«SMEDA» қоғамдық қоры ұйымдастырған журналистерге арналған баспасөз мәслихатында «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауы бойынша бастамашыл топтар мен ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың институттық және кәсіби тұрғыда дамуына, тұрғындардың аймақтағы әлеуметтік-маңызды мәселелерге қатысты шешім қабылдау үдерісіне қатысуын арттыруға бағытталған «Ақтөбе облысының коммерциялық емес ұйымдарының әлеуетін арттыру» жобасын жүзеге асыру басталғаны айтылды.
«SMEDA» қоғамдық қоры ұйымдастырған журналистерге арналған баспасөз мәслихатында «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауы бойынша бастамашыл топтар мен ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың институттық және кәсіби тұрғыда дамуына, тұрғындардың аймақтағы әлеуметтік-маңызды мәселелерге қатысты шешім қабылдау үдерісіне қатысуын арттыруға бағытталған «Ақтөбе облысының коммерциялық емес ұйымдарының әлеуетін арттыру» жобасын жүзеге асыру басталғаны айтылды. Жоба жетекшісі Светлана Сидорова осы бағытта әлеуметтік зерттеулер, сауалнамалар, сұхбаттар жүргізілгенін, Хромтау, Алға және Мәртөк аудандарында фокус-топтармен кездесулер ұйымдастырылғанын, сауалнамаға қатысқан аудандық үкіметтік емес ұйым белсенділерінің тек 13 пайызы ғана әлеуметтік-маңызды жобаларды жүзеге асыруға бағытталған конкурстарға қатысқанын тілге тиек ете келіп, үкіметтік емес ұйымдар үшін оқыту ұйымдастырудың аса қажеттігін, сонымен бірге, қоғамдық бірлестіктерді құру мен дамыту жөніндегі әдістемелік әдебиеттерді таратуға қатысты мәселелер бар екендігін атап өтті. Коммерциялық емес сектор өкілдерінің көпшілігі гранттық тапсырыстар дайындауды білмейтінін, жобалау қызметін басқару тәжірибесі жеткіліксіздігін де жасырмады. Алдағы уақытта облыстың аудандарындағы бастамашыл топтар мен ҮЕҰ өкілдеріне арналған қоғамдастықтың қажеттіліктерін бағалау, жобалар мен оның менеджментін дайындау, атқарушы билік органдары және серіктестермен бірге жұмыс жасау дағдыларын үйрету бойынша тренингтер өткізу көзделуде. Ашық конкурс нәтижесі бойынша жергілікті қоғамдастық мәселелерін шешуге бағытталған бес жобаға қолдау көрсетілетін болды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.