
Көктем келе белі бүгіліп жерден несібесін теретін диқан қауымының биыл еңбегі адалынан ақталды. Ел егемендігін алғалы бері Сыр өңірінде мұндай көлемде астық жиналып көрмепті. Қызылордалық диқандар биыл әр гектардан 48,8 центнерден астық жинап, қазына қамбасының бір бүйірін толтырып тастады. Солайша, қамбаға 365 мың тонна астық құйылды.
Көктем келе белі бүгіліп жерден несібесін теретін диқан қауымының биыл еңбегі адалынан ақталды. Ел егемендігін алғалы бері Сыр өңірінде мұндай көлемде астық жиналып көрмепті. Қызылордалық диқандар биыл әр гектардан 48,8 центнерден астық жинап, қазына қамбасының бір бүйірін толтырып тастады. Солайша, қамбаға 365 мың тонна астық құйылды.

Күріш өсіру – машақаты көп жұмыс. Ала жаздай аптап ыстықтың астында егістің басында жүрудің өзі бітпейтін бейнеттің бір көрінісі. Маусым бойына судың астында жатын дақыл да осы күріш. Оған су жеткізудің өзі талай шаруаның шашына ақ түсірді. Әсіресі, көктем-жаз мезгілінде дарияның басында отырған жұрт суды буып тастап, қажетті көлемді ала алмай, еккен егіннің қарға, сауысқан мен торғайдың тамағына айналу қаупі де болады. Жерге тастаған дәнің бітік шығып, мұртын бұзбай жинап алғанға дейінгі аралықта талай тер төгіледі. Біраз бел бүгіледі. Аяқ зыр жүгіреді. Жүйкеге ши жүреді.
Ал биылғы табыстың кілті неде? Айтайық. Ең бірінші – Көксарай су реттегішінің атқарған рөлі орасан зор. Өйткені, Көксарай арқылы егістікке қажетті су жиналып, оны шаруалар дер кезінде алып отырды. Күріштің суға тікелей тәуелді екенін ескерсек, онда су реттегішінің пайдасы өзінен-өзі белгілі болады. Екіншіден, мемлекет шаруаларды ерекше қамқорлығына алып отыр. Оны биыл берілген субсидия көлемінен-ақ байқаймыз. Осы жылы күрішке төленетін субсидия нормасы 25,0 мың теңгеге көтерілді. Бұдан басқа күріш өндірісінде пайдаланылатын минералдық тыңайтқыш, гербицидтер, су жеткізіп беру қызметіне төлейтін Үкімет бекіткен субсидиялар бар. Осылардың бәрін қосқанда әр гектарға орташа есеппен 42,7 мың теңге субсидия төленеді екен. Ал 1 гектар күріш өндірісіне кететін орташа шығын 166,7 мың теңге көлемінде. Сонда кеткен шығынның төрттен бір бөлігін мемлекет субсидиялап отыр. Былай айтқанда, әр өндірілген килограмм күріштің өзіндік құнын 11,5 теңгеге (25,5%) мемлекет төмендетіп отыр деген сөз. Үшіншіден, облыстық әкімдік те шаруалардың барлық жағдайын жасауда. Ол үшін арнайы күріш кластерін дамытатын консорциум құрылды. «Жалағаш» элеваторын жеке қолдан мемлекеттің иелігіне алып, күрішшілер үшін оңтайлы жағдай жасап жатыр.
Тағы бір айта кететін жайт бар. Қызылорда облысындағы шаруашылықтың басым бөлігі ұсақ ұжымдардан құрылған. Ал көктем мен күзде шаруаларда басы артық ақшаның болмайтыны баршаға аян. Осындай жағдайда көктен түскендей болып инвесторлар келеді. Қаржысын құяды. Сөйтеді де, енді егілетін, өнімі әлі берілмеген күрішті сатып алады. Инвестор ақшасын салып отырғасын, оның бағасын да өзі қояды. Осындай себеп-салдардан кейін күзде күріштің өзіндік құны төмендейді де кетеді. Бұрындары кейбір инвесторлар күріштің әр килосын 25-27 теңгеден бағалаған кездер де болған. Бұл ретте облыс басшысы Қырымбек Көшербаев инвесторларға нақты талап қойды. Алдағы уақытта күрішке инвестиция салатын адамдар оның өзіндік құнын 40 теңгеден кем бағаламауы керек. Осылайша, инвесторлардың ыңғайына қарай жасалған келісімшарттардың басына су құйылды. Енді шаруалардың құқығы толықтай сақталып, зейнетінің бейнетін көретін жағдайға жетті.
Аймақта күріш өндірісімен айналысатын үлкен шаруашылықтың бірі «Мағжан және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Биыл аталған серіктестік 4826 гектар алқапқа дән септі. Егін тәуір шықты. Өнімділігі де жаман емес. Шаруашылық әр гектарынан 65 центнерден өнім жинады.
– Күріштің жақсы өнім беруі үшін ең алдымен тұқым дұрыс болуы керек. Көптеген шаруашылықтар мұрты сынған, қабығы аршылған, құрт жеген тұқымды себетіні жасырын емес. Мұндай тұқымнан жөні түзу өнімнің алынбасы белгілі. Оның сыртында тұқымдық күрішті өңдейтін құрал-жабдықтың бәрі дерлік Кеңестің көзін көрген, әбден ескірген заттар. Болмаса, арзан бағаға сатып алынған сапасы аса мықты деуге келмейтін жабдықтар. Ал ол күрішті күрмектен толық айырмайды. Біз осы жайттардың барлығын ескере отырып Нағи Ілиясов ауылынан тұқым өңдейтін зауыт салдық. Арнайы Германиядан әкелінген «Petkus GmbH» компаниясының қондырғысы барлық заманауи талаптарға сай келеді. Ол таза, сапалы өнім беретін тұқымды бір бөлек шығарады. Ал өнім бермейтін, бірақ пайдалануға болатын күріштерді бөлектеп тастайды. Тағы бір жағынан күрмектерді аршып алады. Тазаланған әрбір тұқымдық күріштің килосында ары кеткенде бес-ақ күрмек болады екен. Ескі зауытта тазаланатын күріште 20-30 күрмекке дейін жететін. Зауыт сағатына 5 тонна тұқымдық күрішті өңдей алады. Күніне 100 тонна тұқымды ентікпей дайындайды. Сонда бұл облысқа қажетті күріштің жартысын дайындап беруге жарайды деген сөз, – дейді шаруашылық басшысы Дархан Ералиев.
Сонымен, тәуелсіздік жылдарындағы ең алғашқы рекордтық өнім жиналды. Алдағы уақытта шаруалар жеткен биігінен бір пәске де төмендемесін деп тілейік. Өйткені, олардың еңбегі – халықтың азығы.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.