Жамбыл облыстық білім басқармасы еліміздің білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізуде. Білім беру жүйесіне бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын өсуде.
Жамбыл облыстық білім басқармасы еліміздің білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізуде. Білім беру жүйесіне бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын өсуде.
Ағымдағы жылы білім нысандарының материалдық-техникалық жабдықталуына 10,3 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде білім нысандарының құрылысына 5,5 миллиард теңге, жөндеу жұмыстарына 4,4 миллиард теңге, жаңа модификациялы кабинеттермен жабдықтауға 385 миллион, мектеп жиһаздарын алуға 51 миллион теңге қарастырылды.
Ағымдағы жылы барлығы 24 білім нысанының құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 11 нысанды үстіміздегі жылы пайдалануға беру жоспарланды.
Жоспарланған нысандардың ішінен Тараз қаласындағы 320 орындық балабақша, Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы 280 орындық балабақша, Жамбыл ауданы Жасөркен ауылындағы 300 орындық, Жуалы ауданы Ақтөбе ауылындағы 150 орындық, Қордай ауданы Сортөбе ауылындағы 300 орындық орта мектеп пайдалануға берілді. Ал Жамбыл ауданы Қаратау учаскесіндегі 120 орындық, Қордай ауданы Кенен ауылындағы 600 орындық, Масаншы ауылындағы 825 орындық, Мойынқұм ауданы Мыңарал бекетіндегі 120 орындық орта мектеп пен Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылындағы 280 орындық, Мойынқұм ауылындағы 140 орындық балабақша жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қалған 13 білім нысанының, яғни 5 мектеп, 7 балабақша, 1 колледждің құрылысы 2014 жылы аяқталады.
Бүгінгі күні апатты жағдайдағы, үш ауысымды және ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан мектептердің мәселесін шешу – ең негізгі міндеттердің бірі болып отыр десек, салынып жатқан мектептер есебінен апатты жағдайдағы 30 мектептің 5-уінің, үш ауысымды 4 мектептің 2-уінің мәселесі шешіледі. Ал 1 мектептің, яғни Қордай ауданындағы №2 орта мектебінің 3-ші ауысымда оқитын 101 оқушысы алдағы оқу жылынан бастап аудан орталығында орналасқан №3 және №4 орта мектептерге ауыстырылатын болады. Тараз қаласы Құмшағал бекетіндегі №19 негізгі мектебі құрылысы 2014 жылы жүргізіледі деп жоспарлануда.
Сонымен бірге, келесі жылы апатты жағдайдағы 4 мектептің, яғни Жуалы ауданындағы Жаңаөткел ауылындағы 50, Қордай ауданы Алға ауылындағы 180, Шу ауданы Сауытбек ауылындағы 150 және Бәйдібек ауылындағы 150 орындық мектептердің де қиын түйіні шешіледі деп күтілуде. Апатты жағдайдағы қалған 21 мектептің мәселесі 2015-2020 жылдары кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Білім мекемелерін күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу мәселесі де басты назарда. Бұл мақсатқа ағымдағы жылы 4 миллиард 453 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде: 42 білім нысанын (23 мектеп, 13 балабақша, 2 колледж, 1 мектептен тыс мекемесі, 1 жазғы сауықтыру лагері, 1 мектеп-интернаты және 1 балалар үйі) күрделі жөндеуге 3 миллиард 236 миллион теңге бөлінді.
Ал 273 білім нысанының (193 мектеп, 52 балабақша, 28 басқа білім мекемелері) ағымдағы жөндеу жұмыстарына 1 миллиард 217 миллион теңге қарастырылды.
Алмақтың да салмағы бар. Өткен оқу жылында облыста білім сапасын арттыру мақсатында 2012-2013 оқу жылына арналған мектеп бітірушілердің ҰБТ-ге дайындығы мен оқыту сапасының деңгейін арттыру бойынша қадамдық іс-қимыл жоспары әзірленіп, бірқатар жұмыстар жүргізілді. Тестілеуге қатысқандардың 81,2 пайызы қазақ тілінде, 18,8 пайызы орыс тілінде білімін сынап, облыс бойынша ҰБТ-дегі орташа балл 75,02-ні құрады. Ол өткен жылмен салыстырғанда 3,69 пайызға жоғары болды.100-ден астам балл жинаған бітірушілер үлесі өткен жылғы 10,3 пайыздан 14,4 пайызға жетіп, 4,1 пайызға өсті. Ең жоғары 120-124 балды 37 бітіруші алды. Оның ішінде 124 балды 3 бітіруші иеленді.
«Алтын белгіге» ұсынылған 297 үміткердің 124-і өз білімдерін дәлелдеді. Бұл республика бойынша Алматы, Астана қалалары мен Батыс Қазақстан облысынан кейін 4-ші орын болды. Үздік аттестатқа ұсынылған 166 үміткердің 29-ы өз білімдерін дәлелдеді. Ең төмен нәтиже көрсеткен мектептер саны 122-ден 114-ке азайды. Сөйтіп, облыс көрсеткіші республика көлемінде 8-ші орынға көтерілді.
Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВА,
Жамбыл облыстық білім басқармасының бастығы
Тараз.