– Ақан мырза, әңгіменің әлқиссасын тың жаңалыққа баланып отырған қазба жұмыстары жайынан бастасаңыз?
– Торғай өңірі – біздің жыл санауымызға дейінгі VIII-II ғасырларда сақтар мен савромат-сарматтардың шектесер шекарасы болған мекен. Бұл өлкенің археологиялық тұрғыдан зерттелуі өткен ғасырдың соңғы ширегінен бастау алса да, кешенді зерттеулер толық жасалмаған еді. Соңғы жылдары жоғарыдағы олқылықтың орнын толтыру мақсатында – белгілі меценат С.Ысқақұлының қаржылай қолдауымен 2016 жылдан бастап, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің бағдарламалы-нысаналы жобасы аясында зерттеу жүргізудеміз.
– Түсінікті. Өзіңіз айтқандай, соңғы жылдары тұрақты жүргізілген зерттеу нәтижесінде аталмыш өлкеден қандай тың деректер табылды?
– Ұлттық музейдің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты Торғай даласына жүргізген бес жылдық қазба және лабораториялық жұмыстар нәтижесінде, қазақ археологиясы тың деректермен толықты.
Мәселен, Жаңақала (Қараторғай) ауылы маңында орналасқан Саба қорымының орналасу ретіне келер болсақ: ежелгі сақтар дүниетанымына сай шығысында Арқаның аласа шоқылары, батысында Торғай даласы басталар тұстағы Қараторғай мен Сабасалды өзендерінің алқабын таңдағандығы ерекше назар аударарлық. Сонымен қатар қорымда жерленген тұлға қоғамдағы әлеуметтік дәрежесіне сай сол заманның мәдени үлгісімен жасалған бұйымдарды өзімен бірге қоса көмгені анықталды.
Нақтырақ айтқанда, қазба жұмысы кезінде табылған 152 қола жебе салынған қорамсақ пен темір қанжарлы әскери билеуші мен көлемді алтын сырға таққан әйелдің жерленуі бұл өлке – сақтар мен сарматтардың біте қайнасқан ортақ мекені екендігіне айғақ.
Әдетте, бұған дейінгі зерттеулерде сақ жауынгері қорамсағында 10-нан артық жебе кездеспеген және әйелдері массивті алтын сырға тақпаған. Бұл дүниелер жаңа деректердің бір парасы ғана.
Лабораториялық зерттеулер арқылы жерленген тұлғаның бет-әлпеті жаңғыртылып, ескерткіштің нақты уақыты анықталды. Адам қаңқасының тісін зерттеу арқылы пайдаланған тағам рационы қалпына келтіріліп, қыш көзешілігі айқындалды. Сонымен қатар қорымнан табылған әйнекті моншақтарды зерттеген жапондық ғалымдар, Торғай мен Арал теңізі арасын мекен еткен ежелгі тұрғындар сақ дәуірінде өзара тығыз байланыста өмір сүргендігін дәлелдеді.
– Маман ретінде айтыңызшы, Торғайдан табылған олжалар тағы бір кезекті «Алтын адам» ба?
– Бұған дейін Қазақстан жерінен 8 алтын киімді адам табылды. Олар: Есік бекзадасы, Берелдегі салт аттылар, Тарбағатайдағы Шілікті және Елеке сазы әміршілері, Батыс Қазақстандағы Тақсай абызы, Шығыс Сарыарқадағы Талды-2 әміршісі, Атыраудағы Аралтөбе жауынгері және Үржар абызы.
Ал біз зерттеген Саба-1 қорымы ж.с.д. VII-VI ғасырларда сақтар дүниетанымына сай тұрғызылған, архитектуралық құрылымы ерекше, жалған күмбезді ескерткіш. Мұнда дала әміршісі тас қабырғалы дәліз арқылы астына төсеніш салынған күмбезді камера ішіне, жанына құрбандық тақтатасы мен оюланған сүйек құралы қойылып, алтын әшекейлі киімімен жерленген. Жерленген тұлғаның жасы мен жынысын маман антропологтар анықтап жатыр.
