17 Қазан, 2013

Бокс. Әлем чемпионаты. Төртінші күн. Күндізгі сессия

453 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

17-10-13-karl hield-1

Жүргізуші – Руслан Игілік. Бүгін, 17 қазан күні 56 және 75 килоға дейінгі салмақтар бойынша іріктеу ұрыстары болып өтті. Қытайдың 56 килоға дейінгі салмақтағы нөмірі бірінші боксшысы Жиавей Занг германиялық Эдгар Вальтпен кездесуінде Азия бокс мектебінің кәрі құрлықтан төмен емес екенін танытты. Рас, бұл айқас екі жақтың бірдей дерлік мүмкіндіктерін көрсетулері негізінде өрбіді. Ақырында төрешілер Аспан асты елі өкілінің мықтырақ екенін мойындады. Ал оны келесі жолы бұдан да мықты – кубалық 20 жасар Робейси Рамирес күтіп тұр. Бүгінде атынан ат үркетін Робейси Элои Рамирес Карразананың атақтарын тізіп шығудың өзіне қыруар уақыт кетеді. Біз солардың бірқатарын атап көрейік. Ол 1993 жылғы 20 желтоқсанда туған. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, әлемнің 2009 жылғы кадеттер арасындағы қола жүлдегері, әлемнің 2010 жылғы жастар арасындағы чемпионы, ПанАмерика ойындарының 2010 және 2011 жылдарғы чемпионы, Куба Олимпиадасының 2010 жылғы финалисі, Жастар Олимпиялық ойындарының 2010 жылғы чемпионы, Кубаның 2010 жылғы қола жүлдегері, 2012, 2013 жылдарғы чемпионы. Ал Бакуде 1/8 финалда ресейлік Миша Алояннан ұтылып қалған. Армян Арам Авагян мен британиялық Джамаль Яфаидің арасындағы ұрыс та тартысты өтті. Екеуі де жұртты ашық ұрысымен қуандырды. Сонда да болса, бұлардың алдыңғыларының басымдылығы біліне берді. Төрешілер де сосын әділдігіне жүгініп, атағы артықтауына жеңілгенін мойындатты. Келесі жекпе-жекте итальян Яхин Паринело үш раундта шыдас бермеген грузин Автандил Чубабриядан басым түсті. Біздің жанкүйерлерді бұл салмақта елеңдеткен бәрінен бұрын румын Николае Андреана мен канадалық тай жігіті Танжит Лаллидің арасындағы айқас болды. Себебі, осылардың жеңгені келесі айналымда біздің Қайрат Ерәлиевпен айқасатын еді. Бұл ұрыс тең дәрежеде өтті. Екінші раундта канадалық белсенді көрінді. Бірақ соңғы раунда румын жігіті көбірек дәл соққы жасады. Осы шайқастың тағдырын шешіп кетті. 75 килоға дейінгі боксшылар арасында бізге екі жұптың текетіресі назар аудартты. Бұлардың біріншісінде ресейлік Артем Чеботарев пен Гайана өкілі Деннис Томас ұшырасты. Байқап қарап тұрған адам Артемнің таза орыс оғланы екеніне күмән келтірер еді. Шынында да ол біз білетін бұл нәсіл өкілдеріне ұқсай бермейді. Түрі ақшыл болғанымен, шашы қою. Көздері қоңыр. Сөйтсек, оның анасы қазақтың қызы екен. Сол жиен бала бұл күні жақсы айқасты. Соның дәлелі, екінші раундта шайқасты өз пайдасына шеше білді. Келесі кезекте түркімен Азиз Ачилов өзінің қимылымен ұнады. Ұрысымен ұнады. Ал ұрысты тез бітіргендердің бірі болған өзбек Азизбек Абдугафаров жөнінде сөз басқа. Бұл жолы Сейшель аралдарынан келген Жоветте Жинді бірінші раундта-ақ іске алғысыз етіп тастаған оның алысқа баратыны анық сияқты. Бүгінгі күннің бір ерекшелігі, ол 1/32 финалдық іріктеу шайқастарын аяқтайды. Бүгін кешкі сессия біткесін, ертең 1/16 финал басталады. Оларда қазақ боксшылары бірінші рет шаршы алаңға шыққалы тұр. Біздің жігіттердің арасында әзірге тек Жәнібек Әлімханұлы мен Иван Дычконың ғана қарсыластары кім болатыны белгісіз. Кешкі сессиядан кейін бұлардың алдыңғысының бәсекелесі анықталады. Ал Иван 1/8 финалдан бастап қана ұрысқа қосылады. Біз ертеңнен бастап жігіттеріміздің кімдермен шығатындарын кешке баяндап береміз. Чемпионат туралы барлық материалдармен газеттің Egemennews.kz сайтынан таныса аласыздар. Осы жерді басыңыз.
Соңғы жаңалықтар