Руханият • 23 Шілде, 2020

«...Бола алмаймыз ешқашан ұлы халық!»

2272 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір біздің қоғамда кім болсақ та әй­теуір қазақ болғымыз келмейтін бір жаман әдет қалыптасты. «Қазақ жалқау», «қазақ той­шыл», «қазақ мансапқор», «қазақ жем­қор». Жаман қасиеттің барлығы байғұс қазақтың өн бойынан табылады екен. Бас­қасын қайдам, халқын жамандаушылар арасында жаһандық жарыс бола қалса, бас жүлдені қазақтар алатынына ойланбай-ақ бәс тіге беруге болады. Біз сияқты туған ұлтының жер-жебіріне жетіп ұрсатын ха­лық жоқ шығар жер жүзінде?!

«...Бола алмаймыз ешқашан ұлы халық!»

Бала кезімізде әкеміз Алматының «Қайра­тын» аузынан тастамайтын.  Қазір ойлап қа­ра­сам, әкеміздің  мақтауын соншалықты жеткізгеніне құлақ қояр болсақ, бүгінгі «Бар­селона» мен «Реал Мадрид», «Бавария» мен «Ливерпуль» алматылық команданың қасында қара жаяу сияқты. КСРО-ның дүбірлі додасында талай мықты команданың құтын қашырып, жанкүйерлерінің алдында жер қылған көрінеді. Тіпті Мәскеудің «Спартагін» өз алаңында тас-талқан етіп, айды аспанға бір-ақ шығарған. Сол жеңіс «Қайраттың» ақтаңгері Тимур Сегізбаевтың атағын дүркіретіп, орыс газеттері «Тимур және  оның командасы» деп айқайлатып тақырып қойып, жамырай жазады. Жазса, жазуға тұратын ойыншы болғаны да.

Сегізбаевтың серіктері де осал емес, әкем­нің айтуынша, бірінен-бірі өтеді. «Он бір метр­лік айып добын қағып алудан Одақта Құралбек Ордабаевқа тең келер қақпашы жоқ!» «Сейілда Байшақов алаң төрінде ойқастағанда басқалар қарқынына ілесе алмайды!», «Үш қазақ футболшысы кеңес футболының даңқын аспандатып, ал «Қайрат» қарсылас шақ келтірмес команда болған екен дә». Бұл – әке сөзінен түйгеніміз.

Әкенің «Қайрат» туралы аңызға бергісіз әңгімесін бала кезден санамызға құйып өскен­діктен болар, Алматыға табан тірей сала Орталық стадионды бетке алғанымыз бар. Әрине 80-жылдардың ортасында Сегізбаевтар әлдеқашан футболмен қоштасып, оның орнына Қайрат Аймановтар келген-ді.  Қанға сіңген қасиет болар, біз де «Қайратқа» жан­күйер болдық, жеңілсе шамдандық, жеңсе шаттандық. Әйтеуір алматылық командаға деген ықыласымыз алабөтен еді.

Өскен соң ойлап қарасақ, қиырдағы қазақты атажұртқа деген сағыныш сезімі кернейді екен. Бесқала өңіріндегі қазақтың «Қайрат» үшін  жанын салып жанкүйер болатыны, Алматы жаңалықтарына ылғи аңсары ауып тұратыны, Қазақстаннан ат арылтып жеткен қандастарға деген ілтипат ерекшелігі – бәрі-бәрі арқасүйер атажұртқа деген, «біздің қазақ» деген  ақық сүйіспеншілікпен астасып жатыр екен ғой. Қазақ­ты жамандағанның қолында өлуге даяр сол бір күндер-ай десеңші!

... Ал бүгін ұлтының кемшілігін санамалап, «жаназасын» шығарып отырғандардікі түсініксіз?!

Рас, әлі бағындырмаған белестеріміз, алма­ған асуларымыз бар. «Қой үстіне бозторғай ұя салған» қоғамда өмір сүріп жатқанымыз жоқ. Біздің де «өнер-білім бар жұрттардан» үйренетін тұсымыз көп. Осы жағынан келгенде Әлихан Бөкейханның басқа емес Жапо­нияға көбірек иек артқаны көңілге қонады. Ұлт қайраткері Күншығыс елінің даму жолына қызығушылық танытып, Қазақ елін  Жапо­нияның деңгейіне 20-25 жылда жеткізуді жос­парлаған. Алаш көсемінің сенім артатын да жөні бар. Өйткені жапондар «Мейзи жаңғыруы»  деп аталатын бағдарламасының арқасында 1868-1889 жылдар аралығында, яғни жиырма бір жыл ішінде мешеулеп қалған феодалдық мемлекетті әлемнің ең қуатты елде­рінің қатарына қосты. Өткен ғасырдың өзінде өз басынан  қаншама тар жол, тайғақ кешуді бастан өткізсе де Жапония бү­гінде  төрткүл дүниені аузына қаратқан алпауыт елдің бірі.

Жақында «Еgemen Qazaqstan» газетіне бер­ген сұхбатында (№131, 10 шілде 2020 жыл) қо­ғам қайраткері Мұрат Әуезов Жапо­ния өркениетінің сырын төрт ауыз сөз­бен түйін­­дейді. «Ол – император, Жапон халқы,  Жапон аралдары, Ұлттың бірлігі мен тұтас­тығы». Осы төрттаған Күншығыс елінің даму траекториясының темірқазығы іспетті. Атал­ған «төрттік» «Төртеу түгел болса төбе­дегі ке­леді» дейтін Алаш баласына да жат емес. Енде­ше басқалардың өнегесінен гөрі қазақ жұртына Жапонияның даму жолы әлдеқайда жақынырақ.

Халықтың дәстүрін мансұқтап, тұлғалары­ның қадір-қасиетін түкке тұрғысыз ету қо­ғамдағы қордаланған мәселенің түйінін шеш­пейтіні белгілі. Дәстүрімізге, ұлттық құн­ды­лықтарымызға сәйкес келетін «өнер-білім бар жұрттардан»  үйрену,  барымызды баға­лай білу, бойымыздағы  ұлттық мақтаныш сезімді өрістету ғана асқаралы биіктерді бағындыруға жетелейді. Мырза Әлінің ұрпағы Қадыр шайыр айтқандай: «Ұлы мақсат қоймасақ алдымызға, Бола алмаймыз ешқашан ұлы халық!»