
Жақында Франция астанасы Париждегі «Елисей алаңы театрында» өнер көрсеткен «Астана Опера» балетінің жетекші солистері Мәдина Баспаева мен Тайыр Гатауов «ХXI ғасырдағы әлемдік балеттің жұлдыздары» атты гала-концерттен табысты оралды.
Жақында Франция астанасы Париждегі «Елисей алаңы театрында» өнер көрсеткен «Астана Опера» балетінің жетекші солистері Мәдина Баспаева мен Тайыр Гатауов «ХXI ғасырдағы әлемдік балеттің жұлдыздары» атты гала-концерттен табысты оралды.
Опера әншілеріне Миландағы Ла Скала, Мәскеудегі Үлкен театр, Нью-Иорктегі Метрополитен опера, Лондондағы Ковент-Гарден, Венециядағы Ла Фениче, Париждегі Гарнье опера сияқты әлемдік деңгейдегі театрлардың сахнасында өнер көрсетудің маңызы қандай жоғары болса, балет өнері шеберлері үшін де Елисей алаңы театрының шыңын бағындыру дәл сондай қымбат деп есептеуге болады. Өткен айдың ортасында қазақ ұлттық балет өнерінен сол асуды бағындырған талантты жастардың есімі айқындалды. Гардельдің музыкасына жазылған «Түкке тұрмайтын сақтық» пен Борис Асафьевтің «Париж жалыны» балеттерінен па-де-де орындаған қазақстандық балет шеберлері алғашқы сәттен-ақ әсем қимылдарымен француз көрермендерінің жүрегін жаулап алды.

Мәдина Баспаеваның айтуынша, бұл «ХXI ғасырдағы әлемдік балеттің жұлдыздары» бағдарламасына қазақстандық өнерпаздардың соңғы жиырма жылдағы алғашқы қатысуы болып табылады. «Бүкіл Азия мемлекеттерінен барған бірінші өкіл екенімізді өзіміз де кейін аңғардық. Гала-концертке Еуропа мен Американың көптеген танымал солистері қатысты. Мұндай шараға соңғы рет Үлкен театрдан Юрий Петровтың төбе көрсеткені болмаса, одан кейін ТМД елдерінің үнін ешқашан естіген емеспіз. Содан бері арада ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті», – дейді М.Баспаева бізбен әңгімесінде.
«Биылғы өнер салтанатын ұйымдастырушылар әр құрлық өз жұбын шығара алатындай кең ауқымда өткізуді мақсат тұтқан екен. Біз ТМД аумағынан ат ізін салған алғашқы әртістер болдық және де Қазақстанның жаңа театры – «Астана Операның» намысын қолдан бермес үшін барынша күш-жігерімізді жұмсап бақтық. Есімдеріміз Елисей алаңы театрының репертуарына бір жыл бұрын жазылып қойылды», – дейді Т. Гатауов.
Әртістер фестиваль басталған алғашқы күні балетті Францияның бүкіл зиялы қауымы келіп тамашалағанын, концерт аяқталған соң олармен кездесу өткізгенін баяндап берді. Бұл жайында М.Баспаева: «Жұрт бізге сұрақты жаңбырша жаудырды. Біздің өнерімізді, биімізді өте жоғары бағалады, классикалық балет киіміміздің ерекшелігіне тамсанды. Себебі, мұнда жұрттың негізінен модерн стиліндегі балетке көздері үйренген, ал балет киімін батыс көрерменінің сағынып қалғаны соншалық, олар бізді көпке дейін жібергісі келмей, қимай қоштасты», – деді.
Бір айта кетерлігі, классикалық шығармаларды бірінші және екінші бөлімде тек қазақстандық әртістер ғана орындаса, фестивальде классикалық репертуардан бір па-де-де-ні Сан-Францискодан келген жұп – Тарас Домитро мен Мария Кочеткова сәтті бейнелеген. «Біз Мәдина екеуміз екі па-де-де биледік. Біріншіден, бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді, себебі ол үшін үлкен шыдамдылық пен көп тәжірибе қажет. Әу бастан мұндай таңдаудың оңай соқпайтынын білгендіктен, қай нәрсеге болсын дайын тұрдық. Дегенмен, көрерменнің көңілінен шыға алдық деп ойлаймын. Мұндағы жұрт пен еуропалықтардың айырмашылығы – олар бидің толық нұсқасын бітіргенде ғана қол соғып, қошемет білдіреді, ал біздің көрермен сахнадағы өнері үшін әртісті ұдайы қолпаштап, шапалақ ұрып отыруға дағдыланған. Концерт аяқтала бере әр жұп өзінің шеберлік үлгісін көрсетуге тиіс болатын. Сондай біздің тартуымызға зал дүр сілкінді. 20 минут бойы үзбей қол шапалақтап, жібермей қойды», – дейді Париж сапары жайында әсерлі әңгімелеген Т.Гатауов.
Мұндай фестивальдер жас таланттардың шеберлігін ұштап, ынталандырады әрі үлкен тәжірибе іспетті мектеп болып саналады. Бүгінде қазақстандық қос жұлдыз шетелге «Астана Опера» театрының атынан барғандарын мақтаныш тұтады. «Басқа әртістерден, мысалы, Яна Кочетковадан («Штатс-Опера», Берлин) неоклассиканы үйреніп, сәтті қимылдарын қағып алғың келіп тұрады. Олардың да біздің кейбір үлгілерімізге қызығушылықпен қарап, көп нәрсені үйренгісі келетіндіктерін байқадық. Ал көрермен қуанышында шек жоқ. Неге десеңіз, Францияда «Париждің жалыны» өте сирек орындалады. Би соңында бізге бір ер кісі бұрылып келіп, алған әсерін жасырмады: ««Париж жалынын» қанша мәрте көрсем де дәл мұндай тамаша көрініске бұрын-соңды куә болмаппын!» – деп Мәдина қызымыз қазақ балетінің даңқы Франция сахнасында асқақтағанын жеткізді.
Жобаның ұйымдастырушылары М.Баспаева мен Т.Гатауовтың өнеріне ерекше көз тігіп, қызығушылық танытқанға ұқсайды. Олар келешекте мұндай концерттерді біздің жұлдыздарымыздың қатысуымен Қазақстанда, Астанада өткізуді көздеп қалыпты. Мәдинаға Еуропа хореографтары өте жоғары баға беріп, сапардан соң Парижде қалып, Бордо театрында Джульетта партиясын билеуге ұсыныс жасаған. «Мен, әрине, бұл ұсынысты құп алып отырмын. Бірақ «Астана Опера» театрының атынан шығып билеймін. Қазір маған басқа театрларда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтау ауадай қажет. Мәселен, бізде тұсауы әлі кесіліп үлгермеген «Ромео мен Джульетта» балетіндегі аруды мен «Бордо» театрында алғаш орындағалы отырмын. Ұсыныс белгілі қоюшы хореограф Шарль Жюдтен келіп түсті. Шынымды айтсам, әлі күнге таңдаудың дәл маған келіп тірелгеніне еш сене алар емеспін. Мен үшін бұл ұсыныс тосын оқиға болғанмен, бұл маған лайық партия екенін және де мұны ойдағыдай орындайтыныма сенімім кәміл», – дейді алдағы жоспарлары туралы ой бөліскенімізде М.Баспаева.
Франция сапары алдында қазақ балетінің қос жұлдызы «Астана Опера» театрында жан-жақты дайындықтан өтті. Жаңадан бой көтерген ғимарат кеңдігі, сахнасының жарық та жайлылығы жағынан тіпті Елисей алаңы театрынан әлдеқайда асып түспесе, олардан аласа тартпасы анық деген пікір айтады әртістер. «Олардың едені біздікіне қарағанда қаттырақ. Ал балет адамы үшін ең басты ескерілер талап еденмен етене тығыз, осы жағынан біздің театрдың басқаларға қарағанда артықшылығы ашық байқалып тұрады. Ол барлық еуропалық стандарттарға сай еңіс қалыпта жасалған. Шетелдік достарым осындағы фотоларымды көріп, алдымен қай жерде түскенімді сұрап жатады. Тек еден мен тұтқалардың өзін көргенде таңданыстарын жасыра алмай қалады. Менің басты арманым – қазақ балетін, театрымызды бүкіл әлемге таныту. Себебі, бұл халқымыздың қай елге де қаймықпай көрсететін қазына-байлығы болып саналады», – дейді Тайыр мен Мәдинаның ойлары бір жерге тоғысып.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».