18 Қазан, 2013

Мұнайдың ілеспе газы кәдеге асуда

966 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қай кеніштен де шығатын мұнай құрамында ілеспе газ кездеседі. Сондықтан мұнайды дайындау орталықтарында оның құрамындағы газ, тұз, сулар бөліп алынатыны белгілі. Ал осы ілеспе газды қайтеді? Соңғы жылдары шағын мұнай компания­ларында газ турбиналарын қолдану іске аса бастады.

Қай кеніштен де шығатын мұнай құрамында ілеспе газ кездеседі. Сондықтан мұнайды дайындау орталықтарында оның құрамындағы газ, тұз, сулар бөліп алынатыны белгілі. Ал осы ілеспе газды қайтеді? Соңғы жылдары шағын мұнай компания­ларында газ турбиналарын қолдану іске аса бастады.Мәселен, «Мәтен» біріккен кәсіпорнында, «Прикаспиан Петролеум Компани» ЖШС-інде осындай қондырғының арқасында ілеспе газ электр қуатына айналдырылуда. Тіпті «Прикаспиан Петролеум Компани» ЖШС-нің бұл саладағы тәжірибесіне 7 жыл толып отыр. Қытайлық агрегат мұнда осыншама уақыт тоқтаусыз жүріп тұр.

«Потенциал Ойл» ЖШС-нің құрылғанына биыл 12 жыл болды. Қазіргі уақытта мұнда барлау жұмыстары аяқталып келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде Жаңаталап кенішінің Орталық жиынтығында жаңа мұнай кен орындары халық игілігі үшін жұмыс жасауда. Кен орнынан өндіріліп жатқан мұнай өнімдерінен ілеспе газды бөлетін қондырғы бұдан бұрынырақта қондырылған еді. Өндірілген мұнайдың көлемін өлшейтін автоматтандырылған қондырғылар да іске қосылыпты. Компанияда қоршаған ортаға зиянды азайту шаралары да іске асып келеді. Әрине, бұл индустриялық-инно­вациялық даму саясатын іске асы­рудың нәтижесі дер едік. Қазір «Потенциал Ойл» ЖШС-нің өндірістік қорында 72 ұңғыма бар. Оның ішінде 9 ұңғыма бұрқақтық әдіспен жұмыс жасайды. Үстіміздегі жылы «Жасұлан и К» ЖШС бұрғышылары 25 ұңғыманы бұрғылауы тиіс болса, қазір содан 8 ұңғыма қалыпты. Әрине, мұнай болған жерде газ да ілесе жүреді. Әсіресе, Жанбай ауылының тұрғындары үшін екі жақтағы Жаңаталап кен орын­дарының пайдасы да, зияны да бірдей. Тіпті компанияға экологтар бірнеше рет ескерту де берген болатын. Енді «Потенциал-Ойл» ЖШС бұл жағымсыз әңгімелерден құтылатын түрі бар. Неге десеңіз, 23 шілдеден бас­тап компанияның өндірісіне екі газ генератор қондырғысы қондырылып, электр қуаты өндірілуде.

– «Потенциал Ойл» ЖШС-нің не­гізгі мақсаты мұнай ұңғымасынан өн­дірілетін ілеспе газды ауаға жібермеу болғандықтан, америкалық «САТ» фирмасынан шыққан екі газ генератор қондырғыны үстіміздегі жылдың ақпан айында сатып алған болатынбыз. Осы бірінші газ генераторлық қондырғыны шілде айының 23 жұлдызында іске қостық. Сол уақыттан бері біздің өн­діріс орны түгелдей газ генераторына қо­сылды, – дейді «Потенциал Ойл» ЖШС-нің өндіріс бастығы Сапарғали Әбілов.

Бұл жерде компанияның жаңа директоры Әбдірхан Өтесіновтің еңбегін айта кеткен жөн. Ол жұмысты қабылдап алған күннен бастап бірінші кезекте атқарылатын шараларды екшеді. Соның ішінде ілеспе газдан электр энергиясын алу міндеті тұрды. Айта кету керек, газ генераторының қуаты – 1 мВт. Соның ішінде өндіріске 520-550 кВт электр энергиясын пайдалануда. Ал екінші газ генераторы қондырғысы да іске қосылып, резервке қойылыпты. Газ генераторлық қондырғы сағатына – 350 текше метр, тәулігіне – 8540 текше метр газ жағады. «Егер де газ генераторы түрлі жағдайларда тоқтап қалса, газдың қысымы түсіп кетсе, қосымша ДЭС-400 кВт дизель стансасы бар», – дейді компанияның өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Максим Семенюк.

Өндіріс орындарындағы қон­дыр­ғыларға электрик және механик мамандары қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда газ генераторлық қондырғы сеніммен жұмыс жасауда. Жаңа қондырғыны іске қосуға байланысты мұнда жаңадан 4 жұмыс орны да ашылған екен. Газ генераторы қондырғысына қызмет көрсететін электриктер А.Шкодин мен А.Красняк біз барғанда кезекті ауысымда тұрды. Жалпы газ генераторына 40 күнде бір рет техникалық күтім жасалып тұратын болып шықты. Яғни, бір күн ішінде генератордың 1 тонна антифризі және 600 литр майы, фильтрлері ауыстырылады екен.

Иә, «Потенциал Ойл» ЖШС күн өткен сайын мұнай өндіруде табыс­тарға жетіп келеді. Үстіміздегі жылдың жеті айында 75 166 тонна «қара алтын» өндірген. Әрине, жаңа компания болғаннан кейін олар да қоғамға пайда келтіруді де ойлауда. Өздері жұмыс жасайтын Исатай ауданының әлеуметтік дамуларына үлкен көңіл бөлінуде. Мұнда өткен жылдан бері 40 орындық жаңа жатақхана жұмыс жасап тұр. Ішінде асханасы бар. «Дан-Ис-Сервис» ЖШС-нің аспаздары мұнайшыларға дәмді тамақ дайындап береді. Бір айта кетер жай, газ генераторымен электр қуатын өндіру қосымша құрылыстарды да токпен қамтамасыз ете алады екен. Осы орайда өндіріс басынан неге жылыжай салмасқа деген ой келеді. Сонда қос өзен аралығының мұнайшыларын жас көкөніспен жыл бойы қамтуға болады ғой. Әрине, ұйымдастыра білсе, бұл да қолға алуға болатын іс. Енді бір айта кетер жай, мұнайдағы ілеспе газбен шағын компаниялардың қалай күресіп жатқанын көріп отырмыз. Неге «Ембімұнайгаз» АҚ-тың шағын кеніштері осындай газ генераторын қолданбасқа. Басқаны былай қойып, «Потенциал Ойл» мен «Прикаспиан Петролеум Компани» ЖШС мен көршілес отырған За­бу­рын, Жаңаталап, Гран, Мартыши ке­ніштері газдан біраз зардап шегуде. Экологтардың оларға салып жүр­ген айыппұлы да қомақты. Егер де жо­ғарыдағыдай газ генераторын алса, ол 137 миллион теңгеге шығар еді. Бұл миллиардтап айыппұл төлегеннен әлдеқайда жақсы емес пе?

Құттыгерей СМАДИЯР,

журналист.

Атырау облысы,

Исатай ауданы.

Соңғы жаңалықтар