Аймақтар • 23 Шілде, 2020

Жеті айда жол жүру тәртібі 21 мың рет бұзылған

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мотоциклшілер тарапынан болатын бұзушылықтарды анықтау бойынша шұғыл жасалатын түнгі рейдтерді жалғастыруда, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Жеті айда жол жүру тәртібі 21 мың рет бұзылған

Сақшылар көлікті заңсыз қайта жабдықтауды, маневр жасау ережелері мен тыныштықты бұзуды ғана емес, жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті бақылауға алды.

Бұған қызылжарлықтар мен жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарынан мотоциклшілердің шуына қатысты полицияға түсірген шағымдары еді. Сондықтан патрульдік полицейлер мотоқұмарларға байланысты рейдтерді күшейтті. Тек шілде айының басынан қалалық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін – 23, оның ішінде кешкі және түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін 7 жүргізушіні жауапкершілікке тартты. "Бүгінгі таңда Жамбыл көшесінде түнгі сағат 22.00-ден таңғы 7-ге дейін жүруге тыйым салатын 22 жол белгісі орнатылды. Әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен шағымдар қаралып, патрульдік полиция Петропавл қаласында және Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылы маңында рейдтік шараларды күшейтті. Анықталатын бұзушылықтардың басым бөлігі – жүргізуші куәліктерінің болмауы мен техникалық байқаудан өтпеген көлікті басқару", - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Григорий Тыш.

Облыс орталығында бір кәсіби мотоклуб пен бір мото қауымдастық тіркелген. Тәртіп сақшылары мотосүйер қауымның өкілдерімен үнемі кездесулер өткізіп тұрады. Тыныштықты бұзатындар – негізінен клубқа мүше емес жас мотоциклшілер екен. Қоғамның дәл осы санаты полиция рейдтері барысында ерекше бақылауға алынбақ.

Жалпы, алғанда жыл басынан бері облыс жолдарында 80 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Олардың салдарынан 12 адам көз жұмып, 108-і жарақат алған. Жол жүрісі қағидаларының түрлі сипаттағы 20 895 бұзушылығы анықталған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы