зардап шеккен көпқабатты үйдің жоғары бөлігінде тұратындар еді. Су қысымы азайған соң жоғары қабаттарға су жетпей қалды. Ал су уақытша толық қысыммен берілген кезде шүмектен аққан су тот пен лайға айналып, пайдалануға жарамсыз болды. «Батыс су арнасы» мекемесінің, Орал қалалық әкімдігінің, облыс басшылығының әлеуметтік желідегі парақшалары наразы жұрттың өкпе-реніші мен қарғысына толды.

1

Обалы не керек, облыс, қала бас­шы­лығы желіде халыққа жағдайды түсіндіріп, кешірім сұрап, тұрғындарды сабырға шақыруда. Бірақ коронавирус індеті күшейіп, елде карантин жарияланып, халықтың көбі төрт қабырғаға қамалған кезде су тап­шылығы арық атқа ауыр қамшы болып тиді. Оның үстіне қазір ауа райы қапырық, кейінгі аптада ыстық 40ºC-тан түсер емес. Өңірде карантинге байланысты барлық жағажай, сауна-монша жабылған. Ендеше халықтың реніші орынды.

Абат Шыныбековтың айтуынша, қазіргі таңда Орал қаласында 430 шақы­рымнан аса су құбыры, 363 шақырым кәріздік желі жұмыс істеп тұр. Бірақ кейінгі жылдары су тұтыну көбейген. Мысалы, 2015 жылы Орал қаласында су тұтынатын 98 мың абономент болса, қазір олардың саны 108 мыңға жеткен.

– Ауыз судың арнайы кестемен берілу себебі – кейінгі кезде су тұтыну мөлшері өсіп кетті. Бұған соңғы апталардағы ыстық ауа райы және екі апталық ка­ран­тинге орай оралдықтардың көп­шілігі үйде отырғандығы әсер етті деген ойдамыз. Мысалы, мамыр айында оралдықтар тәулігіне 49 мың текше метр су тұтынған еді. Ал қазір «Батыс су арнасы» мекемесі тәулігіне 58 мың текше метр су жеткізсе де жетпей жатыр, – дейді Абат Шыныбеков.

Дегенмен, су беруді шектеудің бас­ты себебі – Орал қаласындағы кәріздік желілердің қайта-қайта жарылып, апат­тық жағдай жариялануы болып тұр. Мы­салы, бүгінде 19А коллекторлық желісі апатты деп танылып, жөнделу үстінде. Зачаганск кентінде жаңа көпқабатты үйлердің салынуына байланысты КНС 29 деп аталатын желіде жаңғырту жұмысы қолға алынған. Үшіншіден, Шо­лохов көшесіндегі айналма кәріздік желі де апатты деп танылып, ол жерде де жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Сонда барлық жүктеме қазір қала орталығында орналасқан Неусыпов көшесіндегі КНС 1, КНС 2 коллекторына түсіп отыр екен. Егер бұл құбырлар қысымды көтере алмай жарылар болса, онда Оралда не боларын болжау қиын. Шаһар қуығы байланған пендедей, өз нәжісіне өзі тұншығып, уланары сөзсіз.

Қала әкімінің айтуынша, қиын жағ­дайдан шығудың барлық шарасы жасалып жатыр. Ең алдымен, жер асты су қоры мен Жайық өзенінен тәу­лі­гіне 58 мың текше метр су берілуде. Екін­шіден, «Жайықжылуқуат» мекемесі энергетикалық қазандықтың жұмысын тоқтатып, ыстық судың температура­сын төмендетті. Осы қазандықты сал­­­қын­датудан босаған қосымша су және Жайық өзенінен алынатын су насос­тарының қосылуына байланыс­ты сағатына 1750 текше метр су қо­сым­ша берілуде. Жеке секторларда, атап айт­қанда Көне әуежай, саяжай аймақ­тары, Зачаганск, Мичурин, Асан ауыл­дарында да жеке тұрғын үйлерге су беру кестеге сәйкес шектелді. Шолохов көше­сіндегі қазір құрылысы жүріп жатқан айналма қысымды кәрізді коллекторға да қосымша насос қойылып, кәріздік желіге жүктеме азайтылған. Аурухана секілді әлеуметтік нысандарға үздіксіз су беру толық қамтылған.

– Орал қаласын қосымша ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Зачаганск кентіне Камен топтық су құбыры арқы­лы қосымша су алу мәселесі көзде­ліп жатыр. Сондай-ақ Трекин елді ме­кенінде қосымша су алу ұңғымасын іске қосу жоспарланған. «Батыс су ар­на­сы» мекемесінің бұл қадамдары Орал қаласына ауыз су беру мөлшерін бола­шақта ұлғайтуға мүмкіндік береді, – дейді Абат Абайұлы.

