Бизнес • 21 Шілде, 2020

Бурабай мен Зеренді демалушылар үшін 24 шілдеден бастап жабылады

1070 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысының туристік бизнес өкілдеріне өңірдің туристік аймақтары 24 шілде күні сағат 00:00-ден 3 тамыз күні сағат 00:00-ге дейін жабылуы туралы ескерту жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz

Бурабай мен Зеренді демалушылар үшін 24 шілдеден бастап жабылады

"Коронавирус індетінің белең алуына және демалушылардың азаматтық жауапкершілігінің төмендігіне байланысты Ақмола облысының туристік аймақтары 24 шілде күні сағат 00:00-ден 3 тамыз күні сағат 00:00-ге дейін жабылады", делінген Ақмола облысының туризм басқармасының Instagram-дағы хабарламасында.

Туристік аймақтардың периметрі бойынша кіру кезінде блокбекет орнатылады және автокөлік қозғалысы шектеледі. Бұрын келген туристер қонақ үйлер мен санаториялық-курорттық нысандарда қалады. Демалыс аймағында жүрген адамдар бетпердені тағып жүруді және әлеуметтік қашықтық ережесін сақтауы қажет. Енді қонақ үйлерді брондауға, өтінімдерді қабылдауға тыйым салынады.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін санаториялық-курорттық объектілер күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режімді сақтай отырып, жұмысын жалғастырады.

Жалға алынған жағажайлар, сауналар, қонақ үйлер жанындағы бассейндер қызметіне тыйым салынады. Сондай-ақ, су айдындарының маңында орналасқан ойын-сауық және сауда нүктелерінің, қайық стансаларының жұмысы тоқтатылды.

"Шектеу шаралары үнемі ерекше бақылауда болады. Коронавируспен күресу үшін облыс және аймақ тұрғындары жағдайға түсіністікпен қарап, демалыс және көпшілік жиналатын орындарға барудан бас тарту керек", делінген хабарламада.