Еліміздің Бас прокуратурасы үлкен халықаралық шу тудырған Германиядағы елшілік қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғады. Франкфурттағы бас консул Ахат Алпысбаев пен оның көмекшісі қазір тұтқында. Бұл туралы «КТК» телеарнасы хабарлады.
Екеуіне ірі көлемде контрабандамен айналысты деген айып тағылған. Сыртқы істер министрі бұл әрекетті масқара деп бағалап, шетелдегі барлық қызметкерлерін жаппай тексеруге тапсырма берді. «Өкінішке орай, арамыздан осындай сұмырайлар шығып жатыр. Бірақ бұл көргенсіздік, мәдениетсіздік жауапсыз қалмайды. Франкфурттагы осы масқарадан кейін консулдарга қатысты талапты күшейттік. Қазір шетелдегі барлық консулдықтарды тексеріп, тәртіпке келтіріп жатырмыз»,- деді Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.
Германиядағы бас консул Ахат Алпысбаев пен оның көмекшісі Әдіров дипломатиялық поштамен Германияға заңсыз жолмен ірі көлемде темекі тасымалдаған. Қалта қамын күйттегендер осы елдегі шылым бағасының қымбаттығын өздерінше пайдаланбақ болса керек. Қазақстандық дипломаттарды бірнеше ай бойы жасырын аңдыған неміс кеденшілері күдіктілерді ұстау үшін арнайы операция да ұйымдастырған. Енді дипломаттарды елімізге экстрадациялау үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бас консул мен оның көмекшісі тіпті Германияда сотталуы мүмкін.
Данияр Түймебай.