Пікір • 21 Шілде, 2020

Әлемді мейірім құтқарады...

861 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қадірлі жерлестерім, баға жетпес байлығым – халқым! Қазір біз аса ауыр кезеңде тұрмыз. Мұндай сыни шақта қазаққа ауызбірлік ауадай қажет.

Әлемді мейірім құтқарады...

Өйткені мәңгілік елдің бас­ты қуаты – оның бірлігінде, қиындықты табандылықпен еңсере алуында. Ұлан байтақ қазақ жерін ақ найзаның ұшы­мен, ақ білектің күшімен сақтап қалған бабалар жеңісінің басты кілті – осы бірлігінде болатын. Алауыздыққа бой алдырған талай мемлекеттің тоз-тоз болып, жер бетінен жоқ болып кеткеніне кәрі тарих куә. Содан сабақ алуымыз керек. Өйткені бүгінгі біздің бетпе-бет келіп отырған жағдайымыз да майданның бір түрі. Қару алып соғыс даласына шықпағанымызбен, ақыл-парасат, сана мен мәдениеттің сынға түсер шағы. Сондықтан да Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдап жатқан шешімдеріне толық қосылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын аса жауапты, кезек күттірмес кезеңге келдік. Қазіргі жағдайда бәрімізді жеке бас мүддесі емес, тұтас ұлт болып қалу мәселесі алаңдатуы керек. Ал еңселі ел болып, қанатымызды кеңге жаюымыз қазақтың амандығына, яғни әрқайсымыздың ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінуімізге тікелей байланысты. Себебі бұл жағдайдағы біздің әрбір салғырт әрекетіміз, немқұрайлы ниетіміз ертең орны толмас өкінішке алып келуі мүмкін.

Рас, қазір халық шара­сыз­дық­тан ашуға бой алдырған. Қорқыныш пен үрей басым. Ол заңды да. Алайда бұл үрей тек өз өмірі мен жақындарының саулығы үшін ғана емес, тұтас ұлттың амандығымен астасып жатуы керек. Бізге қазір мейірім ауадай қажет. Бір-бірімізге деген қамқорлық, жылылық һәм ауызбірлік қана бұл аждаһа індеттің құрсауынан аман алып қала алмақ.

Індет еліміздегі байлар мен ке­дейлер арасындағы теңсіздікті, адамдардың тұрмысы ара­сын­дағы алшақтықты айқын көрсе­тіп берді. Жүректі ауыртатын да осы жағдай. Бізге енді шынымен ойлану керек. Адам байлықты қанша жиғанымен, қатталған қазынасын қызғыштай қорығанымен, қара жерге өзімен бірге алып кете алмайды. Есесіне, осындай қиын шақта мұқтаж жандарға қол ұшын созып, мол сауапқа кенеле алады. Яғни өмірдің мәні – байлықта емес, деннің саулығында, адам­зат­тың амандығында екен. Әлем­ді жайлаған мына жағдай сол пе­йіліміздің көрінісі шығар бәлкім, кім білсін?

Өйткені бүгінгі заманда адам­ның пейілі тарылып, қу дүниенің құлы болып кетті. Соның салдарынан мейірім, жүрек, жан жылуы сынды адами аяулы сезімдер, рухани құндылықтардың қадірі де құлдырады. Бұл індет осы ниетімізді түзеп, әр адамның өмір мәні турасында ойлануына жіберілген сынақ па деп те ойлаймын. Күн сайын естіртіп жатқан өлім мен жоқтау сай-сүйегіңді сырқыратады. Жаратқан ием жақындарымызды жоғалтудан, қазақтың қынадай қырылуынан сақтағай! Ойлансақ екен! Түйсікпен түсінсек екен. Әр адам өз әрекеті, сақтық шараларын сақтауы арқылы күллі әлемді құтқаруға септесе алатындығын ұғынса екен. Халқым той-томалақты, жиын-басқосуларды шектей тұрып, ұлт саулығын бірінші орынға қойса деген үлкен тілегім бар.

Түсінемін, айлар бойы төрт қабырғаға қамалып отыру оңай емес. Бірақ қиын да болса бұл сынаққа төзуіміз қажет. Еліміздің ертеңі, жастардың болашағы үшін! Міне, 4 айдан аса уақыт үйде отырмын. Мен де әбден жалығып кеттім. Бірақ амал қанша?! Төзуіміз керек! Себебі әрқайсымыздың әрекетіміздің артында ұлттың болашағы, бар­ша адамзаттың амандығы тұр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та осы бір қиын жағдайдан шығудың жолын іздеп шырылдап жүр. Еліміздің тізгінін ұстаған арда азаматқа дәл қазіргі қиын шақта қолдау білдіруіміз керек. Ұлтымызды аман алып қалу дейтін ұлы идеяның, мағыналы мақсаттың төңірегіне ұйысуымыз керек. Әрбір адам, қызметкер осы сын­ды еңсеру үшін де жанын салуы, адал қызмет етуі қажет. Олай болмайынша, жағдайымыз қиын. Жолайрыққа келіп тұрмыз ба деп те ойлаймын кейде. Өткен­де Президент айтқандай, қазір той тойлайтын емес, тұтас ұлт болып ұйысудың, аман қалу­дың жолын ойлап, іздейтін уақыт. Қазақшылықты қойып, адам­шылыққа көшуіміз керек! Өйт­кені әлемді мейірім мен адам­шылық қана құтқара алады! Осыны бір сәтте есімізден шы­ғар­масақ екен! Алла лайым аман­ды­ғымыздан айырмасын!

 

Асанәлі ӘШІМОВ,

КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты