18 Қазан, 2013

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар

600 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Астанада инновацияны насихаттау мақсатындағы үш жетекші – «NIF$50K» инновациялық бизнес-жоспарлар, «РАЦИОНАЛИЗАТОР.KZ» рационализаторлық ұсыныстар, «Өрлеу ақпараты» инновациялық тақырыптағы үздік журналистік материалдар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Шараны ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі және «Бәйтерек» ұлттық басқару хол­дингінің» қолдауымен «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ ұйымдастырды.

Кеше Астанада инновацияны насихаттау мақсатындағы үш жетекші – «NIF$50K» инновациялық бизнес-жоспарлар, «РАЦИОНАЛИЗАТОР.KZ» рационализаторлық ұсыныстар, «Өрлеу ақпараты» инновациялық тақырыптағы үздік журналистік материалдар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Шараны ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі және «Бәйтерек» ұлттық басқару хол­дингінің» қолдауымен «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ ұйымдастырды.

Салтанатты марапаттау рәсіміне Пре­мьер-Министрдің орынбасары – Индус­трия және жаңа технологиялар ми­нистрі Әсет Исекешев, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі Қаныш Төлеушин, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасы Айдын Күлсейітов, Парламент депутаттары, инноваторлар, салалық ассоциация өкілдері қатысты.

«Инновациялық саясат та­быс­тылығының негізгі факторы – инно­ва­цияның даму үдерісіне халықтың барлық өкілдерін тарту», – деп атап көрсетті Ә.Исекешев марапаттау кезіндегі сөзінде.

Марапаттау рәсімінде байқаулардың қорытындысы жарияланды:

NIF$50K республикалық инно­ва­циялық бизнес-жоспарлар байқауы­ның бірінші жүлдесін және 7 500 000 теңге көлеміндегі қаржылай грантты Тал­дықорған қаласының тұр­ғыны, «Аймақ­тардағы су көтергіш құрал» жоба­сының авторы Мырзахмет Тюлеев жеңіп алды. Су көтергіш бұл құрал электр энер­гиясын тұтынбай-ақ, өзен жағалау­ындағы аймақтарды суаруға арналған. Жеңімпаздың айтуы бойынша, кез келген шаруа қожалығы егістік алқаптарының өзен деңгейінен төмен орналасуына қарамастан, жерді судың жылдамдығы негізінде-ақ суаруға мүмкіндік алады. Бұл құрал секундына 0,5 метр жылдамдыққа ие суды 6-дан 40 ку­бметрге дейінгі көлемдегі су мөлшерін 80 метрге дейінгі биіктікке көтеруге мүм­кіндік береді.

Байқауға биыл қатарынан екінші рет қатысып отырған Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрлан Жанбурин 2 500 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы мен жүлделі екінші орынға ие болды. Ол масадан қорғайтын терезе қабатының жұмыс істеу қағидатына сәйкес, үйді шаң мен түтіннен қорғайтын, қарапайым, әрі құны аса қымбат емес, тиімді ауа тазалау жүйесін ойлап тапты. Оның өнертабысы ауыстырылуы тиіс сүзгілерді қажет етпейді, электр энергиясын тұтыну қажеттілігі төмен және артық шуы жоқ, ең бастысы, үйдегі ауаны қалалық газ, түтін және басқа да денсаулыққа зиянды заттардан қорғап, аллергиялық аурулардың азаюына ықпал етеді.

Үшінші орынға және 1 000 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыға Алматы қаласының тұрғыны, «Алдыңғы жеңіл модуль негізінде жаяу жүргіншіні қорғау жүйесі» жобасының авторы Максим Подлесных ие болды. Оның тұ­жы­ры­мын­ша, егер бұл өнертабыс өндіріске енгізі­летін болса, мыңдаған тұрғынның өмірін аман сақтап қалуға өз септігін тигізбек.

2013 жылы NIF$50K республикалық инновациялық бизнес-жоспарлар бай­қауына барлығы 376 өтініш қабылданды. Жыл сайын өтініш беру саны артып келеді. Байқау өткізу ережесіне сәйкес, келіп түскен барлық өтініштер арасынан үздік 15 жоба іріктелініп алынды. Таңдалып алынған жоба авторлары телевизиялық интеллектуалдық бағдарламаның кейіпкерлері ретінде көрерменге танытылды. Ұйымдастырушылар оларға өз жобаларын жүзеге асыруға көмектесуге күш салуда. Осы мақсатта авторларға байқау барысында кәсіби бизнес-бапкерлер мен кеңесшілер тарапынан қар­жылық және заңдылық тұрғысынан көмек көрсетілді. Байқау қатысушылары халықаралық «Deloitte» консалтингтік компаниясының кәсіпкерлік құпияларын ашатын мамандандырылған арнайы тренингтерінен өтті.

