Руханият • 23 Шілде, 2020

Адамшылық қарыз – азаматтық парыз

1495 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адамзат көш-керуені әлем-тапырық. Ақыл алтау, ой жетеу. Жерге кіргір мынау індеттің беті жаман. Шығыс даналығында айтылатындай: «Шөл қысқан адам құмыраның әсемдігін көрмейді». Бүгін ақыл-ой мен ізгі амалдардың кезеңі. Жақыныңа жанашыр болар шақ. Өсек, өтірік, байбаламның уақыты емес.

Адамшылық қарыз – азаматтық парыз

Әр пенденің бойында адамшы­лықтың қарызы бар. Ол қарыз – өзіңнің, ұрпағыңның, Отаныңның алдындағы жауапкершілікке бас­тайды. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қа­рызы үшін еңбек қыл», демей ме ұлы Абай. Адамзаттың қарызы – азаматтық парызың. Сол қарыз бен парыз сынға түсер сәтте дәрі бағасын аспандатып, «бүлінгеннен бүлдіргі алғысы келетін» безбүйрек пиғылдарды көріп жаның шошиды. «Ауруын жасырған өледі» дейтін де қазақ. Дертке ұрынғандардың, бақиға аттанғандардың статис­тикасын жария ету жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы айтты. Бұл жауырды жаба то­қитын кезең емес. Қай елде бол­сын ең басты құн­дылық – адам, адам өмірі. Осы күндерде қан­ша таныстарымыздан, туыс­тарымыздан, қаламдас, қа­нат­тастарымыздан айырылдық. Әр өлім жан-жүрегіміздің қыл пер­нелерін бір-бірлеп суырып жатқандай.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр сөзінде халық алдындағы жауапкершілікті мойнына алып, қарашаға қарата жүрек сөзін айтып келеді. «Қазақ елінің тағдыры тарих таразысында тұр», деді ол. Бұдан артық қалай айтуға болады? Елдің сол тағдырына Президент қалай жауапты болса, сіз де, мен де солай жауаптымыз.

...Кеше туған ауылым Жа­ңаар­қадан достарым бейне­баян жіберіпті. Ауыл-ауыл болып брендке айналған Жаңа­арқа қымызын тонналап ауру­ханаларға жөнелтіп жатыр. Эс­та­фетаны келесі ауылдарға береді екен. Жалпыхалықтық қозғалыс. Ел анасына айналған жеңгелерімнің бейнесін таныдым, көзіме жас іркілді. Олар бұл еңбегіне бір тиын ақы дәметпейді, дертке дәру болсын деген ақ ниет қана...

Қай уақытта да небір қиын­дықты, зұлматты береке мен бірлік жеңген.

...ҚарЛаг тұтқыны Гертруда Платайстың естелігін оқығаным бар. «Неткен ғажап халық еді қазақтар. «Жалаңашкөлге» күз­дің қара суығында айдауылдар айдап бара жатқан біздерге қазақ аналары балаларының қолымен құрт, ірімшік лақтыртты емес пе? Сол сурет көз алдыма келсе, әлі күнге көзіме жас іркіледі», депті неміс аруы. Қазақтарға мың мәрте алғыс жаудырған.

Сол Алаштың арлы жұртында, тектіліктің тамыр жайған алқа­бында Қазақстан деген мемлекет бар. Гертруда қыздың жазбасын оқып, ҚарЛаг туралы «Қара орамал» поэмасында:

...Жұлдыздардың ішіндегі

 Үркері,

Мына дала

тектілердің жұрты еді.

Сұламадан алып қалған

сұлатпай

Аналарым қолдан сыққан

құрт еді.

Мейірімге мөлдіреген

бұлақтай

Гертруда қыз көздің жасын

іркеді...

– деп жырлаппын. Бүгін де елге ізгі амалдар, мейірім мен пейіл, бе­ре­ке мен бірлік қажет. Зиялы қауым­ның айтар ойы осыған сая­ды.

Аман бол, Қазақ елі, біз сіз­бен бір­геміз, Қасым-Жомарт Кемел­ұлы!

Мынау пандемияның беті қайт­паған жағдайда елді мекендерде, аймақтарда төтенше жұмыс топтарын құрса деген ұсыныс бар. Елді сабырға шақырып, нақты іске араласатын, келіп жатқан түрлі көмекті ең зәру жерлерге жет­кізу үшін де уақытша осындай құры­лым керек шығар. Ондай жағ­дайда ел ішінде болуға біз де әзір­міз.

«...Бабалардың бағып тұр көзі

алыстан,

Балалардың сиқы анау...

боза құсқан.

Өзім көріп келемін өз күнімді,

Өзегімнен теппеші,

Қазақ­стан!»

деп жазып еді менің досым Шаһи­зада шайыр Әбдікәрімов ана бір жылы. Иә, «бабалардың бағып тұр көзі алыстан». Жақсы күнде жолығайық!

 

Ғалым Жайлыбай,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері