"Ақ халатты абзал жандар ауырмасын!" - Бұл "Jas Otan" Жастар қанаты Батыс Қазақстан облысы филиалы мүшелерінің бастамасымен қолға алынған акциясы.
Акцияның негізгі мақсаты – Covid-19 дертіне шалдыққан науқастармен тікелей қарым-қатынас жасап, өз денсаулығын қатерге тігіп жүрген дәрігерлер қауымына күн сайын қымыз бен саумал жеткізіп, олардың иммунитеттерін көтеру, осылайша бүгінгі күннің батырларына қолдау көрсету.
Аталған акцияға "Nur Otan" партиясы Батыс Қазақстан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев қолдау көрсетіп, жергілікті "Жайлау" шаруа қожалығымен келіссөз жасап берді. Сөйтіп, бір ай бойы Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына, облыстық және қалалық көпбейінді ауруханаларға саумал мен қымыз жеткізу басталды. Кейін бұл бастамаға Батыс Қазақстан облысының барлық аудандары, тіпті көршілес Ақтөбе мен Маңғыстау облыстары да қосылды. Осылайша жасотандық еріктілер күн сайын қауіпті індетпен күресіп жатқан ақ желеңді абзал жандарға бойға күш-қуат берер ұлттық сусынды тегін жеткізіп беріп отыр. Ауыл кәсіпкерлері қымызға қоса марқа мен қой етін де ұсынуда.
"Бүгінге дейін облыс бойынша арнаулы стационарда қызмет ететін медицина қызметкерлеріне 500 литр қымыз, 500 келідей ет таратылды. Шынын айтайық, дәрігерлер өте риза, осы қайырымдылық шараларына атсалысқан барша жерлестеріне алғыс айтуда. Олар әсіресе осынау қиын-қыстау уақытта халықтың қолдау көрсеткеніне, елдің ақжүрек ниетіне ерекше разы", - дейді "Jas Otan" Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалының консультанты Ерлік Шамғали.
Жаман індет қана емес, жақсылық та жұғысты келеді екен. Күн өткен сайын коронавирусқа қарсы патриоттық акциялардың бағыты көбейіп келеді. Жасотандықтар қымыз, саумал үлестірумен шектелмей, 21 шілде күні жедел жардем қызметкерлеріне ыстық тамақ таратты. Ерліктің айтуынша, дәрігерлер ғана емес, ауруханада ем алып жатқан науқастарға да "денсаулық пакетін" үлестіру жоспарда бар екен.
Партия белсенділері демеушілік етіп отырған бұл акция тамыздың 10-ына дейін жалғаспақ.
Батыс Қазақстан