
Бүгін, 16 қазан күні Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында судья Гүлмира Дәулетованың төрағалық етуімен «Атырау» волейбол командасының басшылығына қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев хабарлады.
«Сотталушылар дүние-мүлкін тәркілеумен және 5 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте лауазымдық жұмыс істеу құқығымен қатар 8 жылға бас бостандығынан айырылу жазасын алды», - делінген хабарламада.
Үкімге сай, команданың директоры Жеңісбек Мұханбетжанов Қылмыстық кодекстің 235-бабы 3-бөлігімен (ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оны басқару ), 307-бабы 4-бөлігімен (қызмет өкілеттігін теріс пайдалану) және 314-бабы 1-бөлігімен (қызметтік жалғандық жасау ) кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң режімдегі колонияда өтейді, ал дүние-мүлкін тәркіленеді. Команданың бас жаттықтырушысы Александр Заповалов 235-баптың 3-бөлігімен (ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оны басқару ), 307-баптың 4-бөлігімен (қызмет өкілеттігін теріс пайдалану) кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оны да жоғарыдағыдай тәртіптер күтіп тұр. Бас есепші Светлана Харькина Кодекстің 235-бабы 3-бөлігімен (ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оны басқару ), 307-бабы 4-бөлігімен (қызмет өкілеттігін теріс пайдалану) және 314-бабы 1-бөлігімен (қызметтік жалғандық жасау ) кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын қатаң режімдегі колонияда өтеуге, дүние-мүлкін тәркілеуге жазалары тағайындалды. Сол сияқты С.Харькинаның тәрбиеленуінде кішкентай сәбиі болуы себепті бас бостандығынан айыру жазасы баласы 14 жасқа толғанға дейін кейінге шегерілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Үкімге риза емес жақтар 15 тәулік ішінде Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасына шағым бере алады.
Құрыш Нұрымбет.