Оқиға • 21 Шілде, 2020

Тағы «Байтұрсынов» болып кетті...

1364 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

А.Байтұрсынов атындағы университет пен Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогика университеті қосылып, енді Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті деп аталатын болды. Таяуда ғана білім ордасының басшылығы онлайн-брифинг өткізіп, бір жылға созылған бірігудің соңғы нүктесі қойылғанын мәлім етті.

Тағы «Байтұрсынов» болып кетті...

Өкініштісі, Қостанайдағы көзі қарақты қауым кемеңгердің аты-жөнін Байтұрсынов емес, Байтұрсынұлы деп жазған дұрыс болатынын айтқалы 20 жыл өтті. Бірақ елдің есті сөзіне университет бас­шылығы құлақ асар емес. Бұл жолы да қаперіне алмапты. Әйтпесе, екі ЖОО қосылып, бүкіл құжат ауысып жатқан сәт­те бір тиын шығындамай-ақ «-ов»-ты алып тастап, орнына оп-оңай «ұлы»-ны қоя салуға болатын еді.

Естеріңізге сала кетсек, Ал­ма­тыдағы тіл білімі инс­титу­ты Байтұрсынов емес, Байтұр­сын­ұлының атында. Ел астанасында да Байтұрсынұлы көшесі бар. Алаш ардақтысының өзі де көзі тірісінде 1925 жылдарға дейін жеке құжаттары мен ең­бектеріне «Байтұрсынұлы» деп жазып келгені тарихтан мәлім.

Ендеше, бәрі «ұлы» деп жазып жатқанда, Ахаңның туған же­ріндегі университет «-ов»-тан неге айырылғысы келмей отыр?..

 

ҚОСТАНАЙ