 

Халық неге наразы?

Шынын айтсақ, Орал қаласын сумен қамтуда іркіліс жиі болады. Оның басты себебі – жоғарыда айтылғандай, кәріз желісіндегі апаттар. Салынған кезде «50-100 жылға дейін тозбайтын», «ең заманауи материалдан жасалған» деп мақталған кәріз құбырлары ондай болмай шықты. Биылғы ақпан айының соңғы күндерінде Шолохов көшесінде осыдан он жыл бұрын ғана жаңартылған кәріз құбыры жарылып, 74 мыңға жуық халық сусыз қалды. Қазір ол жер­де 5 шақырымнан аса құбыр қайта жаңар­тылу үстінде.

20 маусымда Әзербайжан көше­сінің бойындағы арынды кәріз коллек­торы жарылып, 1-кәріздік сорғы станса­сының жұмысы тоқтатылды. Ол кезде де Орал қаласына қарасты Зачаганск кен­тінің 50 мыңға жуық тұрғыны уақытша қиындық көрді.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің айтуынша, былтыр Орал қаласындағы кәріз жүйесінде 20 шақты апат болған.

Тұрғындар «Батыс су арнасы» ЖШС бас директоры Қайырғали Имашевтің: «Қалада жаңа шағынаудандар салынған­дықтан, тәулігіне 65-70 мың текше метр су қажет. Жаңа су қоймасын салу үшін бірнеше жыл керек. Тоқпай кенішіндегі су қорын зерттеудің өзіне екі жыл керек. Ал Трекин ауылы маңындағы кеніште 11 скважина қазып, сорғыларымен жаңа резервуар қойсақ, су жеткілікті болар еді. Бұл үшін шамамен 24 млрд теңге қаржы керек. Қазір жоба дайындалуда», деген сөзіне де наразы. Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй да шаһарды сумен қамту жобаларын жасау, құжаттарын дайындау бірнеше жылға созылатынын айтқан болатын. 

«Сонда қалай, жаңа шағынаудандарды салып болған соң ғана оларды сумен қамту керектігі ойға түскен бе? Жобалау жұмыстары алдын ала ойластырылып, кешенді шешілуі тиіс емес пе? Деркүл, Шаған және Жайық өзендерінің ортасында тұрған Орал қаласының судан тапшылық көруі ақылға сыйымсыз нәрсе емес пе?!» дейді көпқабатты үйде карантинге қамалып отырған тұрғындар.

 

ДДҰ ескертеді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2004 жылы Женева қаласында қа­былдаған «Ауыз судың сапасын қам­­тамасыз ету туралы нұсқаулық» де­ген халықаралық құжат бар. Бұл құ­жат­тың 5.3.4 тарауы «Үздіксіздік» («Неп­рерывность») деп аталады. Онда: «Су құбырындағы күнделікті немесе апта­лық үзілістер тұрбадағы қысымның төмендеуіне, сөйтіп судың ластануына әкеліп соғады. Сондай-ақ су тапшылығы гигиеналық тазалықтың сақталуына да кері әсер етеді. Халық суды үй жағда­йында түрлі ыдысқа сақтап, үнемдеп пайда­лануы мүмкін. Бұл да судың бү­лінуіне, сапасы төмендеуіне әкелетін жағдай. Сапалы сумен қамтуда болатын маусымдық іркілістер тұтынушыларды ластанған, сапасыз суларды тұтынуға итермелейді», деп жазылған екен.

Дәл осы ескерту оралдықтардың бү­гінгі күйін көзбен көріп, қолмен ұста­ғандай етіп жазылған. Өйткені қазір көпқабатты үй тұрғындары су берілген уақытта бос ыдыстарын толтырып алу­ға асығады. Уақытпен берілген су кө­біне лайланып, пайдалануға жарамсыз болғандықтан көп отбасы суға түсуден, кір жуудан қағылған. Дәретхана суы жетіспегендіктен шығар, қалада нәжіс иісі жиі сезілетін болды.

«Күннің қатты ысуы, құбырдағы су­дың бірде бар, бірде жоқ болуы – Орал қаласында ішек инфекциясын бұрқ еткізуі мүмкін. Қазіргі коронавирус, пнев­­мония жағдайында онсыз да күрделі эпи­демиялық ахуалға ішек эпидемиясы келіп қосылатын болса, үлкен дағдарысқа әкелуі мүмкін» дейді санитар мамандар.

 

Батыс Қазақстан облысы