Өкінішке қарай, ескерткіш ертеде тоналған екен. Күмбез астындағы бос орынға жерленген адамның жанына қойылған бұйымдарды біреулер қазып алып кеткен. Соның өзінде әртүрлі пішіндегі елуден астам алтын әшекейлер мен мүрденің шалбарына көмкерілген көлемі 3-4 мм тесік көзді мыңнан астам алтын бисерлер табылды. Осындағы алтын бисерлер арқылы шалбарды жаңғыртуға толық мүмкіндік бар.
– Өзіңіз жұмыс істейтін Ұлттық музейде дала әміршілері мен абыздардың алтын бұйымдары, киімдерінің жаңғыртпалары көрмеде тұр. Археолог ретінде осы ашылымдарға қатыстыңыз ба?
– Ұлттық музейде сегіз алтын киімді адамның алтауының қайта жаңғыртпалары көрме залдарына қойылған. Сонымен қатар музей қоры мен экспозициясы соңғы ашылым материалдарымен толығуда. Атап айтсақ, олар Шығыс Қазақстанның Үржар өңірінен табылған абыз әйел киімінің түпнұсқа әшекейлері мен киімінің жаңғыртпасы; Марқакөлдегі ортағасырлық Түйетас-Аян ескерткіштерінен табылған ат әбзелдерінің жаңғыртпасы; Катонқарағайдағы ортағасырлық Қарақаба ескерткішінен табылған музыкалық аспап, қару-жарақ және т.б.
Өз басым 1999–2013 жылдары Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданындағы тоң басқан Берел обалары мен 1999 жылы Атырау облысы Жылыой ауданындағы Жем өзені бойындағы Аралтөбе обаларын зерттеуге қатыстым. 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысының өңірді дамыту бағдарламасы аясында Тарбағатай ауданы Елеке сазы жайлауынан кезекті алтын киімді адамды зерттеуге атсалыстым.
Бұл жерде көпшілікке түсінікті тілмен айтар болсам, археологиялық ашылымды жалғыз адам жасамайды. Бұл – ұжымдық еңбек. Мысалы, далалық зерттеулерге 5-6 ғылыми қызметкер мен 30-40 жұмысшы қатысады. 2018 жылғы Елеке сазы ашылымында экспедиция басшысы болдым. Ал жоба жетекшісі – Зайнолла Самашев ағамыз. Сонымен қатар әріптестерім: Айдос Чотбаев, Әбдінұр Нұсқабай, Архат Қайырмағамбетов, Мейіржан Қызырхан, Ғалымжан Қиясбектің еңбегі зор.
– Жыл сайын «Алтын адам» табылды деп әлемге жар саламыз. Кейде осы оқиға отандық археологтардың арзан пиар акциясы сияқты әсер береді. Осы мұраларды халықаралық ғылыми орта қаншалықты мойындайды?
– Археология – саясаттың сойылын соқпайтын ғылым. Мәселен, ерте темір дәуірінде Орхоннан Днепрге дейінгі Еуразия кеңістігінде сақ-скифтік «үштік» (қару-жарақ, аң стилі және ат әбзелдері) бір мәдени-тарихи қауымдастық ретінде мойындалды. Қазіргі қазақ даласы жоғарыдағы мәдени-тарихи үрдістің ортасы болды.
Бүгінде осы ортақ мұраларды зерттеуші археологтар ондаған мемлекет жеріне зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Олар бір-бірінің ғылыми табыстары мен жетістіктерінен тез хабардар болады және бәрі ортақ әдістемеге сай жұмыс жасайтындықтан тез түсініседі. Сол себепті, жерімізден табылып жатқан алтын мұралар халықаралық қауымдастық алдында өз деңгейінде мойындалуда.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»