«РАЦИОНАЛИЗАТОР.KZ» рес­пуб­ликалық байқауы ел ішіндегі талантты өнертапқыштарды анықтап, ынталандырумен қатар, тиімді ұсыныстар енгізген кәсіпорындарды да анықтайды. «Үздік рационализаторлық ұсыныс» номинация­сы бойынша 3 орын және 1 000 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы «Қазақстан темір жолы» АҚ «Қостанай вагон пайдалану депосы» қыз­меткері Александр Федоренковқа бұйырды. Екінші орын және 1 500 000 теңгені «Астана медицина университеті» АҚ өкілі Болат Сүлейменов еншілеп отыр. Бірінші орын мен 2 500 000 теңге көлеміндегі сыйақы «Қазфосфат» ЖШС қызметкерлері Мұқаш Ескендіров, Леонид Франгулиди, Әбсамат Керембаев, Серік Мық­тыбаев, Александр Малыш және Николай Юрченкоға бұйырды. Аталған қызметкерлер бірлесе отырып, «Сары фосфорды көмірсутекті қоспалардан тазарту әдісін» ойлап тапқан. Аталған ұсыныс өндіріске енгізіліп, бүгінде өзінің жемісін беруде. Ұсыныстың негізгі идеясы – центрифугада белсендірілген көмір қосу арқылы фосфордан көмірсутекті қоспаларды ажырату. Экономикалық тиімділік қоспалардан тазартылған фосфор мен әдеттегі фосфор бағасының айырмашылығында. Сонымен қатар, зауыт өндіретін сары фосфорды өткізу нарығы кеңеюде. Рационализаторлық ұсыныс енгізілген соң, зауыт 584,16 млн. теңге пайда тапты.

«Кәсіпорында рационализаторлықты қолдаудың үздік жүйесі» аталымында «Қазмұнай» АҚ ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны болып табылатын «ПМХЗ» ЖШС топ жарып отыр.

Төртінші рет ұйымдастырылып отырған «РАЦИОНАЛИЗАТОР.KZ» байқауына биыл 130 өтініш қабылданды (былтыр 103 өтініш). Сарапшылық комиссия жұмысының нәтижесінде үздік ұсыныс және үздік жүйе аталымдары бойынша ақтық сынға өткен 10 автор анықталды.

«ӨРЛЕУ АҚПАРАТЫ» инновация тақырыбындағы журналистік материалдар байқауына биыл барлығы 162 өтініш келіп түсті. Олардың дені басылымдардан (51%). Ғаламтордағы материалдар барлық өтініштердің 23 пайызын құраса, телевизиялық сюжеттер – 13 пайыз, радио бағдарламалар – 10 пайыз және блогерлердің үлесі – 4 пайыз. Байқаудың бас жүлдесі мен 1 000 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыны «24KZ» телеарнасының тілшісі Медетжан Ізғұтдинов иемденді.

Сондай-ақ, келесі аталымдар бойынша жеңімпаздар анықталды:

«Қазақ тілді басылымдардағы үздік мақала» – Сұңғат Әліпбай, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті.

«Орыс тілді басылымдардағы үздік мақала» – Жәмила Кәрімова, «Мегаполис» республикалық газеті.

«Қазақ тіліндегі үздік телевизиялық сюжет/бағдарлама» – Нұртас Сапаров, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы.

«Орыс тіліндегі үздік телевизиялық сюжет/бағдарлама» – Шолпан Най­манбаева, «24 KZ» телеарнасы.

«Қазақ тіліндегі үздік радиобағ­дарлама» – Рита Сәрсенова, «Қазақ радиосы».

«Орыс тіліндегі үздік радио­бағ­дарлама» – Гүлзат Ахметова, «Астана» радиосы.

«Қазақ тіліндегі үздік интернет материал» – Диана Құлмағанбетова, «Bnews.kz» ақпараттық агенттігі.

«Орыс тіліндегі үздік интернет материал» – Юлия Ишунина, «Интерфакс-Қазақстан» ақпараттық агенттігі.

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар