«Ромат» фармацевтикалық компаниясы гематогенді өндіруді жолға қойған еді. Енді аталмыш өнімді Кеден одағына кіретін елдерге экспорттамақшы. Ол үшін гематоген өндіру бес есеге ұлғаймақ. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясына орай «Өнімділік-2020» бағдарламасы бойынша, «Ромат» компаниясы гематоген цехын жаңғыртуды қолға алып отыр. Себебі, зауыт үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген.
«Ромат» фармацевтикалық компаниясы гематогенді өндіруді жолға қойған еді. Енді аталмыш өнімді Кеден одағына кіретін елдерге экспорттамақшы. Ол үшін гематоген өндіру бес есеге ұлғаймақ. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясына орай «Өнімділік-2020» бағдарламасы бойынша, «Ромат» компаниясы гематоген цехын жаңғыртуды қолға алып отыр. Себебі, зауыт үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген. Осының аясында кәсіпорын Семейде 2014 жылға дейін жаңа қосымша ғимарат бөлігін тұрғызбақшы. Нәтижесінде дәрілердің тағы да 300 түрі шығарылмақ. Ал экспортқа шығарылады деген гематоген сонау кеңестік кезеңнен бір өзгермеген, құрамы сол күйінде сақталыпты. Бүгінде зауыт жылына 8,5 миллион ғана шығарады. Бұл Қазақстанның ішкі рыногына толық жеткілікті емес. Сондықтан да компания «Өнімділік-2020» бағдарламасына еніп отыр.
Біз жоспарымыз бойынша, 2013 жылдың қараша айына дейін түгелдей автоматтандырылған, жылына 40 млн. плитка өндіретін цехты іске қоспақшымыз, дейді «Ромат» фармацевтикалық компаниясы ЖШС директоры Виталий Ишмуратов, егер өндірістің қуаттылығын бес есеге ұлғайтсақ, энергиялық тиімділік 35 пайызға артады. Отандық өнімді Қазақстанның ішкі рыногына жібереміз, тек 30 пайызы ғана Кеден одағына мүше елдерге экспортталатын болады.
Міне, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының игі әсері осында, дейді зауыт ұжымы. Осы бағдарламаның аясында семейлік өнімді көрші мемлекеттер де тұтынбақшы. Айта кету керек, болашақта Қазақстанда өндірілетін фармацевтикалық өнімнің 50 пайызға жуығын «Ромат» фармацевтикалық компаниясы шығаратын болады. Ол жөнінде Астанада өткен «Қазақстан Республикасының өнеркәсібін жаңғырту» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция аясында «Ромат» фармацевтикалық компаниясының президенті Тұрарбек Рақыш мәлім еткен еді. Айтуынша, Қазақстанның фармацевтикалық және медициналық саласын дамыту бағдарламасына сәйкес 2015 жылға дейін фармацевтикалық өнім саласындағы ұлттық мөлшерді 50 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылған. Бұған жету үшін медициналық дәрі-дәрмектер шығаратын жаңа зауыттарды салып, ескі өндірістерді қайта жаңғырту жоспарланып отыр. «Егер 1992 жылда фармацевтикалық өнім саласындағы қазақстандық мазмұн 3-ақ пайыз болса, 2010 жылы оның деңгейі 16 пайызға өсті. Ал бүгінде отандық фармацевтика саласында қолға алынған іс-шараларды ескеретін болсақ, 2015 жылы фармацевтикалық өнім саласындағы ұлттық мазмұн көлемі 50 пайызға дейін жетеді деп нық сеніммен айтуға болады», дейді Тұрарбек Рақыш.
Қаладағы кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Әнуарбек Сүйіншиновтің айтуынша, «Өнімділік-2020» бағдарламасы бойынша отандық өнім өндірушілер бірнеше бағытта жұмыс атқара алатын болады. Бағдарламаның ерекшелігі – бұрыннан кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан өндіріс орындарын одан әрі қуатты күшке айналдырады. Инвестициялық жобалардың кешенді бағдарламасы қамтылған. Бұған қажетті қаражат та мемлекет тарапынан қарастырылған.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.